12 Наурыз, 2016

Ініге ілтипат

633 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Жакыпжан НургожаевАспантаулар етегіндегі біздің елден талай таланттар түледі. Мәселен, асыл жыры жаң­ғырған Көдек Байшығанұлын алып қараңыздар. Ақын атамыздың сөз керуенін ешкім тоқтата алған жоқ. Қызыры мен киесі жоғалмады. Ешкімге ұқсамайтын Бердібек пен Мұқағали, Еркін сол бабаларымыздың жалғасы. Ал, Ұзақ Бағаев пен Тельман Жанұзақов бастаған журналис­тер легі қандай? Көңіл толқып, көз тояды. Менің айтайын деген кейіпкерім журналист-жазушы Жақыпжан Нұрғожаев сол ағаларының артынан ілесті, замандастарының жанында болды, інілерінің алдында жүрді. Уақыт шіркінге тоқтау бар ма?! Жақыпжанның ағалық кезеңге жеткенін байқамай да қалыппыз. Жетінші белес биі­гі­не шығып, жан-жағына қуана қарап тұр. Әрине, Жақыпжан інімнің қуануға да, құрметке бөленуге де толық қақысы бар. Себебі, жүріп өткен жолдарындағы іздері анық. Тәжірибесі тәлімге айналды. Қалам­­герлік дейтін қиын істің зор жауап­кер­шілігін мойымай көтерді. Ол ең алдымен, өзіне сенді, еңбегіне жүгінді. Ізденіс үдерістерін еш­қашан үзіп алған емес. Мұндай табан­дылықтың түбі жетістік пен нәтижеге апаратыны анық еді. Қолы қалт етсе Жақыпжан інім құстай ұшып маған жететін. Оның іздегеніне мен де риза боламын. Біз сол күні басқа жұмыс­тарды қоя тұрып, ел жайындағы әңгімелерді толғайтынбыз. Қаймақ қатқан күрең шай маңдайды жіпсіткен сайын ойды ойға сабақтап сырласамыз. – Аға, осы журналистік қызметтің арқасын­да талай елді араладым. Талай сусынды таңсық көрдік. Бірақ солардың бәрі құла қас­қа күрең шайымызға жетпейді, – деп маған қарап жымияды. – Сен дәл байқаған екенсің. Өзің менің ішімдегі сөздерді оқып отыр­ғандай етіп сөйлейсің, – деймін мен де оны қолпаштап. – Солай болуға тиістіміз, аға. Бай­қам­­паз­­дықты тереңдетпей журналист болу қиын. Айналаны жіті шо­л­уға міндеттіміз. Біз адамдар ту­­ра­­лы жақ­сы мақалалар жазумен ға­­на шек­­тел­­мейміз. Оларды пәле-жа­­­ла­­­­­дан қорғ­ау үшін де күресеміз, – дейді. Осы сәтте мен оған қызыға қарап қала­мын. Сонда барып Жа­қып­­жанды не үшін жақ­сы көре­тінімді түсіне бастаймын. Менің білетінім, Жақыпжан өзінің алғашқы журналистік жұ­мыс­ын Алматы облыстық «Жетісу», сосын республикалық «Ленин­шіл жас» газетінен бастады. Сол кезеңдерде елдегі жалғыз жастар басылымына қызметке кіру өте қиын еді. Ынталы жігіттер көп. Сынақтан сыр бермей өткендер, көш басынан көрінгендер ғана тілші деген куәлікке қол жеткізетін. Сондай мүмкіндік Жақыпжанның еншісіне бұйырды. Оған бәріміз қуанғанбыз. Ініңнің ісі ілгері басып жатса неге тілектес болмасқа?! Газеттің редакторы Сейдахмет Берді­құлов деген азамат таланттарды танитын, өткірді жанитын нағыз ер еді. Жақыпжанды да шыңдады. Өзінің бейіміне қарай тапсырмалар беріп, қайнаған өмірдің ортасына салды. Жас журналист сыр берген жоқ. Сол туралы оның бір айтқаны менің әлі есімде. – «Лениншіл жастың» жігіттері күнде­лік­ті ақпаратпен бірге, өз­деріне тән дара ерек­шеліктерімен көзге түсуге тиісті. Мен ұзақ ойлана келе сот істеріне қатысты очерк­тер жазуды таңдадым. Жоспар-жо­ба­м­ды редактор мұқият тыңдады. Содан кейін рұқсатын берді. Жаңақорған ауданына жол тарттым. Төбесінен соққы тиіп, тура есіктің алдында жантәсілім болған жақынының өліміне кінәлі деп табылған жас жігіт 17 жылға сотталыпты. «Қолым да, арым да таза», деген оның жанайқайына дәлел жоқ. Білікті заңгерлердің өзі ақтай алмаған. Сотталушы ең соңында «Лениншіл жастан» көмек сұраған. Жұмыс осылай басталды. Өзім прокурор, өзім тергеуші, өзім сотпын. Деректер мен дәйектерді салыстырамын. Қанша үңілсем де иненің жасуындай саңылау жоқ. Кенет бір күдік мені елең еткізді. Жастар газетінің күшімен КСРО Қорғаныс министрлігіне сұрау салдық. Мына ғажапты қараңыз, тура сол күні, сол сағатта Жаңақорғанның әуе кеңістігінде әскери ұшақтардың жат­тығулары болған екен. Жоғарыдан құлаған бұранда қаперсіз тұрған марқұмның төбесіне тиіпті. Журналистің мақаласы бойынша қайтадан сараптама жасалды. Бәрі расталды. 17 жылға сотталған жігіттің қолынан кісенді алған кезде, бұл көрініске толқымаған жан жоқ. Газеттің беделі мен даңқы одан сайын аспандады, – деді жанарынан нұр ұшқындап. Ол мұндай оқиғалардың талайына куә болды, жазықсыз жапа шеккен талай жан­дарға көмектес­­ті. Жастар газетінде өткіз­ген күн­дерінің есінен кетпейтіні сондықтан. 80-ші жылдардың ортасында Жақыпжан аяқ астынан бір батыл шешім қабылдады. Жас­тар газетін қоя тұрып Шелек аудандық газетіне жұмысқа кетті. Оның себе­бі, ел-жұрт­тың ортасында бол­ғанды қаламгер жан-тәнімен қала­ды. Мұнда қарапайым еңбек­кер­лермен күнделікті кездесіп, емен-жарқын сөй­лесуге мүмкіндіктер көп.Екіншіден, аудандық газет­тің жетекшісі ретінде жаңа қалам­дас­тарына жастар газетінің тәлімдерін үйреткенді жөн деп ұйғарған. Осыны естіген кезде мен оны қуана құптадым. Себебі, Шелек ауданы – менің туған ауданым болатын. Алматылық қаламгер ауыл мәдениетінің өркендеуіне осылайша үлесін қосып жатса, оған қалай қол соқпайсың?! Кейін білдім, Жақыпжан бұлай еткенде алыс көкжиектерге көз салған екен. Сол тәжірибелер кейін облыстық «Жетісу» газетін басқарғанда іске жарады. Елді, жерді жетік білетінін көрсетті. Қандай мәселе көтерілуге тиіс, соны дөп басып тауып отырды. Жақыпжан «Жетісудың» шежіресінде ең ұзақ редактор болған адам ретінде құр­меттелді. Бірқатар білікті шәкірттер тәр­бие­леді. Қазір сол інілері ағасының жолын ой­дағы­дай жалғастырып жатыр. Бұл да оған берген өмірдің ең үлкен сыйы. Сонымен қатар, ауданға қыз­метке бар­ғаны­­ның тағы бір құпия­сын айтайын. Оны «Көксеңгір – Қайыңдының бойтұмары» атты хикаяттар жинағын оқығанда анық аңғардым. Шығармалары көркем жазылыпты. Сені қолыңнан жетелеп, ауылды аралатады. Ондағы жүректері пәк, көңілдері ашық, пейілді де мейірлі жандардың шаңы­рағына кіргізеді. Солардың бәріне сүйініп, бәріне сенесің. Осы кітапты оқығаннан кейін мен оның жазушылық қабілетін біржолата мойындадым. 2005 жылдың жазы. Жақыпжан жұмыс бөлмеме қуанып, өте көңілді кірді. Бұл – Райымбек батырдың 300 жылдық мерейтойы­на әзірленіп жатқан кез. – Аға, той тойға ұлассын десе­ңіз, бізге демеушілік жасаңыз, – деді аптыға сөйлеп. – Жақыпжан-ау, мәселені алдымен дұрыс­тап түсіндірші. Сені ерекше желпін­діріп отырған не нәрсе? – Біз «Мұқағали» журналын шығаратын болдық. Оның әдеби дайындығы толық аяқталды. Ен­дігі жұмыс қаржыға тіреліп тұр. Оны сіз қолдамағанда, кім қолдайды?! – деді. – Мынауың керемет жаңалық қой! Сүйінші сұрамайсың ба?! Шіркін, мұны Мұқағали ағамыз көргенде қандай қуанар еді?! Сендер дұрыстап бастаңдар, мен қолдан келгеннің бәрін аямаймын, – деп інімді құшақтай алдым. Жақыпжан бастаған жігіттер өздерінің уәдесінде тұрды. Журнал кеше ғана 10 жылдық мерейтойын атап өтті. Айта берсең әңгіме көп. Оның бәрін түгендеп, түгел баяндай алмайсың. Менің білетінім, журналист Жақыпжан кезінде талай ағалары мен әпкелерін келістіре отырып газетке жазды. Енді ол туралы жазу біздің жолымыз сияқты. Сондықтан, оған ағаның көзімен қарап, оның ісін ағаның сөзімен бағалауға тырыстым. Ал қаламгердің нағыз бейнесін сомдау келешектің еншісінде. Кеңес ҮШБАЕВ, фармацевтика ғылымдарының докторы, профессор.