12 Наурыз, 2016

Бұл да қазақтың шерлі шежіресі

428 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Z09B8441Ұлт зиялылары туралы көптеген кітаптар жазып, жұрттың ілтипатына бөленген қайратты қаламгер Медеу Сәрсекенің «Семей қасіреті» атты деректі кітабының тұсаукесер рәсімі елордадағы Еуразия ұлттық университетінде өтті. Оны іргелі оқу орнының проректоры, профессор Дихан Қамзабекұлы ашып, «Фолиант» баспасынан шыққан еңбек туралы қысқаша мағлұмат берсе, айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазин жырдан шашу шашты. Өзінің өмір жолына тоқтала келіп, деректі хикаят туралы ой қозғағанда, кітап авторы көптеген ізденістерін іркілмей айтты. 63 кітап шығарғанын, ол 1 миллион 50 мың таралыммен жұрт қолына тигенін де еске салды. Ал «Семей қасіретін» жазу кезінде архив материалдарын айтпағанда, 31 кітапты қарап шыққанын атап, халыққа кім адал қызмет етті, кім қарабасының қамын ойлады деген мәселеде ақиқаттан аттамауға тырысқанын, ұлт ардақтыларының әділдік үшін тайынбаған табанды­лықтарынан мысалдар келтірді. Кезінде Семей облысын басқарған Морозовтың солақай саясатын біле тұрып, қаладан оған көше беріп отырғанымыз өкінішті, деді. Полигоннның зардабын тарт­қан халықтың қасіреті кітапта айтыл­ғанын, бұл болашақта терең зерттеуді қажет ететінін еске салып, ұлт зиялылары Кеңес дәуі­рінде үн көтергенін, әсіресе, Мұхтар Әуезов 1957 жылы 60 жылдығын Семейде атап өткеннен кейінгі бір сәтте ұлы ғалым Қ.Сәтбаевқа: «Әй, Қаныш. Менің елім ауру, бірдеме істемейсің бе?» дегенін тілге тиек етіп, 1958-ден 1960 жылға дейінгі аралықта Атшабаров, Балмұқанов бастаған комиссияның жұмыс істегенін, кейін оның тұншықтырылғанын, архивке қамалған шындық 1998 жылы ашылғанын атады. Қаламгер бұл еңбегінде тек қана ақиқатқа ден қойғанын, оны сол дәуірлердегі дереккөздеріне сүйене отырып, ұлтқа керек, сабақ алуға тұратын дүниені ешкімнің бет беделіне қарамай жазғанын алға тартты. Белгілі ғалым Серік Негимов 852 беттен тұратын кітапты толық оқып шыққанын, 470 атом сынағы жерді бүлдіріп, тасты үгіткенінен, көктегі қыран құстың көзін ағызып түсіргенінен мысалдар келтірді. Профессор Нәубет Қалиев сол қасіреттен көрген азап, тартқан тозаққа ден қойып, шерменде шежіреге өзі де куә болған жай­ларды көлденең тартты. Ол Семей өңірі патша заманында да, одан кейінгі ойрандарда да көрген зұлматы аз болмағанын атап, 30-шы жылдардың алдында Шыңғыстауда 34 мың халық болса, кейін содан 6-ақ мың қалғанын дәйекке келтірді. Атом қасіреті елді тоз-тоз еткенін, ондай күнді енді ол өңірге көрсетпесін деген тілегін де білдіріп, әйтсе де, бір кездері дәулеті мен сәулеті тең түскен кейбір ауылдардың қазір жұрты қалып бара жатқаны кімді де болса ойландырмай қоймайтынын атады. Академик Сейіт Қасқабасов полигон зардабын алғаш көрген­дердің бірі өзі екенін айтып, соны зерттеген атақты ғалым Бақия Ат­шабаровпен ауруханада бірге жатқанда, ылғи әндетіп жүре­тінін, «Мұныңыз қалай?» деп сұрағандарға: «Ұлт үшін бір іс бас­тап едік, сол аяқталмай қалды. Енді әндетіп жүргеннен басқа не қалды», дегенін еске түсіріп, Медеу Сәрсекенің бұл кітабын сыйлыққа ұсыну керек деді. Академик Ғарифолла Есім 80-ге келген қаламгердің осындай кітап жазғанына дән ризалығын білдіріп, ең бастысы, өздері жан-жаққа кеткенде, киелі топыраққа құт болып қалған асыл ағасына деген шынайы сезімін жеткізді. Белгілі жазушы Сұлтан Оразалы сынақ болады деп елді көшіргенде үй есіктері ашық-шашық қалғанын, сол кездегі адамдардың ниетінен бе, ұры-қары әлгі баспаналарды барымтаға салмағанын айтып, жан басына таратқан 50 сомды місе тұтқанын, сондай шырылдаған шындықты жазған жазушыға ел риза, деп мұндай еңбекке қандай сыйлық берсе де жарасатынын жеткізді. Ақын Серік Тұрғынбекұлы Медеу Сәрсеке қыран тектес қаламгер екенін, бәрін алыстан шалатынын, қазақтың арыс ұлдарының бірі Кәкімбек Салықов: «Медеу Сәрсекенің жаратылысы бөлек, оны зерттеу керек», дейтінін еске салды. Сонымен, тағы бір қазақтың шерлі шежіресін шерткен көлемді кітап оқырман қолына тиді. Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан».