12 Наурыз, 2016

Қазақ ойының алтын қазығы

612 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Абай-04-03Өз заманында: Шын хакім, сөзің асыл – баға жетпес, Бір сөзің мың жыл жүрсе дәмі кетпес. Қарадан хакім болған сендей жанның Әлемнің құлағынан әні кетпес! ...Ай, жыл өтер, дүние көшін тартар, Өлтіріп талай жанды, жүгін артар. Көз ашып, жұртың ояу болған сайын, Хакім ата, тыныш бол, қадірің артар, деп жырлаған Мағжанның көреген­дігіне таңғаласың. Өткен жылы еліміз хал­қымыздың данышпан перзенті, бас ақыны Абайдың туғанына 170 жыл толғанын атап өтті. Оның өмірден озғанына да ғасырдан асып кетті. Бірақ артына өлмес-өшпес мұра қалдырған ғажайып тұлға Абайға, оның шығармаларына деген халықтың ықыласы ортаяр емес. Мұның өзі біздің ұрпақтың Абайдың өлген күнінен қанша алыстаса, рухына сонша жақындай түскенін, халық пен Абай арасы ғаламат күшті махаббатпен жалғасып жатқанын аңғартады. Ақынның өмірі мен шығармашылығы жайлы толассыз жазылып жатқан зерттеулер де осыны айғақтайды. Солардың арасында бірқатар іргелі монографиялар да бар. Осылайша ұлы ақынымыздың өлеңдері мен қарасөздері орыстілді оқырмандарға да, сондай-ақ, шетел жұртшылығына да танылды. Біздің осы мақаланы жазуда көздеп отырған мақсатымыз – оларды салыстыру емес, абайтануға қо­сылып отырған жаңа еңбекті саралау. Осы орайда қазақтың аса көрнекті ойшылы, философ, академик Жабайхан Әбділдин мен оның қызы, философия ғылымдарының докторы Раушан Әбділдинаның ұлы ақынның туғанына 170 жыл толуына арнап жазған «Абай – гениальный мыслитель гуманист» деген еңбегі туралы ой толғамақпыз. Астанадағы «Фолиант» баспасынан жарық көрген кітапта әкелі-балалы зерт­теушілер Абайдың ойшылдық, кемеңгерлік тұлғасына жаңа, соны арнамен келіп, оның осы қасиеттерін халқымыздың филосо­фиялық-этикалық іліміне сүйене отырып зер­делейді. Абайдың бойындағы бұл сипаттарды Шоқан Уәлихановпен, Ыбы­рай Алтынсаринмен, Шәкәрім Құдай­бердиевпен, тіпті, олардан бұрын ғұмыр кешкен Шортанбаймен, Дулатпен, Мұрат­пен салыстыра зерттеп, қазақ халқы тұрмысының кемеңгерлік жетістіктерін тереңнен толғайды. Аталған еңбек өзінің толық мазмұнымен Абайдың ойшылдық, кемеңгерлік қасиет­терін түбегейлі зерттеуде екі ғалымның көздеген мақсаттарына жеткенін айғақ­тайды. Атап айтқанда, еңбектің құрылымы зерттеушілердің Абайдың жеке өзінің ғана емес, қазақтың одан өзге де асқан зиялы тұлғаларының ой-парасатын, ғұмыр­на­маларын аса жетік білетіндігін және зерттеу барысында осы біліктілікті жеріне жеткізе көрсете алғандығын дәлелдейді. Зерттеудің бірінен бірі ажырамайтын төрт бөлімі тұтасып, арасына жік салынбастай біріккені сондай, бір тараудағы ой-толғамдарды басқалары толықтырып, оқыған сайын зердеге құйыла түседі. Мысалы, бірінші тарауда кемеңгердің ойшылдығының астарына бойлаған зерттеушілер оның түпнегіздерін халықтық сана-сезімнің Абайға дейінгі ғұламалар қалыптастырған арналарынан тарқатады. Мұның өзі Абай ілімінің рухани тамыры халық тұрмысының тереңінен нәр алатындығын көрсетеді. Алайда, Абайдың дара, дана тұлға екендігі – оның қазақ сахарасында ғасырлар бойы қалып­тасқан философиялық-этикалық арнадан асып, жаңа сипатпен, айталық, адамзат жара­тылысындағы құбылыстарды өзі танып-пайымдаған зерделі ойшылдық пәрменмен дәйекті сараптап, саралауы. Біздер Абайдың халықтың көптеген тұрмыс-салтына, әдет-ғұрпына, сана-сезі­міне сыни көзқарас ұстанғанын, қазақ­тың жарамды болып саналып келген халық­тық тұрмысындағы міндерді аяусыз әшкерелегенін өлеңдерінен, қарасөздерінен білеміз. Зерттеушілер ақынның осы орай­дағы ой-толғамдарын дәйектілікпен ашып көрсетеді. Олардың Абай ойшылдығының тамырына бойлау орайында жалпығаламдық философияның даму үрдістеріне сүйенгені анық. Бұл ретте Абай өзі ізденісімен же­тік меңгерген орыс тілі арқылы көне дүние­­нің Сократ, Платон, Аристотель сияқ­т­ы ойшылдарының шығармаларымен та­ныс­қанын білеміз. Ал, ақыл-парасат, ойшылдық, сана-сезім жеріне, ұлтына, заманына қарамай, саналы адамзат атаулыға тән мәңгілік қабілеттер екеніне Абайдың көзі жеткен. Сондықтан, дүние тануда бұл ұғымдардың астарына үңіліп, мән-маңызына бойлау Абайға қиындық тудырмайды. Әлбетте, зерттеушілер Абайдың өлеңдерінен гөрі қарасөздеріне көбірек сүйеніпті. Десек те, Абай қарасөздеріндегі ой-пайым­дарын олардан бұрын жырларында тілге тиек еткен ғой. Бірақ ой мазмұнын терең ашуда өлеңдерден гөрі қарасөздер ауқымдырақ екенін данышпанның өзі білгірлікпен аңғарып, кең толғамдардың жүгін қарасөздеріне артып отырған. Зерттеуші ғалымдар Абайдың адам мен табиғаттың арасындағы байланысты қалайша пайымдағанын алдымен ашып көрсетеді. Бұл ыңғайда ақынның: Өлсе өлер табиғат, адам өлмес, Ол бірақ қайтып келіп, ойнап күлмес, – дей келіп, табиғат өлсе де адамның рухы өлмейтінін айтқанын дәлелдейді. Абайдың пайымдауынша, рухсыз адамдардың ғана жаны тәнімен бірге өледі. Өйткені, рухсыз адамдардың артында ештеңе де қалмайды. Оның: Өлді деуге сыя ма, айтыңдаршы, Өлмейтұғын артында сөз қал­дырған, – деуінің сырын осылайша түсіндіреді зерттеушілер. Абай да ғаламның озық ойлы ғұламала­рының барлығына тән бір қасиетті иелен­гені анық. Ол – шыққан тегіне, ұлтына қа­рамастан олқылықтарды аямай сынап, мінеу. Бұл орайда данышпан ақын қазақ халқының сана-сезімін жаулап алған қасаң кемшіліктерді жіктеп, жіліктеп тұрып сынайтынын зерттеушілер анық баяндайды. Абайдың ел тұрмысында әбден ірге бекітіп алған дәстүрлі сана-сезімдерді, әсі­ресе, қазақтың мақал-мәтелдерін саралайтын жиырма тоғызыншы қарасөзінен мысалдар келтіріледі. Қазақта «Жарлы болсаң, арлы болма» деген мақал барын айтқан зерттеушілер ақынның: «Ардан кеткен соң, тірі болып жүргені құрысын! Егер онысы жалға жүргеніңде жаныңды қинап, еңбекпенен мал тап деген сөз болса – ол ар кететұғын іс емес. Тыныш жатып, көзін сатып, біреуден тіленбей, жанын қарманып, адал еңбекпен мал іздемек – ол арлы адамның ісі». Міне, ақынның қара­сөздерінің ғақлиялық-ғибраттық мәні осында. Сондықтан, зерттеушілер Абайдың сана туралы пайымдарына осылайша терең түсінік береді. Біздің таным-түсінігімізде әбден таптаурын болып қалған көптеген ха­лықтық деген ғибратты-мыс ұғымдардың қабыр­ғасын осылайша қақыратып сөккен Абай ойшылдығына осыдан кейін бас имей көріңіз! Өзінің қалыпты ортасынан тым озық шық­қан ғұламалардың барлығы да жал­ғыз­дықтың азабын тартқаны адамзат ойшылдарының тағдырынан аян. Абайдың «Сегіз аяғы» – осының дәлелі. «Моласындай бақсының, жалғыз қалдым тап шыным» яки «Жартасқа бардым, күнде айғай салдым, одан да шықты жаңғырық»... Алайда, ақын «Сәулең болса кеудеңде» дей отырып, жалғыздықтың шеңгелінен құтылудың жолын іздестіріп, табады. Ол – ойға берілу, оларды қағазға түсіру, көкірегі ояу, көзі ашық жандардың санасына сіңіру. Оның қарасөздері – ақынды осынау жалғыздықтың азабынан құтқарушы! Зерттеудің үшінші бөлімі Абайдың «Бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол» деген талабын талдауға арналады. Анығында да, 1886 жылы жазылған «Ғылым таппай мақтанба» деген өлеңіндегі бес асыл іс – талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым және осыларға кереғар – өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек және бекер мал шашпақ ұғымдарына хакімнің берген түсінігі содан бергі жүз отыз жыл ішінде мәні мен маңызын жойды деп кім айта алады?! Бұлардың жа­сығы мен жақсысы – бүгін де айқын. Міне, әкелі-балалы зерттеушілер осыны зердемізге құя түседі. Аталған зерттеу еңбектің соңғы – төр­тінші тарауы сенім, сүйіспеншілік және сұлулық жайындағы толғамдарын зерде­лейді. Абай дінге де, Аллаға да сенген. Алланың өзі де рас, сөзі де рас, Рас сөз ешуақытта жалған болмас. Махаббатпен жаратқан адамзатты, Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті. Адамзаттың бәрін сүй «Бауырым!» деп, Және хақ жолы осы деп «Әділетті». Абайдың сенім жайындағы толғамда­рының негізі – дін мен иманда. Ақынның сүйіспеншілік, махаббат туралы толғамдарын өзек еткен жырларын да, қарасөздерін де жетік білетін зерт­теушілер сенім, яғни рухани сезім мен сүйіс­пеншілік Алланың адамзатқа тарту еткен ұлы сыйы екенін Абайдың ұқтыруымен пайым­дай келіп, ақынның әйгілі ғашықтық жыр­ларын алға тарта отырып, жалпы, Абайдан кейінгі Мағжан, Сұлтанмахмұт, Естай, Үкілі Ыбырай сынды ақындардың және басқа да ел таныған әнші-сазгерлер туындыларындағы Абайдың үлгілерін талдайды. Біздің халқымыздың бір айрықша қасиеті – сүйіспеншілік жырлары мен әндері ғой. Орайы келіп тұрғанда айта кетсем, Абай заманындағы және одан кейінгі халық әндерінің осы жетістігі бір үлкен де мазмұнды зерттеудің арқауы болса игі еді деп ойлаймын. Аталған зерттеу еңбекті оқып шығып, толғақты ойлардың құндағына бөленгенде қос ғалымның ұлы ойшылдың ақындық, даныш­пандық табиғатына терең бойлап, бұл қасиеттерінің сипатын танытып, сырын аш­қанын аңғардым. Алайда, әкелі-балалы ғалымдар бұрын-соңды айтылмаған, ашылмаған жаңалық тауып отыр деуден аулақпын. Бірақ орыстілді оқырмандарға Абайдың данышпандық, кемеңгерік сипатын нақ осылайша талдап, түсіндіріп берген арнайы зерттеу еңбек некен-саяқ, тіпті, жоқтың қасы екенін мойындауға тиіспіз. Сондықтан, бұл зерттеуді абайтану іліміне қосылған зор үлес деп бағалаймыз. Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ. ПЕТРОПАВЛ.