Еліміз инновациялық жолмен дамуды мықтап қолға алған. Оның алғашқы нәтижелері көңіл қуантады. Бұл жөнінде Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Жұматай Сәлімов айтты.
Ұлттық агенттік инновациялық даму саясатын жүзеге асырушы екенін жеткізген спикер, осы бағытта Мемлекет басшысы алға қойған мақсаттарды орындау нәтижелі болып жатқанына тоқталды. «Қазіргі таңда инновациялық жобасын ұсынып, көрсетуге және оны жүзеге асыруға барлық жағдай жасалып жатыр деуге болады. Ол үшін біздің тарапымыздан барынша қолдау мен көмек көрсетіледі. Еліміздің ғалымдары мен өнертапқыштары кез келген жаңалығын көрсетіп, оның пайдалы екенін дәлелдей алса оны жекешелендіріп, патенттеп алуына біз көмектесеміз», деді Ж.Сәлімов.
Басқарма төрағасының келтірген мәліметтеріне сүйенсек, өткен жылы 462 өтінім келіп түсіпті. Бұл рекордтық көрсеткіш көрінеді. Олардың ішінде сарапшылардың іріктеуінен өтіп, іс қорытындысы бойынша жалпы сомасы 1 млрд. 623 млн. теңгені құрайтын 51 жоба нақты қолдауға ие болыпты. «2013 жылы 188 өтінім келіп түсіп, 822,8 млн. теңгеге 44 келісімге қол қойылды. Ал бұрнағы жылы біз 280 өтінімді қабылдадық. Оның ішінде жалпы сомасы 641,1 млн. теңгені құрайтын 38 жоба грантқа ие болды. Енді былтырғы жылға келсек, дәл қазіргі уақытта 185 өтінім сарапшылардың қарауында іріктеліп жатыр. Бұл жұмыс осы бірінші тоқсанның аяғына дейін мәресіне жетеді деп отырмыз. Өтінімдер санының мұншалықты көбеюіне жобаларды қаржыландыру мәселесінің жақсаруы мен еліміздің 8 өңірінде орналасқан жүзден астам отандық кәсіпорындармен жүргізілген насихат жұмыстары әсер етті деп ойлаймыз», деді төраға орынбасары.
«Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ-тың мәліметіне қарағанда, грант алушылардың арасында «Ғалам», «Электровоз құрастыру зауыты» және «Swissgrow» секілді компаниялар бар. Белгілі болғандай, «Ғалам» ЖШС ғарыштық аппараттар үшін қажетті күн сәулесінің қуатын анықтайтын құрылғыны өндіретін жаңа технологияны енгізуде. «Гранттық бағдарламаның нақты тиімділігі туралы айтатын болсақ, 2015 жылы инновациялық жобаларды жүзеге асыру барысында 800-ге жуық жұмыс орны, оның ішінде 403-і кәсіпорындарда,
343-і стартап жобалардың негізінде құрылды. Грант алушылар өткен жылы 1,25 млрд. теңге көлемінде салық төледі, 22 млрд. теңгенің өнімін шығарды. Бұлармен бірге, сыртқы нарыққа шығарылған экспорт көлемі 8 млрд. теңгеге жуықтады», деді Ж.Сәлімов.
Еліміздегі инновация және өзге де түрлі ғылыммен шұғылданатын жандарға нақты қолдаулар көрсетіліп отырғанын айтқан спикер, әлемге әйгілі ағылшын ғалым-астрофизигі Стивен Хокинг қазақстандық жас ғалым Исаак Мустопуломен кездесуге келісімін бергенін айтты. Былтыр Тараз қаласының 14 жастағы тұрғыны Исаак Мустопуло «Үйлесімділік теориясы» ғылыми жұмысын әзірлеп, оқушылар арасында өтетін Ұлттық инновациялық жобалар конкурсының арнайы сыйлығына ие болған еді. Сол кезде байқау ұйымдастырушылары жас ғалымның арманын орындауға көмектесетіндерін айтқан. Сондағы Исаактың арманы, әйгілі ғалым-астрофизик, мүгедек арбасына таңылып отырса да, ғылымда аса маңызды жаңалықтар ашқан Стивен Хокингпен кездесу еді. «Стивен Хокингтің хатшылығынан жауап күтіп отырмыз. Ол кісіде уақыт тапшы екені мәлім. Десе де, олар қазақстандық жас ғалыммен кездесуге қызығушылық танытып отыр. Тіпті Исаакпен кездесіп, оның ғылыми жұмысын талқылауға да дайын. Бұған қоса, оқушыға британдық ғылым мұражайын көрсетіп, Кембриджге апаруды да жоспарлағанбыз», деді басқарма төрағасының орынбасары.
Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,
«Егемен Қазақстан».