Кез келген ұлттың өзіне тән қаншама жылдан бері қарай қалыптасып келе жатқан салт-дәстүрі, ата танымы болады. Алайда, оны берік ұстану мына жаһандану кезеңінде тым қиынға соғып барады. Қалай десек те, ұлт ұлт ретінде сақталып қалуы үшін соның бәрі маңызды. Біздің қазақ халқының бүгінгі таңдағы берекелі тіршілігі, баянды бірлігі бір жағынан осынау баба аманатына аса жауапкершілікпен қарағанынан болса керек. Әлбетте, жоғын түгендеп, барын қастерлей білген халықтың болашағы да жарқын болмақ. Сондай қастерлі, қадірлі мұрамыздың бірі – Ұлыстың ұлы күні.
Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі әз Наурызды алғаш рет кең көлемде атап өткелі отыр. Оған арнайы бағдарлама дайындалып, іс-шаралар легі 10 күнге жоспарланған. Діттегеніміз – ұлттық құндылықтарымыздың дамуына күш сала отырып, салт-дәстүріміздің насихат жұмыстарын жаңғырту. Жаңарудың бастауы болып табылатын жыл басын бүкіл ұжым болып сән-салтанатпен қарсы алмақ. Ендігі кезекте бағдарлама барысына қысқаша тоқталып өтсек.
14 наурыз Амал күнімен бастау алатын шаралардың жалпы мазмұны текті қазақ халқының тарихынан сыр шертеді. Оның үстіне, музей қызметкерлерінен құралған командалар арқан тартудан, асық атудан өзара жарысқа түскелі отыр. Осылайша наурыз айы – ұлттық ойын түрлерінің ұлықталатын уақыты екенін іспен көрсету.
16 наурыз күні «Наурыз – жыл басы» деген тақырыпта дөңгелек үстел өтеді. Оған этнографтар, тарихшылар қатысады. Шараның басты мақсаты – Наурыз мейрамын тойлауды уақыт талабына сай түрлендіру жұмыстарын ақылдасу, өзара талқыға салу. Зиялы қауымның ұсыныстары қоғам талқысына салынып, Ұлыстың ұлы күнін жалпыхалықтық мерекеге айналдыру үшін барынша жұмыс жүргізілетін болады.
Осынау 10 күндік бағдарламаның ішінде қайырымдылық шарасы да қамтылған. Атап айтқанда, 15 наурыз күні балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан балалар «Тұсаукесер» рәсіміне қатысады. Қоғам қайраткерлерінің қатысуымен өтетін бұл дәстүріміздің Ұлттық музейдің шаңырағы астында көрініс табуы жаңа бастамалардың басы болайын деп тұр. Аталған шарада балалар үйінің бірнеше тәрбиеленушісінің тұсауы кесіледі. Бұдан бөлек, жаңадан шаңырақ көтерген жас жұбайларға арнап «Ақ босаға» рәсімі ұйымдастырылады. Ел ағалары жастарға бата беріп, отбасы болудың маңызы туралы ақыл-кеңестер айтады. Бұл жобалар музейдің әлеуметтік парызын атқару үшін алдағы уақытта дәстүрлі түрде өтетін болады.
17 наурыз күні мектеп оқушылары мен колледж студенттерінің қатысуымен «Қазақ халқының ұлттық ойындары» тақырыбында ашық сабақ өтеді. Ашық сабақтың басты мақсаты – ұлттық мұраларымызды әспеттей отырып, жас ұрпақтың көңіліне ой салып,жүрегіне қазақы рең беру.
Сонымен қатар, 10 күн бойы балалардың құрметіне арналған «Қош келдің, әз Наурызым!» іс-шарасы жүргізіледі. Бұл ретте балақайларды мерекелік концерттер мен қызықты қойылымдар күтіп тұр.
Айта кетейік, Ұлттық музей қонақтары наурыз айы бойы Ұлыстың ұлы күніне арналған көрмелерге қатысуға мүмкіндігі бар. Мерекенің құрметіне тігілген киіз үйді тамашалап, ақтан дәм тата алады.
Осынау тың бастамалардың дайындық жұмыстары басталып та кетті. Оған барлық музей қызметкері жұмылдырылған. Дала заңын терең меңгерген ата-бабаларымыздың аманаттап тапсырған осыншама дүниесіне жауапкершілікпен қарау және оның өміршеңдігі жолында жұмыс жасау еліміздегі ең үлкен мәдениет ордасының басты миссиясы. Соның бәрін абыроймен өткізсек, алға қойған мақсаттарымыздың орындалғаны. Ұлттық нақыштағы игілікті іс-шаралардың көрермені болып, жыл басын бізбен бірге қарсы алуға шақырамыз.
Әз Наурыз құтты болсын, ағайын!
Жазира КҮЛБАЕВА,
Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі директорының бірінші орынбасары.