Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның мүшелері шығысқазақстандық тұрғындармен кездесті. Өскемен қаласындағы №7 орта мектепте өткен кездесуге Парламент Мәжілісі депутаттығынан үміткер Уәлихан Қайсаров пен Рахым Айыпұлы қатысты.
– Әр адамның азаматтық парызы болады. Кез келген қазақстандық «елімнің тағдыры менің қолымда тұр» деп ойлауы тиіс. Егер адам өзінің саяси құқықтарына байыпты түрде қарамаса, онда оның биліктен басқа да құқығын талап етуі орынсыз болар еді. Яғни, азамат ретінде мемлекет ісінің дамуына, демократияның алға жылжуына үлес қоспаса, ол мемлекеттің тағдырына ғана емес, өз өміріне де бейқам қарайды деп ұққанымыз жөн. Сондықтан, сайлау – кез келген демократияның негізгі қағидасы саналады, – деп бастады өзінің сөзін партия мүшесі Уәлихан Қайсаров.
ЖСДП өкілдері партияның сайлауалды бағдарламасының ерекшеліктері көп екенін айта келіп, оның негізгі екі бағытына тоқталды.
– Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін ең алдымен сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргізуіміз керек. Жең ұшынан жалғасуға төзбей, оған түбегейлі тоқтам қойғанда ғана экономикамыз алға жылжиды. Жемқорлық – адамның рухани жан дүниесін былғайды, ішкі ұстанымдарын жояды. Жемқорлықты жеңбесек, бюджет қаржысы мақсатты түрде жұмсалмайды. Екіншіден, партиямыз сыбайлас жемқорлықты жоюға үлкен маңыз береді. Жемқорлықпен күресе отырып, мемлекеттің ауқымды қаржысын ел игілігіне жұмсауға жол ашу қажет. Бюджет тиімді игерілгенде қаржы текке рәсуа болмайды, – деді Уәлихан Қайсаров.
Сондай-ақ, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия белсенділері шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың өзектілігіне тоқталды. Кеңес Одағының тұсында кооперативтерді салықтан үш жылға дейін босату тәжірибесі болғаны белгілі. Қаржыны еселеу үшін кәсіпкерлікке көптеген мүмкіндіктер берілуі тиіс, дейді олар. Соның бірі – екінші деңгейлі банктер ұсынатын несие қаржысының пайыздық мөлшерлемесін төмендету.
– Шетелдерден 1,5 пайыздық мөлшерлемемен келген несиені отандық екінші деңгейлі банктер несие алушыларға он есе қымбаттатып ұсынады. Бұл қолда бар қаржымызды өсіруге мүмкіндік бермей отыр. Егер пайыздық үстемені төмендетуге қол жеткізсек, жастарымыздың арзан несиемен баспаналы болуына және жеке кәсібін құруға жол ашылар еді. Сондай-ақ, басқалар да банктерден несие алып, аса қажет деген дүниелеріне қол жеткізер еді. Төлеген кезде де көп қиналмас еді, – деді партия мүшелері.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан».
ӨСКЕМЕН.
Суретті түсірген
Есімхан ОРЫНБАЕВ.