Инвесторлар қаржы салуға мүдделі
Жаңа жылдың алғашқы аптасынан кейін-ақ Оңтүстік Қазақстанға шетел инвесторлары келе бастады. Ұлыбританияның “EP IC Asset Management” және Түркияның “Ae Arma” компанияларының делегациясын облыс әкімінің бірінші орынбасары Берік Оспанов қабылдап, екі жаққа да тиімді ұсыныстарды талқылады.
Шымкентте Елбасының Жарлығымен құрылған “Оңтүстік” еркін экономикалық аймағы – инвестиция тартуға қолайлы кешен. Өндіріс орындары шоғырландырылып жатқан аймақ болашақта Қазақстанның индустриялық-инновациялық дамуына алғышарт жасайды. Шетелдік инвесторлар өздеріне қолайлы салалар бойынша да қаржы салуға мүдделі екендіктерін танытты.
Бақтияр ТАЙЖАН, Оңтүстік Қазақстан облысы.
Ауыл әкімдерінің есебі басталды
Ауыл әкімдерінің алғашқы есебі Тайынша ауданына қарасты Зеленый Гай ауылдық округінде өтті. Аталмыш округтің әкімі Гүлбаршын Бәтенованың есебі жұртшылық көңілінен шықты. Ол бір жыл ішінде атқарылған жұмыстарды саралап, алдағы міндеттер жөнінде ой бөлісті. Округке қарасты Зеленый Гай, Новогречанов және Жарқайың аудандарында 2000-нан астам адам тұрады. Николай Мазурь, Виталий Червинский, Бекмағамбет Әмірханов өздерін толғантқан мәселелерге қанағаттанарлық жауап алды.
Ауыл әкімінің есеп беру жиынына облыс әкімі Серік Біләлов қатысып, мұндай кездесулер жергілікті билік пен тұрғындарды жақындастыратынын, проблемаларды бірлесіп шешудің мүмкіндігі артатынын атап көрсетті. Облыс бойынша 200-ден астам округтерде әкімдердің есептері тыңдалатын болады.
Өмір ЕСҚАЛИ, Солтүстік Қазақстан облысы.
Бүгінде мектептердің өз көлігі бар
Бұдан былай қарай Ұлытау ауданының Қорғасын, Терісаққан, Қарақұм, Алғабас, Мибұлақ ауылдарындағы білім ұяларының оқушылары аудандық, қалалық, облыстық пәндік байқауларға, спорттық, мәдени шараларға арнаулы автобуспен бара алатын болды. «Мектептер автобусы» бағдарламасы аясында берілген 12 орындық үр жаңа «УАЗ» көліктері қажетті уақытта қалаған жерлеріне жеткізеді. Оның біреуін аудандық білім беру және дене тәрбиесі бөлімі де иеленді.
Алдағы кезде өңірдегі барлық 18 мектеп осындай автобустармен қамтамасыз етіледі. Ауылдар арасы алыс, ірі елді мекендерден шалғай аймақ мектептеріне бұл үлкен көмек-қолдау болып отыр.
Айқын НЕСІПБАЙ, Қарағанды облысы.
Жас отбасыларға баспана берілді
Исатай ауданында тұратын Абзал Ихсанов 2008 жылдан бері аудандық ішкі істер бөлімінде қызмет етеді. Былтыр оның отбасында егіз сәби өмірге келіп, үлкен қуанышқа кенелген еді. Енді, міне, жас полицейдің отбасы жаңа жылмен бірге тағы бір қуаныш –қоныс тойын тойлады.
Жыл басында баспаналы болу бақытына Сайрангүл Бөлекова да ие болды. Осы ауданда психолог мамандығымен жұмыс жасайтын Сайрангүлдің отбасына да баспана кілті табысталды. Өткен аптада аудан әкімі Бақберген Қарабаев жас отбасыларға баспана кілттерін табыстап, “Жас мамандарға пәтерлер кезексіз берілді”, деді.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, Атырау облысы.
Бағдарлама балдырғандарды қуанышқа бөледі
Облыста оңтайландыру кезінде жеке адамдардың қолына өткен балабақшаларды қайтару жөнінде жұмыс басталған еді. Оның нәтижесі бүгін айқын көрініп отыр. Еңбекшіқазақ ауданындағы екі қабатты ғимарат жеке кәсіпкер Николай Мельниковтің қарамағында бос тұрса, үндеуге үн қосқан ол оны жөндеп, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде «Болашақ-2010» деген атаумен мектепке дейінгі бүлдіршіндер мекенін ашты.
Балабақшаның ашылу салтанатына аудан әкімі Әлихан Тойбаев қатысып, балаларға базарлығын ала келді. Ол биыл тағы да мыңнан астам бүлдіршін балабақша табалдырығын аттайтынын жеткізіп, Елбасының «Балапан» бағдарламасының мүмкіндігінің мол екендігін атап өтті.
Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.
«Біржан-Сара» – мерейтойға сыйлық
Өткен аптада облыс орталығындағы Жүсіпбек Аймауытов атындағы қазақ музыкалы драма театры 20 жылдығын атап өтті. Тәуелсіздік жылдарымен бірге есік ашқан қазақ театры бүгінде көзайым көрермендері көп, қойылымдары ой салатын белгілі өнер ұжымына айналды. Сонау Египетке дейін барып, мысырлықтарға «Айман-Шолпанды» көрсетіп қайтты.
Биыл театр ғимараты толық жөндеуден өтіп, іші-сырты жаңарып, жарқырап тұр.Әртістер сахналаған Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсы – өнер ұжымының жетістігі. Режиссері – Ерсайын Тәпенов. Осы мерейтой күні облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев театрдың бір топ әртісін қазақ өнерін дамытуға қосқан үлестері үшін Құрмет грамоталарымен марапаттады.
Фарида БЫҚАЙ, Павлодар.
«Қауіпсіз ауыл» байқауы өткізілді
Зеленов ауданының әкімі Ғайса Қапақовтың бастамасы бойынша «Қауіпсіз ауыл» байқауы өткізілді. Мұндағы басты мақсат – ауыл тұрғындарының тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Қоғамдық тәртіптің мүлтіксіз сақталуына қол жеткізу. Байқау қорытындысына сәйкес Зеленов ауылдық округі ең қауіпсіз ауыл деп танылды. Чувашинск округі – екінші, Раздольный үшінші орында.
Мұнда учаскелік сақшылар – полиция аға лейтенанты Рустам Гусейнов, капитандар Қуаныш Құлдашев, Олег Резниченконың ауыл әкімдерімен бірлесіп қызмет атқаруы оң нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік берді.
Темір ҚҰСАЙЫН, Батыс Қазақстан облысы.