Оны асылдандырмай алға баса алмаймыз
Осыдан 10 жыл бұрын еліміздегі асыл тұқымды малдардың тектік қорларын сақтау және олардың қатарын одан әрі байыту мақсатында Елбасының тікелей тапсырмасымен Астана іргесіндегі Қосшы ауылында «Асыл түлік» мал тұқымдарын асылдандыру орталығы құрылған болатын. Бұл орталық осы мерзім ішінде еліміздің мал шаруашылығын дамыту ісіне өзіндік үлесін қосып қана қоймай, сонымен қатар қабылданған шешімнің дұрыс болғандығын барынша дәлелдеп берді. Мал тұқымдарын асылдандыру арқылы мал өнімдерінің көлемін арттырып, сапасын көтерудің тиімді жолын өз тәжірибесі арқылы көрсетті. Ендігі кезекте бұл ұйым елімізде биылдан бастап белсенді жүзеге асырыла бастаған кең ауқымды селекциялау жүйесіне қосыла және жүйедегі басты буындардың біріне айнала отырып, осынау маңызды істі алға жылжытудың сенімді жолына түсті. Төмендегі мақала өзінің он жылдық мерейлі мерекесін осындай толымды табыстармен қарсы алған ұйымның жекелеген жетістіктерін әйгілейді. Ел экономикасының нығаюына ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірудің артуы да өз септігін тигізуде. Әсіресе, ауыл шаруашылығы өнімдерінің ішіндегі дәстүрлі сала мал шаруашылығы өнімдеріне сұраныс артып, өндірген өнімнің сапасы тұтынушылардың талабына лайық болуда. Мал шаруашылығы ішінде ірі қара мал өнімдеріне сұраныс өте жоғары, өйткені сүт, ет, май, қаймақ, тағы басқа өнімдер әрбір отбасының дастарқан мәзіріндегі күнделікті сұранысты қажет ететін тағамдар. Сондықтан Ауыл шаруашылығы министрлігі мал өнімдерін өндіруді арттыру үшін республикада бұрыннан қалыптасқан асыл тұқымды ірі қараның құнды тектік көрсеткіштерін сақтауды және одан әрі дамытуды көздейтін арнайы бағдарлама қабылдаған еді. Осыған орай 2000 жылдың 26 желтоқсанында мал тұқымын асылдандыру ісімен айналысып келген республикалық «Асыл» және Ақмола облысының «Ақмола Асыл» акционерлік қоғамдарының негізінде «Асыл түлік» республикалық мал тұқымын асылдандыру орталығы құрылды. Оның алдына елімізде шығарылған жергілікті жерге бейімделген отандық ірі қара мал тұқымдарының ең жақсы аталық малдарын жинақтап, күтіп-бағып, тектік қорларды сақтау, сонымен қатар оларды шетелдік асыл тұқымды аталық малдар арқылы байыту, жоғары өнімді асыл тұқымды материалдар алу, онымен ішкі сұранысты қамтамасыз ету міндеті жүктелді. Осы міндетті орындау үшін орталық 10 жыл ішінде не істеді, қандай жетістіктерге жетті? Төменде осы жайында әңгіме қозғамақпыз. 10 жыл көлемінде орталыққа ірі қараның 15 тұқымнан 243 бас өнімділігі жоғары аталық малдары әкелініп тиісті мақсатқа жұмсалынуда. Атап айтсақ, 243 бастың 97 басы отандық. 7 бас АҚШ-тан, 7 бас Германиядан, 125 Ресейден, 7 бас Украинадан әкелінді. Алынған бұқалардың 153 басы сүт бағытындағы, 66 басы аралас бағыттағы, 24 басы ет өндіру бағытындағы аталықтар. Олардың енелерінің сүт өнімділігіне келер болсақ, отандық аталық тұқымның өнімділігі 5-7 мың литр, жақын шетелдерден алынған бұқалардың өнімділігі 8-9 мың, алыс шетелдерден алынған бұқалардың өнімділігі 10-15 мың литр. Жоғарыда аталған малдарды күтіп бағу, ұрық өнімін алуға дағдыландыру және француз технологиясы бойынша асыл тұқымды (өнімді) материалды өндіру орталық мамандарының күнделікті жауапты жұмыстарына айналды. 10 жыл көлемінде орталықта 7,4 млн. доза өнім өндірілсе, оның 1,5 млн. дозасы ұрпақтарының сапасы арқылы тексеруден өтіп жақсартушы деген бағаға ие болды. Егер мемлекет осы мерзім ішінде жоғарыдағы малдарды күтіп бағуға, ұстауға және өнім өндіру үшін қажетті жағдайлармен қамтамасыз ету мақсатында 1 миллиард 262 миллион 420 мың теңге қаржы бөлген болса, бүгінгі күні өндірілген өнім көлемінің 25 пайызының өзі ғана мемлекет берген қаржыны 100 пайызға, яғни толық қайтаруға мүмкіндік берді. Ал қалған 75 пайыздың өнімдері мемлекеттің, ауыл тұрғындарының пайдасына қызмет ететін болады. Міне, осы жағдайдың өзі қабылданған бағдарламаның өте сәтті болғандығын және алдағы уақыт үшін оның барынша өміршең екендігін көрсетіп отыр. Еліміздегі асыл тұқымды өнімге деген сұранысты қамтамасыз етуге орталықтың толық мүмкіндігі бар. Атап айтсақ, отанымыздың асыл тұқымды өнімге деген ішкі сұранысы жылына 1 млн. доза көлемінде болса, бүгінгі таңда орталықтың ұрық сақтау қоймасында 6 миллион 161 мың доза ұрық сақтаулы. Мұның 730 мыңы бағалаудан өтті. Олардың 430 мыңы – сүт бағытындағы, 300 мыңы – ет бағытындағы малдардың өнімдері. Биылғы жылы қолда бар 40 бас асыл тұқымды аталықтың әр басынан жыл көлемінде 25 мың дозадан артық ұрық алынып қоғам бойынша 1 млн. дозадан астам өнім өндірілді. Орталық 10 жыл көлемінде дистрибьютерлік орталықтарға, ауылшаруашылық құрылымдарына және жеке тұлғаларға малды өз төлі есебінен көбейту бойынша қызмет көрсету арқылы 2 млн.715 мың доза ұрық сатып, өз қызмет көрсету шеңберінің аясында Ақмола, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарының шаруашылықтарында 405 мың аналық басты қолдан ұрықтандыру жұмыстарын атқарды. Осы мезгіл ішінде тұтынушылардан өнім сапасына наразы болған бірде-бір рекламация түскен жоқ. Өйткені, өнім өндіруде бекітілген нұсқаулық пен стандарт талаптары қатаң сақталады. Мал тұқымын асылдандыру ісінде тұқымдық қасиеті жоғары аталық малдардың ұрықтары арқылы аналық малдарды қолдан ұрықтандырудың бүгінгі таңдағы ең сенімді, ең тиімді, экономикалық жағынан пайдалы және мал тұқымдарын асылдандырудың ең төте жолы екені даусыз. Әрине осы жұмысты ел болып жұмыла көтеруге әлі де болса жергілікті жердегі азаматтардың ұйымдастырудағы, түсіндірудегі кемшін тұстары мен мал иелерінің тиісті көңіл бөлмеуі кері әсерін тигізуде. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармаларының мал мамандары мен асылдандыру орталығының қызметкерлері ауыл шаруашылығындағы аналық малдарды жаппай қолдан ұрықтандыруды қамтамасыз етуі тиіс. Осы бағыттағы жұмыстарды жақсарту мақсатында орталықта мал ұрықтандырушы техниктерді даярлау курсы ашылған. Мұнда 400 адам техник ұрықтандырушы мамандығын меңгеріп, тиісті орындардан сертификат алды. Олар мекеменің қызмет көрсету аясындағы 448 мал тұқымын ұрықтандыру бекеттерінде жұмыс істеуде. Алдымыздағы жылдары осы жұмысты жандандыра отырып қолда бар аналық бастың 70 пайызын қолдан ұрықтандыруға жеткізу үшін еңбек етеміз. «Жақсы бұқа жарты табын» деген сөзді халық айтқан. Сондықтан да орталыққа алынған бұқалардың сапасына онын өнімділік көрсеткіштеріне, жергілікті ортаға төзгіштігіне, бейімдігіне және өз бойындағы жақсы көрсеткіштерін ұрпақтарына беру қасиетін анықтауға мұқият көңіл бөлінеді. Ол үшін мекемеде арнайы бөлім ашылған, онда білікті мамандар, селекционерлер жұмыс жасайды. Мекемені ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, Бараев атындағы сыйлықтың иегері Айбын Төреханов басқарса, бөлімді ғылым докторы, профессор Қабыл Исабеков басқарады. Өткен мерзім ішінде орталықтағы бұқалардың 190 басы отанымыздың 9 облысындағы 89 асыл тұқымды шаруашылықтарға келісім-шарт арқылы бағалауға қойылды. Бағалау жұмысы Ауыл шаруашылығы министрлігінде бекітілген аталық малдарды бағалаудың нұсқаулығы негізінде жүргізіледі. Асыл тұқымды сүт бағытындағы бұқаны ұрпағының өнімділігі арқылы бағалау нұсқаулық мерзімі бойынша 4,5 жылды, ал ет бағытындағы бұқаны бағалау 2,5 жылды қажет етеді. Бөлім мамандары әр тоқсан сайын бағалау жүргізіліп жатқан шаруашылықтарға барып, шаруашылық мамандарымен бірлесе отырып жас төлдердің өсуін есепке алады, алынатын өнім мөлшеріне мониторинг жүргізеді. Мерзім біткен кезде облыс әкімінің бұйрығымен бекітілген ведомствоаралық комиссияның шешімімен тексерілген бұқаның категориясы анықталады. Бүгінгі таңда бағалауға қойылған 190 бас бұқаның 82 басы сынақтан өтіп жақсартушы деген баға алды және олардан 1,5 млн. доза ұрық жиналды. Асыл тұқымды шаруашылықтар негізінде жүргізілген бұқаларды ұрпақтарының өнімділігімен бағалау жұмыстары бірдей күтіп-бағу жағдайында бағаланушы бұқалардың ұрпақтары өздерінің енелерінің көрсеткіштеріне қарағанда сүтті неғұрлым көп беретіндігін көрсетіп берді. Мәселен, өздерінің енелеріне қарағанда голштиндік қара ала тұқым ұрпағы жыл көлемінде сүтті 805 килоға, даланың қызыл тұқымы ұрпағы – 673 килоға, қара ала тұқым ұрпағы – 702 килоға, Алатау тұқымы ұрпағы 1066 килоға көп берді немесе өнімділікті 20-24 пайыз арттырды. Демек бұл 100 мың Алатау тұқымы сиырының ұрпағы бұрынғымен салыстырғанда 100 мың тонна сүтті артық береді деген сөз. Үлкен экономикалық тиімділік дегеніміздің өзі осы. Мекемеде қызметкерлердің әлеуметтік жағдайына да елеулі көңіл бөлінеді. Қызмет орындарының сайлылығы, компьютерлік, электронды аппаратуралармен қамтамасыз етілуі, мекеменің айналасын көгалдандыру, безендіру жұмыстары талапқа сай істелуде. Жұмысшыларға арзандатылған екі мезгіл тамақ ұйымдастырылған. Елбасының жастарға жасаған қамқорлығына үн қоса отырып дипломмен ауылға деген бағдарлама аясында С. Сейфуллин атындағы аграрлық университеттің кадрлар жәрмеңкесіне қатысып соңғы 3 жылда 10 бітіруші жас маманды жұмысқа қабылдап, тиісті жатақ орынмен қамтамасыз етіп, басқа да әлеуметтік жағдайларын жасадық. «Асыл түлік» акционерлік қоғамы алдағы уақытта да «КазАгроИнновация» орталығымен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істей отырып, Ауыл шаруашылығы министрлігі қойған міндеттерді талапқа сай жүзеге асыра беретін болады. Жора АЛМАНТАЙ, «Асыл түлік»» АҚ басқарма бастығының орынбасары, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты.Қазақстанның екі өңірінде жол жабылды
Ауа райы • Бүгін, 16:25
Астана даңғылдарының бірі 2 аптаға жартылай жабылды
Елорда • Бүгін, 15:47
Өскеменде бір ай бұрын жоғалып кеткен 19 жастағы қыздың мәйіті табылды
Қоғам • Бүгін, 15:17
Ақтау маңында ірі жол апаты болып, 7 адам ауруханаға жеткізілді
Аймақтар • Бүгін, 14:42
Алаш қозғалысы: 12 том құжаттар мен материалдар жинағы толық жарық көрді
Руханият • Бүгін, 14:03
Шайды қай кезде ішкенде зияны болмайды
Денсаулық • Бүгін, 13:32