Конгрессменге қастандық жасалды
Аризона штатынан Өкілдер палатасының мүшелігіне сайланған қырық жастағы Габриель Джиффордсқа сайлаушылармен кездесуі кезінде қастандық жасалды. Кездесу Тусон қаласындағы Safeway супермаркетінде өтіп жатқан болатын.
Габриель Джиффордс басынан ауыр жарақат алып, ауруханаға түсті. Қастандық кезінде атылған оқтан, сондай-ақ алты адам қаза тапты, оның ішінде федеральдық судья мен 9 жасар қыз бар. Бұдан бөлек тағы 12 адам жарақат алды. Оқ атқан 22 жастағы Джеред Ли Лафнер тұтқындалды. Ақпарат көздеріне қарағанда, Джеред Ли Лафнер бұрын сотталған, жүйке ауруымен ауырады. Ал Габриель Джиффордс ханым демократиялық партияның мүшесі. Оның жарақаты аса ауыр.
Тағы бір мемлекетпен толығуы мүмкін
Жексенбі күні Суданның оңтүстігінде референдум басталды. Оның қорытындысы бойынша Судан екі мемлекетке бөлінуі мүмкін. Бұл жөнінде Рейтер агенттігі хабарлады.
Агенттіктің таратқан ақпараттарына қарағанда, елдің оңтүстік провинцияларында оннан астам, ал солтүстігінде және шет елдерде үш мыңға жуық дауыс беру учаскелері ашылған. Референдумға 4 миллионнан астам адам қатысады деп күтіліп отыр. Тіркелген осы сайлаушылардың кемінде 60 пайызы қолдап дауыс берген жағдайда референдум өтті деп танылады. Ал дауыс беру 15 қаңтарға дейін жалғасады, референдумның нәтижесі 6 ақпанда жария етіледі. Қазіргі кезде референдумды 17 мыңға жуық байқаушы қадағалауда. Олардың ішінде АҚШ-тан, Еуроодақтан, Қытайдан және Ресейден байқаушылар бар. Судан мемлекеті 38 миллион халқы бар Африкадағы ірі мемлекет болып табылады.
Жолаушылар ұшағы апатқа ұшырады
ИТАР-ТАСС агенттігінің хабарлауынша, «Иран эйр» авиакомпаниясының Боинг-727 жолаушылар ұшағы Урмия қаласы әуежайының маңында апатқа ұшыраған. Оған қалың қар мен тұман себеп болған.
Ирандық Фарс агенттігінің ақпараттарына қарағанда, әуежай диспетчері ұшақты ауа райының қолайсыздығына байланысты Теһранға оралу қажеттігін ескерткен. Осыдан кейін-ақ ұшақ радардан жоғалып кеткен. Апат салдарынан ұшақтағы жолаушылар мен экипаж мүшелерінің 77-сі қаза тапты және 27 адам жарақат алды. Ал бір адам хабарсыз кеткендердің қатарында. Иранның Батыс Әзірбайжан провинциясында үш күндік аза тұту жарияланды.
Қытайдың қарулануынан сескенеді
«Нью-Йорк Таймс» басылымының ақпараттары бойынша, америкалық барлау қызметі Қытайдың қарулануды дамыту деңгейін жеткілікті бағаламаған. Бұл туралы АҚШ-тың Қорғаныс министрі Роберт Гейтс өзінің Пекинге сапармен бара жатқан кезінде ұшақ ішінде мәлімдеді.
Қорғаныс министрінің мәлімдеуінше, Вашингтонды Қытайдың корабльдерге қарсы баллистикалық ракеталар жасауы ерекше мазасыздандырады. Бұл әскери қару түрі өңірдегі америкалық авиатасымалдаушыларды, сондай-ақ бесінші буынды әскери ұшақтарды атып түсіре алады. Пентагон басшысының бұл мәлімдемесі туралы Қытай тарабы қазірге пікір білдірген жоқ. Бірқатар мәліметтерге қарағанда, Қытайдың 2010 жылғы әскери бюджеті 76-78 миллиард доллар аралығында. Ал АҚШ-тың өткен жылға әскери мақсатқа жұмсаған шығыны 636 миллиард долларды құраған.