Қазақстан Коммунистік халық партиясының (ҚКХП) сайлауалды үгіт-насихат штабының мүшелері бұрнағы күні Алматы қаласындағы «Алатау-Жарық компаниясы» ұжымының өкілдерімен кездесті. Партия белсенділері жұмысшы табы өкілдерін өздерінің сайлауалды бағдарламасымен таныстырды.
Бұл коммунистердің Алматы қаласындағы кезекті үлкен кездесуі болды. «Алатау-Жарық компаниясы» – еліміздің оңтүстік өңірінде электр қуатын өндіретін ірі компаниялардың бірі. Оның тарихы 1928 жылдан бастау алады. ҚКХП белсенділері осындағы жұмысшы табы өкілдеріне коммунистік партия еңбек адамының мүддесін көздейтінін, оның әлеуметтік тұрғыдан қорғалуы жолында еңбек ететінін айта келіп, өздеріне дауыс беруге шақырды. Сонымен қатар, компания қызметкерлері жұмысының еліміздің экономикасы үшін маңызды екені де жеткізілді.
«Адамзатты жарқын болашаққа жеткізу жолында энергетиканың маңызы шексіз. Нақ энергетика адамның тұрмыс-ахуалын осы заманның талаптарына сай ете алатындай дәрежеге жеткізеді. Бүгінгі күні қала тұрғындарының саны артып, урбанизация жоғары дәрежеге жетіп отырғанда жаңа жұмысшы табына энергетиканың қыр-сырын меңгерудің маңызы зор. Үзіліссіз өндіріліп тұрған энергетика ғана экономиканың тұрақты дамуының кепілі. Энергия өндіру тоқтап қалса, барлық өндіріс те бірден тұрады. Ал қоғамдық өмірде коммунистік идеология – адам жанының алға қарыштауына, үмітінің үзілмеуіне электр қуатындай күш беретін фактор. Сондықтан да біз өз жақтастарымызды жаңа жеңістерге қарай алға басуға шақырамыз», – деп V шақырылған Мәжіліс депутаты, қазір ҚКХП партиялық тізімімен депутаттықтан үміткер Галина Баймаханова жалынды сөздер айтты. Оның сөздерін жиынға келген жұмысшы табы өкілдері қызығушылықпен тыңдады.
Кездесуге қатысқан ҚКХП Алматы қалалық филиалының жетекшісі Магеррам Магеррамов электр қуатын өндіру барысында Қазақстанның үлкен табыстарға жетіп отырғанын жеткізді. Соның ішінде баламалы қуат көздерінің де республикада қатты игерілуде екенін айтты. «Бұрынғы қуат көздері негізінен тек мұнай, газ, су, көмір, уран сияқты ресурстар болса, енді біздің еліміз жел мен күннің қуатын қолдану жолында жаңа табыстарға жетіп келеді. Бұлардың экологиялық тиімділігі жоғары. Еліміздің экологиясы тазарып, халқымыздың денсаулығы жақсы болуы үшін осындай қуат көздерін пайдалану тиімдірек. Қазақстан басшылығының ЭКСПО-2017 көрмесіне осы тақырыпты таңдағаны тегін емес», – деді ол өзінің сөзінде.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан».
Алматы.