Елімізде отандық өнімнің өрісі кеңейіп, жыл өткен сайын түрленіп келе жатқаны рас. Азық-түлікті былай қойғанда, күнделікті тұтынатын бұйымдар мен тұрмыстық заттарымыздың біраз түрін өзімізден шығара бастадық. Оған мысал жетерлік. Бастысы, отандық өнімдеріміздің сапасы ешкімнен кем түсіп жатқан жоқ. Бірақ «импорттың» бәрін «бренд» деп бағалайтын бұрынғы таптаурын талғам әлі де санамыздан сытылар емес. Қазақстанда жасалған дүниенің бәріне сенімсіздікпен қарап, тұтынып көрмей жатып, сапасына күдік тастайтындардың таңдауын талқандау біздің отандық өндірісшілерге де оңай соғып жатқан жоқ. Әрине, қазіргідей айналамыз ашық, сырттан тасылатын тауарларға тым қолжетімді шақта өз өнімдерімен өзгенікінің бәсекелестігінен өтіп, тұтынушының талғамына ену екінің бірінің қолынан келе бермесі де анық. Алайда, нарық талабы отандық кәсіпкерлерден осыны талап етіп отыр.
«Адельфидің» Астанадағы дүкеніне бас сұққанымызда бірден отандық өндірістің шындап өркен жайғанына, заманауи үдеріспен үндесіп, қазақ элиталық деңгейді де әлдеқашан игергеніне көзіміз жетті. «Адельфи» – бұл элиталық жиһаз жасайтын қазақстандық компания. Элиталық десе дегендей, көздің жауын алған жиһаздар бұл салада бәйге басын бермей жүрген италиялықтарды да артта тастағандай. Бірден «ойпырм-ай, осындай дүние өз елімізде-ақ жасалып жатқанда, сонау алыс шетелдерден жиһаз тасып жүргендерге жол болсын», дегендейсің.
Қазақстандық компанияның қыр-сырын біз оның Астанадағы филиалының атқарушы директоры Тимур Исмаиловтан білдік. Элиталық жиһаз жасайтын «Адельфи» компаниясының құрылғанына биыл 16 жыл болыпты. Осы уақыт аралығында тек жоғары сапалы өнімдер, элиталық жиһаздардың барлық түрін, есіктен бастап ас бөлмесіне дейін экслюзивті түрде жасаумен айналысып келеді. Дүкендерінің Астанада ашылғанына бес-алты айдың ғана жүзі болған. Ал алғаш орын тепкен Алматыда екі жерде дүкені бар. Жүзден астам адамды жұмыспен қамтып отырған фабрикалары да сол Алматыда орналасқан. «Бұл жиһаздардың барлығы өз елімізде жасалған, отандық өнім. Жиһаз жасауға қажетті шикізат, материалды шетелден оның ішінде Ресей, Беларусь сияқты елдерден алдырамыз. Себебі, өздеріңіз білетіндей, біздің елде жиһаз жасайтын ағаш жоқ. Бояуларды Түркия мен Италиядан алдырамыз. Біз тапсырыс берілсе жиһазбен қатар есік, еденге ернеулік, жиектемелеріне дейін кешенді үйлесіммен жасаймыз. Тапсырыс берушілер бізді көбіне интернет арқылы табады», дейді «Адельфидің» астаналық атқарушы директоры.
Тимур Исмаилов қазақстандық кәсіпкерлердің италиялық жиһаздармен бірдей сапада, тіпті, одан да жоғары өнім шығару деңгейіне жеткенін мақтанышпен жеткізді. «Шынымды айтсам, мен осыны бар қазақстандық білсе екен деймін. Қазіргі күні біреу Қазақстанда жасалған жиһаз алайын деп жатырмын десе, көрмей жатып-ақ, «ол сапасыз шығар, неге шетелден алмайсың», деп шығады. «Біздікілер жасай алмайды» деген кертартпа сана әлі де жойылмай жүр. Сол себепті алдымен отандық өнімді көру керек. Ал біз жоғары сапалы өнімдерімізбен осы таптаурын түсінікті өзгерткіміз келеді», дейді ол.
Шетелдіктерден сапасы жоғары немесе бірдей бола тұра біздің өнімдердің бағасы олардан біршама төмен. Алайда, бұл компанияның өнімдері элиталық болғандықтан қарапайым ортаның қалтасы көтере бермейтін шамада. Бірақ сол біздегі шетелден жиһаз алдырып жүргендердің көбі осы элиталықтар екенін ескерсек, қазақстандық өнімге сұраныстың төмендігі оның бағасына емес, импортты бедел санайтын санаға да байланысты.
«Бір қызығы, біздің сапалы жиһаздарды сатып алып үйлеріне қойған соң, шімірікпестен, шетелден алдырдық дейтіндер де бар екен. Бұл бір жағынан біздің өнімге деген жоғары баға шығар, яғни шетелдіктерден еш кемдігіміз жоқтығын білдіреді. Алайда, бізді Қазақстанда нағыз элиталы сапалы өнімнің жасалатынына халықтың әлі де сенбестігі қынжылтады», дейді Тимур Исмаилов.
Айтқанымыздай, «Адельфидің» фабрикасы Алматыда алты мың шаршы метрді алып жатқан 3 қабатты ғимаратта орналасқан. Ал оның қосымша төртінші қабаты сонда жұмыс істейтін жүз адамға арналған асхана. Онда жұмыскерлерге барлық жағдай жасалған. Тағы бір ерекшелігі, бұл компанияда жұмысшылардың басым көпшілігі 10 жылдан аса жұмыс істеп жүр, тіпті, алғаш ашылғаннан бері келе жатқандар да бар екен. Фабрика жұмысшыларына тек жұмыс беріп қоймай, сонымен қатар, айлық жалақысынан бөлек, күніне үш мезгіл тамақ, кейбіреулеріне тіпті, үй мәселесінен де көмек береді екен. Фабрикада басым көпшілігі қазақ жігітері болғанымен, түрік, өзбек, қырғыз, корей, орыстар да жұмыс істейді. Тіпті, мүмкіндігі шектеулі азаматтар да бар екен. Мұның өзі ондағы жұмыскерлерге жақсы жағдай жасалғанын білдірсе керек. «Жиһаз, ағаш бұйымдарын жасау – қолөнер, қара жұмыс болған соң, ондағы жұмыскерлерге жасалған жағдай өнімнің сапасына да әсерін тигізеді. Сондықтан басшылық алдымен жұмыскерлердің жағдайына айрықша назар аударады. Шүкір, қазақта ағаштан түйін түйетін хас шебер көп. Шетелдік шеберлерден ешбір кем түспейді. Фабрикамыздың өндіріс қуаты да өте жоғары, кез келген тапсырысты орындайды. Бастысы, елімізде кәсібін дөңгелеткісі келген адамға барлық мүмкіндік бар. Соған шүкірлік етеміз. Тек аянбай еңбек ету керек», дейді Тимур Исмаилов.
Қазіргі кезде дағдарыс талаптарына бейімделе бастаған фабрика болашақта элиталық қана емес, эконом-класс деңгейіндегі жиһаздарды да жасауды және жиһаз жасауды үйрететін мектеп ашуды жоспарлап отырғандығын жасырмады. Сондай-ақ, қазақстандық өнімді барынша таныту мақсатында Астанадағы «Көрме» залында 13-15 сәуірде өтетін «ASTANA INTERIOR DESIGN-2016» халықаралық көрмесіне де қатысуды көздеп отыр.
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан».