11 Наурыз, 2016

Жазылбек ата өмірі: Белгілі, беймәлім беттер

2407 рет
көрсетілді
29 мин
оқу үшін
ПрилЖаз ата! Жазекең! Жазылбек Қуанышбаев! Осы бір есімді ауызға алғанда ырыс-байлықты тасқындатушы, барша шопандардың ұстазы болған, мал өсірудің шебері, қарапайым еңбек адамы, қазақтың қасиетті қара шалы, данагөй ақсақалы көз алдымызға келеді. «Мал өсірсең, қой өсір, табысы оның көл-көсір», дегенді қазақ халқы тектен текке айтпаған ғой. Шынында да еті бал, сүті шипа, жүні алтын қой өсірудің арқасында Жаз ата абырой биігіне көтеріліп, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атанды. Осындай атақ алуына байланысты көзі тірісінде КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Бірлік селосында Жазатаның бюсті биік тұғырға орнатылды. Жақсымызды қадір тұтып, ел үшін еткен еңбегін үлгі еткеннен ұтылған жеріміз жоқ. Қазіргі ұрпақ үшін Жазыл­бек Қуанышбаев әлі де жұмбақ жан. Өйткені өзінің еңбегімен шопан кәсібінің абыройы мен даңқын асырып, мал шаруашылығы тарихында өшпес із қалдырған баба туралы айтатын дүние көп. Осы мақсатпен Жазекеңнің 120 жылдығы қарсаңында Мойынқұм ауданына арнайы іссапармен шығып, алғашқы бас тіреген жеріміз шопаната атындағы мұражай үйі болды. Ауылдың қақ ортасында орналасқан бұл мәдени орынға Жазатаның келіні, егіздің сы­ңары Тойшыбай ағамыздың жары Ләйла Қожагелдиева басшылық етіп отыр. 2. Оқимын деген баланың бетін қақпаған – Бұл музей 1973 жылдан бері халық­қа қызмет етіп келеді, – дейді бізбен әңгі­месінде Ләйла. – 1986 жылдан бас­тап атамның атымен, яғни Жазылбек Қуа­ныш­баев есімімен аталды. 2010 жылдан бері осында директор болып жұмыс істеймін. Музей 5 бөлімнен тұрады. 6325 жәдігер жинақталған. Оның ішінде атам өз өмірінде тұтынған заттарының саны 90-нан асады. 8 адам жұмыс істейміз. Биыл Жазылбек Қуанышбаевтың 120 жылдық мерейтойы қарсаңында шопа­н атаның еңбегін, өмір жолын түсін­діріп, кейінгі ұрпаққа үлгі ету мақса­тында көрмелер, ашық сабақтар ұйым­дастыруды жоспарлап отырмыз. Мойын­құм аудандық әкімдігі де мерей­тойға арналған іс-шараларға көмек­тесуге уәде берді. Бұрын жыл сайын Шопан ата атындағы қазақша күрес­тен рес­публикалық турнир өтетін. Жасыра­тыны жоқ, соңғы жылдары демеуші болмағандықтан тоқтап қалды. Негізі аудандық спорт бөлімінің жоспарына енген, бірақ соңғы жылдары бірде ұйымдастырушы, бірде демеуші жоқ деп өтпей қалып жүр. Әрине, атақты шопан туралы, ол кісінің еңбегі, жетістігі, кісілік қасиеті, жеке өмірі өте көп жазылды. Ата өз кіндігінен бала көрмей, жетпіс жасқа келгенде бәйбішесінен рұқсат сұрап, екінші мәрте үйленіп, егіз бала дүниеге келгені, олардың есімдерін Қойшыбай мен Тойшыбай деп қойғаны туралы жағдайға қалың оқырман жақсы қанық деп ойлаймын. Бұл қуанышты күн – 1967 жылдың 27 наурызы болатын. Бірінші болып дүние есігін ашқан Қойшыбайды анасы Әлімхан ана бәйбіше Жайшыбаланың бауырына салған. «Мына бала сіздің балаңыз болсын», деп оң қолымен ұсынғанда Жайшыбала апамыз егіліп жылап жіберген көрінеді. Содан кейін Қойшыбай өз анасының сүтін де ембеген, сол күйі үлкен апаның қолында өседі. Дүниеге әкелген анасын ешқашан шешем деп айтқан емес. Көзі көргендер егіздердің дүниеге келу арасы үш сағат деп айтады. Той­шыбайды кіші апамыз Әлімхан бағып, сол кісінің тәрбиесінде болған. Атамыз жайлауға шықса да, ауылға келсе де екі үй болып отырған екен. 80-ші жылдары Үкімет атамыздың еңбегін ескеріп, аудан орталығынан үлкен үй салып береді. Сол үйде тұрған екі апаның ауызбірлігі, татулығы ерекше еді. Құдды бір апалы-сіңлілер сияқты сыйласып, шүйіркелесіп, өте жақсы араласты. Тіпті, бір-бірінсіз ас ішпейтін. Егер біреуі бір жаққа кетсе, екіншісі: «Сол келсін, күте тұрайық, сосын шай ішерміз», деп алаңдап отыратын. Келін болып үлкен апаммен 10 жыл, кіші апаммен 21 жыл бірге тұрдым. Екі кісінің татулығы бүкіл өміріме үлгі болды. Келіндерін айналып-толғанып, шаң жуытпай отырушы еді. Әсіресе, сәбилі болып үйге келгенімде екі апамыз да құрақ ұшып, өте жақсы күтім жасады. Ал мына жайтты есіме алған сайын күліп аламын... Екі апамыз бір ша­ңы­рақта тату-тәтті тұрғанымен, бер­тінге дейін балаларға келгенде бөлектеніп шыға келетін. Екі ұл 8-сыныпта оқып жүргенде күрес секциясына қатысқан екен. Бір күні үйге мектептен біреу телефон шалып: «Қайсысы екенін білмеймін, бірақ балаңыздың біреуі «аяғым» деп жылап жатыр, бақайы шығып кеткен сияқты... Ата естісе бәрімізді құртатын болды-ау...» деп тұтқаны қоя салыпты. Телефонды кіші апам көтерген ғой. Шынында егіз ұл бір-бірінен айнымайды. Мұны естіген кіші апамыз мектепке жетіп барыпты. Сөйтсе, аяғы мертіккен үлкен апамыздың баласы Қойшыбай екен. Бала шыңғырып кілемнің үстінде жылап жатса керек. Мұны көрген апамыз: «Ойбүй, менің емес, ана кісінің баласы екен ғой», деп тайып тұрыпты. Үйге кеп үлкен апаға «Менің балам ба десем, сіздің балаңыз екен ғой. Барыңыз, балаңыз жылап жатыр», депті жарықтық. Екі апаның осындай қызықтары туралы әңгіме көп... Үлкен апамыз Жайшыбала 2000 жылы, кіші апамыз Әлімхан 2011 жылы қайтыс болды. – Әрине, Жаз атаның отбасы туралы, кейінгі ұрпағы туралы біраз жазылды. Әйтсе де соның ішінде Қойшы­бай мен Тойшыбайдың үйлен­гендерін әркім әртүрлі айтады... – Атамыз көпті көрген көнекөз, ескі­лікті, қазақтың салт-дәстүріне қанып өскен адам болған ғой. Қойшыбай мен Тойшыбай 7-сыныпта оқып жүргенде Шу ауданының орталығы Төле би ауы­лында тұратын, үлкен апаның нағашы­лары болып келетін бір үйдің егіз қыз­дарына жеті бие беріп, құда түсіп қойған екен. Ол қыздар да бұлармен жас­ты болған. «10-сыныпты бітіріп, егіздерді үй­лендіріп, төртеуін бірге оқуға жібе­реміз», деп армандапты атамыз. Бірақ, өмір ғой... Адам өз тағдырынан алшақтап қайда кетсін?!. Мектеп бітірген екі бала да «әзір үйленбейміз» деп оқуға түсіп кетеді. Кейіннен Тойшыбай әскерге кеткен. Негізі Қойшыбай ҚазПИ-дің тарих факультетін, менің жолдасым заң факультетін тәмамдаған. Жолдасым айтады: «1986 жылы әскерде жүрген маған: «Әкеңнің 90 жылдығы болады», деген жеделхат келді. Бұл кезде Саратов қаласында болатынмын. Әскери бөлім он күнге демалыс берді. Оның алты күні ары-бері жолға кетті. 1986 жылы тамыздың 29-ында әкемнің 90 жылдығы өтті. Қыркүйектің 1-і күні кешкі авто­бус­­пен жолға шығамын деп отырғанмын. Сол күні кешкі бес жарымда әкем қайтыс болды. Аудандық әскери комиссариат менің демалысымды тағы он күнге созып берді», деп. Сонымен, ата 1986 жылы қайтыс бо­лып, екі жылдан кейін Қойшыбай баяғы егіздің сыңарын алды. Ата-анасы егіз қыздардың есімдерін Жарқынай, Алты­най деп қойған екен. Жарқынайды қара шаңыраққа келін етіп түсірген күні бүкіл ағайындар жиналып, Тойшыбайды да үгіттейді. «Екеулеріңнің тойларыңды бірге істейік, сен де үйлен, егіздің сыңары Алтынайды ал», деп. Тіпті, бұл іске үлкен қызметтегі кісілердің өздері де араласады. Бірақ, Тойшыбай көнбей қойыпты. Арада бір ай өткен соң Қойшыбайдың үйлену тойы болады. Ауылдың тойы кеш­кі тоғыздарда басталады емес пе? Үлкен­дер Тойшыбайды шақырып: «Әлі де үлгересің, екінші қызды барып алып кел», деп оны ортаға алыпты. Бірақ бұл алған бетінен қайтпаған. – Иә, Тойшыбайдың тағдыр жолы өзіңізбен тоғысты. Әйтсе де екеулеріңіз қалай қалай таныстыңыздар? Сіз бұл отбасыны бұрыннан білетін бе едіңіз? – Менің де туған жерім – Мойынқұм ауданы, Бірлік ауылы. Мектептен кейін екі жылдық училищені бітіріп, аудандық білім бөлімінде жұмыс істеп жүрген кезім болатын. Бірде қасымдағы құрбым: «Кешке киноға барайықшы» деген өтініш айтты. Жұма күні ауылға қайтып, жексенбі күні кешке орталыққа оралып жүрген мен басында киноға баруға қиналған сияқты едім. Бірақ, тағдырдың жазуы ғой, Тойшыбаймен танысуыма сол қыз бен кино себепкер болды. Бұл Жазылбек атаның қайтыс болған, Тойшыбай қолдағы малды бағамын, қара шаңыраққа ие боламын деп оқуынан академиялық демалыс алып келген кезі екен. Әйтсе де атаның есімі ел ішінде дүрілдеп тұрған шағы ғой. «Егіз ұлына егіз қызды айттырып қойыпты», деген әңгімені де естігенмін. Содан Тойшыбай қыр соңыма түсті. Жұмысыма түсте де келеді, кешке де келеді. Бір жағы ұяласың. Кабинетке кеп отырып алатын. Осылайша бір жыл өтті. Ақыры 1990 жылы шаңырақ құрдық. – Бүгінде Қойшыбай да, Тойшыбай да ердің жасы елуге жақындап қа­лып­ты. Қазіргі тіршіліктеріңіз қалай? – Қойшыбайдың да, Тойшыбайдың да екі ұлы бар. Атамның 100 жылдық мерейтойында сол кездегі облыс әкімі Тараздан 4 бөлмелі пәтер сыйлаған бо­латын. Содан кейін Қойшыбай енші­сін алып, облыс орталығына көшіп кетті. Атамыз армандап кеткендіктен олар үлкен баласының есімін Арман деп қой­ған. Кейінгі ұлда­рының есімі – Абзал, жұмыс істейді. Біздің үлке­німіз Еркебұлан Алматыдағы Д.Қонаев атын­дағы университеттің заң факультетінің магистратурасын бітіріп, қазір тестке дайындалуда. Кіші ұлымыз Нұрлан ТарМУ-ді информатика мамандығы бойынша бітіріп жатыр. 2015 жылы Еркебұлан шаңырақ көтерді. Қаратау қаласынан Бекзада есімді келін түсірдік. Ол да жоғары білімді заңгер. Осы келін босағамызды оң аяғымен аттағанда атам есіме түсті. Ол кісі қызын емес, алдымен құдасын таңдап, жақсы отбасының қыздары да тәрбиелі, иманжүзді, ибалы болатынына бек сенімді болған шығар. Бірақ қазіргі жастардың дәстүрі бөлек. «Қандай үйдің қызын аламыз, қандай адамдармен құда боламыз», деген уайым болып, кезінде атамның да осындай ой кешкеніне кү­мәнім қалмады. Аллаға шүкіршілік, бәрі сәті­мен жүзеге асты. Қойшыбай үл­кен апа­ның баласы болғандықтан келін түсірерде арнайы барып, рұқсат сұра­дық. Рұқ­саттарын беріп, баламыз үйленді. Мамандығы заңгер Тойшыбай аудан­дық ішкі істер бөлімінде кезекші боп жұмыс істеп, 45 жасқа толғанда құрметті демалысқа шықты. Қазір Хантаудағы цемент зауытының қоймасында еңбек етеді. Қойшыбай Алматы қаласында тұ­ра­ды. Өзінің отбасылық бизнесі бар. Әйелі екеуі сонымен айналысады. Айт­пақшы абысынымның сыңары ­Алты­н­ай біз үйленгеннен кейін көп ұзамай Шу ауда­нындағы Белбасар ауылының бір жі­гітіне тұрмысқа шықты. Өте жақ­сы ара­ласып тұрамыз. Өткенде келін түсіріп, той жасағанда күйеуі екеуі келіп, көмектесіп, шапқылап жүрді. – Қартайғанда көрген егіз ұл әкесі сияқты малсақ, шаруақор ма? Жалпы атакәсіпті жалғастыруға құлықтары болды ма? – Атамыз өте сабырлы, тұйық, бір-ақ кесіп айтатын, көп сөйлемейтін кісі болған екен. Бұл жағынан келгенде екі ұл да әкелеріне тартқан. Негізі атамыз балаларын қатал ұстапты. Жолдасымның айтуына қарағанда: «70 жасымда көрген балаларым еді», деп еркелетпеген. Кейде көңіл-күйі жақсы кезде, дастарқан басында отырғанда екі баланың басынан сипап қана қояды екен. Бар еркелеткені сол. Ал апаларымыз бертінге дейін жаңа туған бала құсатып екеуін өбектеп отырушы еді. Шынын айту керек, екі ұлдың да мал бағуға, атакәсіпті жалғас­тыруға икемдері болмады. Қайбір жылы малдың бәрін сатып, қалаға көшеміз деп, қайтадан басын құрастыра алмай, қиналған кездеріміз де болды. Қазақта: «Әкенің малы балаға мал болмайды», деген сөз тегін айтылмаған екен. Қойшыбай да, Тойшыбай да өте адал, өте момын жандар. Өмірі кісі алдына шаруа айтып барған емес. Ұялады, намыстанады. «Атақты адамның баласымыз», деп кеуде ұрмайды. Өздерінің адал еңбектерімен, өздерінің бейнеттерімен қарапайым ғана тұрмыс кешіп келеді. – Екі ене, екі келін бір шаңырақта тату-тәтті тұрдыңыздар. Әйел адам­ның әңгімесі бітпейді деген бар, ене­леріңіз өткен күндерден қандай естелік­тер айтушы еді? – Әрине, атамыздың көзі тірісінде қонақжай шаңырағына небір ақын-жазушылар, әртістер, атақты адамдар көп келген ғой. Нұрғиса Тілендиев: «Бір пер­­зентке зар болып жүрмін», деп ата­ның батасын алып кеткен екен. Екі апа­­ның айтуына қарағанда, ата­ның қам­қорлығын көргендер өте көп бол­ған. Жетім-жесірге көп көмектескен. Оқи­мын деген баланың бетін қақпаған ғой. IMG_45662. Жазылбек атаның тағы  бір ұлы болған ба? Осы Мойынқұм сапары кезінде қо­лы­мызға бір мақала түсіп, онда жазыл­ған дүниелерге аң-таң қалдық. Бір жағы солардың сырын, құпиясын білуге құмартып, мақала авторымен жолығуға асықтық. Ол 2011 жылдың 29 наурызында аудандық «Мойынқұм таңы» газетінде жарияланыпты. «Әкем жайлы айтсам» деп аталатын шағын мақаланың авторы Бейбіт Қуанышбаев деген азамат екен. Онда автор өзінің Жазылбек Қуанышбаевтың үлкен баласы екенін тайға таңба басқандай етіп айқын жазады. Апыр-ау, біз білетін Жазекеңнің екі-ақ баласы бар емес пе? Қойшыбай мен Тойшыбай. Бұған дейін баспасөз бет­терінде Жазекең туралы қаншама дү­ние­лер жазылды. Неге біреуінде Бейбіт Қуа­нышбаевтың есімі аталмайды? Мойынқұм ауданының Жамбыл ауылында тұратын Бейбіт Қуанышбаевтың үйінің табалдырығын осындай дүдәмал оймен әрі-сәрі боп аттағанымыз рас. Үй­дегілер өте жылы қарсы алды. Бей­біт ағамыз да, Пернекүл жеңгеміз де қо­нақ­шыл жандар екен. Әңгіме бірден қыза жөнелді. Әрине, «Жазылбектің туған баласымын» деп айта салу оңай. Оны барлық жағынан дәлелдеу қажет емес пе? Сондықтан, ұят та болса аға­ның құ­жаттарын сұрадық. Көрсетті. Иә, шы­нында да жеке куәлікте де, туу тура­лы куәлік, яғни «метіркеде» де «Бей­біт Жазылбекович Қуанышбаев» деп анық жазылыпты. Енді бұл кісінің Жаз атаның баласы екеніне күмәніміз қалмады. – Мен 1951 жылы қазіргі Мойынқұм ауданы, Кеңес ауылында дүниеге келдім, – дейді Бейбіт Жазылбекұлы. – Әкем – Жазылбек, анам – Жайшыбала. Айдарлы ауылындағы Жиделі көшесінде тұрдық. 1966 жылы атамыз зейнеткерлікке шы­ғып, таяғын М.Бидасбаев деген жас шо­панға тапсырды. Ол кісінің көзі тірі, қазір сол Айдарлыда тұрады. Жазекеңнің зейнетке шығып, жас шопандарға ақ жол тілегенін кезінде телевидение де түсірген. Сол жылы Бірлік ауылына көшіп келдік. Мойынқұм ауданын 25 жыл басқарған бірінші хатшы Айтбай Назарбеков әкемнің ұзақ жылғы жемісті еңбегін құрметтеп, арнайы үй салдырып берді. Одан 1970 жылы Жазекең атақонысымыз, жұртымыз, ата-бабамыздың тұрған жері, ағайын-туыстың ортасына барамын деп Жамбыл ауылына қоныс аударды. Бұл үйде 1979 жылға дейін тұрды. Кейіннен аудан орталығына көшті. Кетерінде: «Қарашаңырақ осы. Осыған сен ие бол, балам», деп мені мына үйге қалдырып, батасын берді. Ол кезде мен үйленіп, келіншегім үлкен ұлыма босанған еді. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де әкем қол қусырып отырмады. Жазыл­бекшілер мектебімен айналысып әрі Қазақ ССР Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігінің қой шаруашылығы жөніндегі инспекторлығы қызметін қоғамдық не­гізде атқарды. Айтпақшы еліміздің энциклопедиясында: «Мойынқұмда Ж.Қуанышбаев атын­дағы мектеп бар», деген жолдар бар. Бірақ ауданда ол кісінің атында еш­қан­дай мектеп жоқ. Бұл бір кездері құрыл­ған «Жазылбек мектебі» ұйымын жоғарыдағылар кәдімгі орта мектеп деп түсініп, солай деп жазып жіберсе керек. Жазылбек әкем анамыз Жайшы­ба­ланы 1945 жылы құда түсіп алған екен. Анам Шу ауданы, қазіргі Төле би ауылының қызы болатын. Ол кісі 1948 жылы алғаш­қы Социалистік Еңбек Ері атағын алғанда Айдарлы ауылында үлкен той болыпты. Сол кездері Мойынқұм Көктерек ауданы деп аталған екен. Орталығы – Бірлік ауылы, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Шорабеков деген кісі болыпты. Кеңес колхозының төрағасы – Әшім Тоқсейітов. Бүкіл өмірін ұстаздыққа арнаған Ізтілеу Орынбасаров деген ағамыз сол күндерді еске алып, маған талай рет әңгіме қып айтқан еді. «Менің ол кезде жасым 18-де болатын. Мектепке жаңадан мұғалім болып кірген кезім. Тойға делегаттардың бәрі атпен келді. Автомашина деген атымен жоқ кез. Олардың аттарын байлап, өздерін киіз үйлерге кіргізіп, күтіп, қызмет жасадым. Жеңіл автомашина тек аудан басшысы Шорабековте ғана болды», деуші еді Ізтілеу ағамыз өткен күндерді еске алып. Аудан басшысы атамыздың астына ақбоз ат мінгізіп, үлкен сый-құрмет жасайды. Осы үлкен оқиғадан кейін 10 жыл өткенде, яғни, 1958 жылы әке­міз Жазылбек Қуанышбаев рес­публика тарихында тұңғыш рет екінші мәрте Социалистік Еңбек Ері атағын алды. Менің жасым сол кезде жетіде болатын. Бала болсам да кейбір жайттар есімде қалыпты. Ол жылдары Көктерек ауданын Қайназаров деген кісі басқаратын еді. Кеңес ауылының Шу өзені жағасында той өтті. Орасан еңбегі үшін облыстың сол кездегі басшысы Асанбай Асқаров «Газ-69» көлігін сыйға тартты. Бұл Мойынқұмдағы алғашқы жекеге берілген машина болатын. Одан кейін Шу өзенінің жағасында үлкен ат бәйге болғаны есімде қалды. Оған Көктерек және Шу ауданының сәйгүліктері қатысты. Бізге жақын ағайын, ағамыз боп келетін Бақдәулет Төлебеков өзінің қаракер атымен бірінші келіп, бас жүлдені жеңіп алды. Тағы бір есімде қалғаны... 8 жастамын, бірінші сыныпқа барған кезім. «Казахстанская правда» газетінен келген Ско­робогатов деген бір тілші, қасында тағы бір әйел бар, Жазекең екеумізді су­ретке түсірді. Әкем дастарқанның ше­тінде жастыққа жантайып жатыр, мен қа­ламмен қағаз бетін шимайлаудамын. Ол кезде суретке түсіру дегенді жақ­сы білмейміз. Ауылдағылардың бәрі қызық көріп, жиналып, екі тілші әкем екеуі­мізді киіндіріп, дайындап, бірнеше рет суретке түсіргені есімде қалыпты. Солар кейін «Самородок Коктерека» деген шағын кітапша шығарыпты. Қа­расам, ішінде баяғы әкем екеуміз түскен фото бар екен. Кейіннен үлкейтіп алдым. Кеңес Одағы кезіндегі заң бойынша еңбеккер екінші Алтын Жұлдызын алатын болса, оның туған жеріне ескерткіш орнатылады екен. Жазекеңе ескерткіш 1960 жылдың мамыр айында ашылды. Ол жылдары Жамбыл облысын Асанбай Асқаров басқарып тұрған болатын. Сол кісінің өзі жиынға арнайы келді. Жиналысты ашып, лентаны қиған Асанбай Асқаров Жайшыбала апамызға бұрылып: «Құрметті жеңгей, Жазекең қандай еңбек сіңірсе, сіз де сондай еңбек сіңірдіңіз. Тіпті, артық еңбек сіңірдіңіз», деп ризашылығын білдірді. Шынында, Жайшыбала анам әкеме лайықты жар, көмекші бола біл­ген адам. Өте қонақ­жай кісі еді. Қан­дай қонақ болса да ренжіп, қабақ шытпайтын. Қай уақытта болсын дас­­тарқаны кеңінен жайылып тұратын. Айтпақшы, оның алдында мү­­­­сін­шілер кеп Жазе­кеңнің мүсінін жасады. Бір ай біздің үйде жатып, алдымен балшық ар­қы­лы бейнеледі. Кәдімгі сары балшық­тан... Ол кезде киіз үйде тұрамыз, Жазе­кең­­ді күні бойы үстелге отырғызып қоя­тын. Бір жылы көктемгі каникулда ойнап жүріп, байқамай сіріңке шағып, төлдету қораларының өртеніп кетуіне себепкер болдым. Зәрем ұшып, алды-артыма қарамай қашып, шидің арасында тығылып отырғанда әкем өзі атқа мініп іздеп, тауып алды. Жалпы, Жазекең тұйық, алайда ашуы қатты кісі еді. Менің қатты қорыққанымды байқап: «Қорықпа, балам. Бейбітжан, келе ғой, атқа мін», деп алдына мінгізіп, үйге алып келді. Біздің қыстау Сұңқардың кіре берісінде орналасқан болатын. Сол кездегі атақты қойшылардың бірі, Ленин орденді Тыныштыбай Ахметжанов біздің көршіміз болды. Бір күні қыстауға жер-көкті гүріл­детіп тікұшақ келіп қонды. Ондай ғажапты сол кезде бірінші рет көруім. Кейіннен білдім, әкем партияның ХХІ съезіне делегат болып сайланған екен. Соған байланысты облыс басшысы тікұшақты арнайы жіберіпті. Әкеміздің көп адамдарға шарапаты тиді. Жағдайы жоқ, тұрмысы нашар жандарға көмектесті, талай баланы оқуға түсірді. Оқу бітіріп келген олардың жұмысқа орналасуына септігі тиді. Содан кейін өзінің шәкірттерін дайындау мәселесіне көп көңіл бөлді. Ең бірінші Ділдәш Итбасова деген апамызды үйретті. Кейін ол кісі де Еңбек Ері атағын алды. Сондай-ақ, «Көктөбе» сов­хозында Құдайберген Біртаев, Шоман Шәріпбаев деген шәкірттері Еңбек Ері атақтарын алды. Әкем мені де оқуға апарды. Мені ғана емес, сол жылы Мойынқұмнан үш баланы бірдей апарды. Ол кезде ҚазМУ-дің ректоры Жолдасбеков екен. Мені профессор Ермеков деген ағайға тапсырды. Емтихан кезінде менің Жазылбектің баласы екенімді мұғалімдердің бәрі біліп отырды. Содан оқуға түстім. Бірақ бір жылдай оқығаннан кейін ауырып қалдым. Одан кейін қайтып жалғастырмадым. Қара­пайым жұмыс істедім. 1976 жылы үйлендім. Келіншегім Пернекүл осы ауыл­дың қызы. Алланың берген үш ұлы бар. Үлкені – шахтер, ортаншысы Ақба­қайдағы әкімдікте маман, кіші балам – өнер жолында. Немерелер сүйіп отыр­мыз. Соңымнан ерген Қойшыбай, Той­шыбай бауырларым бар. Әкемнің көзіндей болған бұл қара шаңырақта қазақтың небір атпал азаматтары қонақ болды. Ғабит Мүсірепов пен Еркеғали Рахмадиевтің қонақ болғаны әлі күнге есімде. Аң аулауға шығып, Жазекең олармен бірге жүрді. Соңында аудан басшысы Ғабит Мүсіреповке ат мінгізіп, құрметтеп шығарып салды. Әкеміздің әкесі Қуанышбай Мойын­құмның төменгі жағында, Бетпақдалада дүниеге келген екен. Үлкендердің айтуы­­на қарағанда өнерге жақын, домбы­ра тар­тып, ән айтатын, ақын адам болыпты. Қуанышбай бабамыздың әйелі Айткүл Жетісу жақтың қызы болған. ... Міне, құрметті оқырман, біз Бейбіт Жазылбекұлының айтқан әңгімесін сол күйінде жариялап отырмыз. Бірақ біз қанша қазбалап сұрасақ та Бейбіт аға біздің: «Сіз неге осы уақытқа дейін көрінбедіңіз? Ел Жаз атаның баласы екеу-ақ, Қойшыбай мен Тойшыбай деп білді. Сіздің есіміңіз еш жерде аталмайды ғой...» деген сұрағымызға ашылып жауап бермеді. «Мен қарапайым адам болдым, қарапайым өмір сүрдім. Міне, Жазылбек әкемнің қарашаңырағында түтінін түтетіп отырмын. Құжаттарымда соның баласы екенім анық жазылған. Бұдан басқа қандай дәлел керек?» дегеннен арыға бармады. Көкейде күдік қалмас үшін Таразға келгеннен соң Мойынқұм ауданының біраз үлкендерімен, Қуанышбаевтар отбасымен жақсы араласып жүрген жандармен телефон арқылы сөйлестік. «Бейбіт – Жазылбектің ағасы Темірбектен тараған Иманқұлдың баласы. Иманқұлдың ұл-қыздары көп болған. Жазекең баласы болмағаннан кейін ырымдап асырап алған. Атаның ақжолтай болсын деген арманы орындалып, кейін Бейбіттің соңынан Қойшыбай мен Тойшыбай ілесті. Бейбіт Жазылбектің бауырында өсіп, соның баласындай сіңіп, бүгінде атаның қарашаңырағына ие болып отырғаны рас», деген де әңгімені естідік. Жалпы қазақта ырымдап бала асырап алу дәстүрі ежелден болған. Оны үлкендер жақсы біледі. Және ондай ақжолтай баланы «бөтенсің» деп айтудың өзі күнә. Тылсым дүние талай құпиясын ішіне бүгіп тұр емес пе? Соңғы жылдары Бауыржан Момышұлының қызы, Оралхан Бөкеевтің бауыры табылып, ел сүйінші сұрап жатыр. Бұл жағынан келгенде Жазылбек Қуанышбаевтың тағы бір баласы табылды десек, артық емес. «Адам ұрпағымен мың жасайды», деген. Жаз атаның үрім-бұтағы көбейіп, Алланың шапағатына бөлене берсін! Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан». Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданы.