АЛМАТЫ. 11 наурыз. Алматы қалалық мемлекеттік кірістер департаменті экономикалық қылмыстарды тергеу қызметі қызметкерлерінің жүргізген рейд шаралары барысында заңсыз кәсіпкерлікпен айналысқан құпия цехтың жұмысы әшкере болды. Бұл туралы Алматы қалалық мемлекеттік кірістер департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады.
Қазіргі уақытта салық заңнамасына тиісті өзгерістер енгізіліп, салық төлеушілердің жұмысын жеңілдету мақсатында көптеген жеңілдіктер жасалып жатқаны белгілі. Соған қарамастан, салық төлеуден жалтарып, көлеңкелі экономиканың ықпалынан шыға алмай жүрген субьектілер саны әлі де азаяр емес.
Аталған цех бірнеше жыл бойы жасырын түрде есептік бақылау маркасын шығарумен айналысқан. Бұған қоса шетелдерден контрабандалық жолмен қымбат маркалы вискидің «Макаллан», «Чивас», «Джеймесон», «Джек Дэниелс», «Абсолют», «Шведка», «Моет», «Вдова Клико», «Дон перенион»,«Ельцин» түрлерін және «Мальборо», «Парламент», «Мевиюс» сияқты темекі өнімдерін акциздік маркасыз әкеліп отырған. Осыдан кейін жалған жолмен әкелген тауарларға өздері шығарған акциздік маркаларды жапсыру арқылы сатумен айналысқан. Тауарлар Алматы қаласы мен Алматы облысының және еліміздің басқа да облыс орталықтарының көңіл көтеретін түнгі клубтарында, казиноларда, караоке-барларда және мейрамханаларда таратылған.
Құпия цехты әшкерелеу барысында алынған оперативті ақпараттар бойынша күдікті деп танылған 4 фигуранттың үйін тінту барысында 70 мың доллардан асатын спиртті ішімдіктер мен 2000 данадан асатын есептік бақылау маркасы және жалған есептік бақылау маркасын шығаратын аппарат табылды.
Аталған оқиға бойынша спиртті ішімдіктердің сапасы мен есептік бақылау маркасының жалғандығын анықтау мақсатында сот-тауарлық және техникалық сараптама тағайындалды. Сонымен қатар Қылмыстық кодекстің 233, 214 бабтары бойынша №157500121001940 қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысында тағылған айғақтар бұлтартпастай болғандықтан, ұсталғандар өз кінәларын толықтай мойындады және тергеу амалдарының дұрыс және уақытында жүргізілуі үшін атсалысуға келісімдерін берді.
Айнаш Есали.
Дерек: Алматы қалалық мемлекеттік кірістер департаментінің баспасөз қызметі.
Сурет: tengrinews.kz.