12 Наурыз, 2016

Тараздың тойдан кейінгі тірлігі қандай?

508 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
888Той жасаудың бір жақсы жері – там-тасыңды түзеп, жөндеп, әктеп-көктеп, ескі-құсқы дүниеден құтылып, жаңадан жасанып, бір сілкініп қаласың. Дәл сол сияқты көне Тараз қаласы Қазақ хандығының 550 жылдық тойы қарсаңында тотыдай таранып, түрленіп, еңсесін бір тіктеп алды. Енді, міне, жас ұрпаққа берер тағылымы мол болған дүбірлі той өтті. «Келгенше қонақ ұялады, келген соң үй иесі ұялады» дегенді жадыларына жақсылап түйген жамбылдық шенеуніктердің той қарсаңындағы қарбалас қи­мыл­дары да бірте-бірте саябыр­сып, маңдайларын сүртіп, арқаны кеңге салғаны да анық. Әйтсе де Тараздың тіршілігі тойдан кейін, тоқырап қалған жоқ. Жам­был облысының әкімі Кәрім Көкірек­баев дүбірлі той өтісімен-ақ барлық аудандар мен Тараз қала­сының жұмысын бір сәтте босаңсытпай, әкімдерге үсті-үстіне тапсырманы үйіп, тіптен ширата түсті. Сонымен, хандықтың мере­кесі халықтың берекесіне айналып, көне шаһардың басшылығы шаруасын дөңгелетіп әкетті. – «Жалғыз адам қорған болмайды, жалғыз ағаш орман болмайды» деген бар ғой, – дейді Тараз қаласының әкімі Нұржан Календеров. – Осы жергілікті ха­лық­тың қолдауымен көп іс бітеді. Соның бірі – тазалық жұ­­мыс­та­ры. Қаланың сыртқы кел­беті мен ішкі тазалығын жасау бар­лы­­ғы­мыз­дың ортақ міндетіміз. Таза­­лық жұмыстары жыл он екі ай бо­­йына жүргізілуде. Шынын айту керек, Қазақ хандығының тойы көне қа­ла­ның сыртқы келбетіне ғана емес, тір­шілігіне де үлкен серпін берді. Қазір қалада 22 431 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Оның 17 288-і жеке кәсіпкер, 5107-сі ша­ғын және 36-сы орта кәсіпорын субъек­тілері. Шағын, орта бизнес субъектілерімен өндірілген өнім көлемінің үлесі 21 млрд. 864 млн. теңгені құрап, жалпы өнеркәсіп кәсіпорындарымен өндірілген өнімнің 12 пайызын құрапты. – Соңғы жылдары бизнесті дамыту үшін әкімшілік кедергілерді жою, мемлекеттік сатып алу рә­сім­дерін жетілдіру, еркін бәсе­келес­тікті ілгері дамыту, сондай-ақ, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында, қолдау көрсету бойынша үлкен жұмыстар атқарылуда, – дейді бұл жөнінде Тараз қаласының әкімі Нұржан Календеров. – Атап айтар болсақ, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында, 2015 жылы 3 млрд. 438 млн. теңгеге 69 жоба қаржыландырылды. Оның ішінде жеңілдетілген несие беру тетіктері бойынша 3 млрд. 303 млн. теңгеге 62 жоба, өндірістік инфрақұрылымды дамыту тетігі бойынша 123,5 млн. теңгеге 3 жоба және жаңа бизнес бастамаларға грант бөлу тетігі бойынша 11,7 млн. теңгеге 4 жоба іске асырылуда. Бұл жобалар арқылы қосымша 300 жаңа жұмыс орындары ашылды. Осы жобалар аясында «Аулие-а­­таТрансПасс» ЖШС «Donfeg» маркалы 17 автобус сатып алуға 71 млн. теңге, «Ясли-сад» Анет-А» ЖШС 250 орындық балабақша құрылысына және «Зербұлақ» аумағында демалыс орталығын салуға екі банктен жеңілдетілген 265 млн. теңге, «Арай-логистик» ЖШС қонақүй кешені бар бизнес орталығының құрылысын жүргізуге 900 млн. теңге жеңілдетілген несие алды. Сондай-ақ, жеке кәсіпкер «Науат» металл бұйымдарын хроммен және алтынмен қаптауды ұйымдастыру, «Жеңісбек» ЖК отын брикетін дайындау, «Exclusive art» ЖШС целлюлозды жылытқыш өндіру, «R & L Company» ЖШС бизнес порталын құру бойынша жаңа бизнес бастамаларға грант бөлінді. Әрине, облыс орталықтарының қаншалықты дамып келе жатқаны құрылыс қарқынына да байланысты. Соңғы кездері Тараз қаласында заманауи сауда орта­лықтарын салу белсенді түрде жүргізілуде. Мысалы, Жамбыл даңғылы бойында 6 мың шаршы метрді құрайтын 5 қабатты сауда үйі ғимаратының және Ташкент көшесінің бойында аумағы 2 мың шаршы метр болатын 3 қабатты сауда үйінің ғимараты салынуда. Бұрынғы «Караван» базары аумағында көлемі 55,3 мың шаршы метр болатын «MART» ірі сауда ойын-сауық орталығы қала тіршілігін қыз-қыз қайнататыны анық. Әрине, бұл нысандар қаланың сәу­леттік келбетін көркейтіп, жаңа жұмыс орындарын ашып, бей-берекет сауда мәселелерін шешуге елеулі үлесін қосады деген сенім бар. Иә, көне Таразда өткен бұл тойдың тарих төрінен алар өз орны бар. Ең бастысы, халқымыздың өткенін ұмытпай, бүгінін бағалап, болашаққа нық сеніммен қарауға үндеп, елдің рухын көтеріп кетті. Міне, жаңа келбетті Тараздың тірлігі осындай, ағайын. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан». Жамбыл облысы.