11 Наурыз, 2016

Бес мың мильдік қашықтық (видео)

250 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
10-03-16-pingvinҚұтқарушысына риза пингвин соншама жерден жүзіп келді Бразилияда зейнеткер Жоао Перейра мен Дин-Дим деген лақап атты пингвиннің арасында көрген жұрттың жүрегін тебірентетін кездесу болды. Мәселенің мән-жайы мынадай. Бұл кісі 2011 жылы мұхиттың жағасындағы жартастардың арасында аштан өлгелі жатқан кішкентай құсты көреді. Сол кезде пингвиннің денесін май мен мазут тұтас басып қалған екен. Ал қанаты тіпті көрінбейді. Оны көріп, аяп кеткен қария қолына алып, үйіне әкеледі. Жануарды туралап келген ажалдан анық арашалап қалған Жоао ақсақал біраз уақыт оны үйінде мәпелеп бағады. Кейін құс біржола бекіп, орнынан тұрған кезінде оған «Дин-Дим» деген ат береді. Соңынан әбден жетіліп, қатарға қосылған кезінде баяғы жағажайға әкеліп, ен мұхитына қайта жібереді. Ал арада бар-жоғы жарты жыл өткеннен кейін Дин-Димнің осы жағалауға қайта оралғанын көр­генде, Пе­рей­раның таң қалысында шек болмады. Бір қызығы, пингвин өзін құтқарушыға алғыс айту үшін келгенін бірден білдіріп, анадайдан қарияны көргеннен оған тұра ұмтылыпты. Міне, содан бері пингвин мен адамның арасындағы осы бір нәзік те ерекше достықтың сипатын жағалауда жүретін мыңдаған адам әрдайым сырттай бақылап тұрады екен. Суда жүзетін құс осыдан бастап өзін құтқарушыға келіп тұруды дағдыға айналдырыпты. Содан кейін ол сегіз ай уақытын осында қарияның жанында өткізіп, қалған уақытында дүниеге ұрпақ әкелу үшін Чили жаққа қарай кетеді. Дин-Дим осылайша өзінің досымен кездесу үшін жыл сайын әлденеше мыңдаған миль жерден келіп тұратын болыпты. Мамандар бес мың миль (сегіз мың шақырымнан астам) жерді жүзіп өту суда жүзетін құс үшін де рекорд болып табылатынын айтып отыр. Мұрат АЙТҚОЖА. Пингвин мен құтқарушысының кездесулері туралы видеоны хабардың сайттағы нұсқасынан көре аласыздар. https://youtu.be/MWC5qeV-7ZU