11 Наурыз, 2016

Жұмысшы – экономиканың қозғаушы күші

258 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Коммунист-10Қазақстан Коммунистік халық партиясының (ҚКХП) сайлауалды үгіт-насихат штабының мүшелері бұрнағы күні Алматы қаласындағы «Алатау-Жарық компаниясы» ұжымының өкілдерімен кездесті. Партия белсенділері жұмысшы табы өкілдерін өздерінің сайлауалды бағдарламасымен таныстырды. Бұл коммунистердің Алматы қала­сындағы кезекті үлкен кездесуі болды. «Алатау-Жарық компаниясы» – елі­міздің оңтүстік өңірінде электр қуатын өндіретін ірі компаниялардың бірі. Оның тарихы 1928 жылдан бастау алады. ҚКХП белсенділері осындағы жұмысшы табы өкілдеріне коммунистік партия еңбек адамының мүддесін көздейтінін, оның әлеуметтік тұрғыдан қорғалуы жолында еңбек ететінін айта келіп, өздеріне дауыс беруге шақырды. Сонымен қатар, компания қызметкерлері жұмысының еліміздің экономикасы үшін маңызды екені де жеткізілді. «Адамзатты жарқын болашаққа жет­кізу жолында энергетиканың маңызы шексіз. Нақ энергетика адамның тұрмыс-ахуалын осы заманның талаптарына сай ете алатындай дәре­жеге жеткізеді. Бүгінгі күні қала тұрғын­дарының саны артып, урбанизация жоғары дәрежеге жетіп отырғанда жаңа жұмысшы табына энергетиканың қыр-сырын меңгерудің маңызы зор. Үзіліссіз өндіріліп тұрған энергетика ғана экономиканың тұрақты дамуының кепілі. Энергия өндіру тоқтап қалса, барлық өндіріс те бірден тұрады. Ал қоғамдық өмірде коммунистік идео­логия – адам жанының алға қарыш­тауына, үмітінің үзілмеуіне электр қуа­тындай күш беретін фактор. Сондық­тан да біз өз жақтастарымызды жаңа жеңіс­терге қарай алға басуға шақырамыз», – деп V шақырылған Мәжіліс депутаты, қазір ҚКХП партиялық тізімімен депу­таттықтан үміткер Галина Баймаханова жалынды сөздер айтты. Оның сөздерін жиынға келген жұмысшы табы өкілдері қызығушылықпен тыңдады. Кездесуге қатысқан ҚКХП Алматы қа­лалық филиалының жетекшісі Магеррам Магеррамов электр қуатын өнді­ру барысында Қазақстанның үлкен табыстарға жетіп отырғанын жеткізді. Соның ішінде баламалы қуат көздерінің де республикада қатты игерілуде екенін айтты. «Бұрынғы қуат көздері негізінен тек мұнай, газ, су, көмір, уран сияқты ресурстар болса, енді біздің еліміз жел мен күннің қуатын қолдану жолында жаңа табыстарға жетіп келеді. Бұлардың экологиялық тиімділігі жоғары. Еліміздің экологиясы тазарып, халқымыздың денсаулығы жақсы болуы үшін осындай қуат көздерін пайдалану тиімдірек. Қазақстан басшылығының ЭКСПО-2017 көрмесіне осы тақырыпты таңдағаны тегін емес», – деді ол өзінің сөзінде. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан». Алматы.