11 Наурыз, 2016

Электронды библиография

453 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Электронды библиография– Қайым Мұхамедхановтың 100 жылдығына тарту А.Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасында көрнекті ғалым, абайтанушы Қайым Мұхамедхановтың 100 жылдығына орай, ғалымның электронды библиографиялық көрсеткішінің тұсаукесері өтті. Аталған шараға жоғары және арнайы оқу орындарының оқытушылары мен студенттері, кітапханашылар, мәдениет саласының қызметкерлері және әдебиет пәнінің мұғалімдері қатысты. Жарты ғасырға жуық шыр­қалған Қазақ КСР-інің және Тәуелсіздік жылдарындағы елі­міздің тұңғыш Әнұранының авторларының бірі Қайым Мұхамедхановтың өмірі мен шығармашылығын кеңінен қам­тыған библиографиялық көр­сеткіштің құндылығы жоғары. Бұған дейін Семей қаласындағы Абай атындағы кітапхана қыз­меткерлері ғалымның алғашқы библиографиялық көрсеткішін шығарған болатын. Семейлік кітап­ханашылар бастаған биб­лио­графиялық жұмысты то­лықтырып, заманауи интернет тіліне түсірген А.Пушкин атындағы облыстық кітапхана ұжымы болып отыр. Сондықтан, электронды библиографияны Шығыс өңіріндегі екі ірі кітапхананың бірлескен жобасы деуге болады. Сондай-ақ, жақында Семейдегі кітапханада ғалым мерейтойына арналған «Адам. Қайраткер. Тұлға» атты көрме ұйымдастырылса, өскемендік кітапханашылар тұ­саукесер аясында «Қайым әле­мі» атты көрме өткізді. Осы көр­мелерде ұсынылған кітаптар мен жарияланымдардың барлығы электронды көрсеткіште бар. Кітапхана қызметкерлерінің айтуынша, ғалымның электронды библиографиясымен http://kray.pushkinlibrary.kz сайты арқылы танысып, пайдалануға болады. Онда ғалым еңбектерінің электронды каталогы түзіліп, деректер хронологиялық тәртіппен ұсынылған. 1937 жылы 20 жасында облыстық «Екпінді» газетінде жарияланған алғашқы өлең-жырларынан бастап, барлық ғылыми жинақтары мен туындылары, ғалым жайлы естеліктер мен зерттеулер, деректер, тіпті жақында Алматыдан жарық көріп, оқырман қолына әлі тие қоймаған «Қайым Мұхамедханов: Хаттар сөйлейді» атты эпистолярлық жинақ жөнінде де біле аласыз. Көрсеткіште 47 кітап, 600-ден астам мақала, ғалым туралы 500-ден астам жарияланым дерегі топтастырылған. Уфалық ғалым Роза Гафаровна Қайым Мұхамедхановтың пат­шалық Ресей кезіндегі мұ­сыл­мандар арасынан шыққан атақты баспагер Ильяс Бора­ганскийдің тарихи есімі мен еңбегін оралтуға сіңірген қыз­меті жөнінде тұщымды деректер айтса, Тұрсын Жұртбай Қайым Мұ­хамедхановтың 10 томдық шы­ғармалар жинағын шығаруға бұрынғы Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед пен сол кез­дегі министрдің орынбасары Әлібек Асқаровтың ұйытқы болып, қолдау көрсеткенін, қолжазбаларды жинақтап, тү­сінігін жазған шәкірті Ербол Іргебаевтың еңбегі ерекше екенін атап өтті. Абайтану ғылымының негізін қалаушылардың бірі, Семей қаласындағы Абай мұра­жайының ашылуына түрткі болған ақын, жазушы, драматург, ғалым Қайым Мұхамедханов – өмір жолының бұралаңы мол, тағдыркешті қаламгер. Мұхтар Әуезовтің сенім артқан шәкірті ретінде сталиндік қуғын-сүргін кезеңінде заңғар жазушыны тұқырту үшін жас Қайымның да қудалаудың ащы дәмін татуына тура келді. Сондықтан, кеш барысында жастардың ғалымның сүргінге толы сұрапыл жылдары абақтыда жазған жырларын оқуы да әсерлі болды. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». ӨСКЕМЕН.