12 Наурыз, 2016

Құпия цех құрыққа ілінді

298 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қазіргі уақытта салық заңнамасына тиісті өзгерістер енгізіліп, салық төлеушілердің жұмысын жеңілдету мақсатында көптеген реформалар жасалып жатқаны белгілі. Соған қарамастан, салық төлеуден жалтарып, көлеңкелі экономиканың ықпалынан шыға алмай жүрген субъектілер саны әлі де азаяр емес. Атап айтсақ, жуырда Алматы қалалық мемлекеттік кірістер департаменті экономикалық қылмыстарды тергеу қызметі өкілдерінің жүргізген рейді барысында заңсыз кәсіпкерлікпен айналысқан құпия цех әшкере болды. Аталмыш цех бірнеше жыл бойы жасырын түрде есептік бақылау маркасын шығарумен айналысқан. Бұған қоса шетелдерден контрабандалық жолмен қымбат «Макаллан», «Чивас», «Абсолют», «Ельцин» маркалы вис­ки мен арақ және «Мальборо», «Парламент», «Мевиюс» сияқты темекі өнімдерін акциздік маркасыз әкеліп отырған. Содан кейін жалған жолмен әкелген тауарларға өздері шығарған акциздік маркаларды жапсырып сатумен айналысқан. Тауарлар Алматы қаласы мен бірқатар облыс орталықтарының көңіл көтеретін түнгі клубтарында, казиноларда, караоки-барларда және мейрамханаларда таратылған. Құпия цехты әшкерелеу барысында алынған жедел ақпараттар бойынша анықталған 4 күдіктінің үйін тінту барысында құны 70 мың доллардан асатын спиртті ішімдіктер мен 2000 данадан артық жалған есептік бақылау маркасы және соны басып шығаратын арнайы аппарат табылды, деп хабарлайды Алматы қалалық мемлекеттік кірістер департаментінің баспасөз қызметі. Аталмыш оқиға бойынша спиртті ішім­діктердің сапасы мен есептік бақылау мар­касының жалғандығын анықтау мақсатында сот-тауарлық және техникалық сараптама тағайындалды. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 233, 214-баптары бойынша №157500121001940 қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысында тағылған айғақтар бұлтартпастай болғандықтан, ұсталғандардың өз кінәларын толықтай мойындамауға амалдары қалмады. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.