11 Наурыз, 2016

Донор әжей

245 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
IMG-20160304-WA0010Ұлы Отан соғысы кезінде жаралы жауынгерлерге деп 100 литр қан тапсырған Лидия Клименко Өскеменде тұрады. Шығыс өңірінде «Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» деген қазақы қалып, игі дәстүр жақ­сы сақталған. Биыл 8 наурыз мерекесі қарсаңында кешегі қа­сап майданда қанымен де, жанымен де ел мен жерді қорғауға үлес қосқан қайсар әйелдер де назардан тыс қалған жоқ. Өскемен қаласының тұрғыны Лидия Кли­­менко қатары сиреп қалған сондай санаулы қариялардың бірі. Ұлы Отан соғысының ар­дагері, 1-ші Украин май­данын­дағы эвакуациялық госпитальде операция және гипс техникасы бойынша аға медбике болып қызмет еткен Лидия Пав­ловнаны Өскемен қаласының әкімі Темірбек Қасымжанов мерекемен құттықтады. Батыр әже соғыс жылдарында госпитальге жеткізілген жаралы жауынгерлер мен тұрғындарды ажалдан арашалап қалу үшін 100 литрден астам қан тапсырған екен. – Сіз майданда қару ұстаған жауынгерлерден кем ерлік көр­сет­кен жоқсыз. Жаралыларға кө­мектесіп, оларды емдедіңіз. Донор ретінде 100 литрден ас­там қан тапсырғаныңызды біле­міз. Осылайша, Жеңіс жолында жа­ралы болған көптеген отан­дас­тарымыздың өмірін сақтап қалуға өлшеусіз үлес қостыңыз. Сіздің өміріңіз жастарымызды ерлікке, отаншылдыққа баулиды, – деді қала басшысы зейнеткермен әңгіме барысында. Айта кетелік, Лидия әжей со­ғыстағы ерліктері үшін «ІІ дә­режелі Отан соғысы» орденімен, «Маршал Жуков» медалімен, көптеген мерейтойлық медальдармен және «КСРО-ның құрметті доноры» атағымен марапатталған. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». ӨСКЕМЕН.