12 Наурыз, 2016

Халық пен салық

425 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
мустафаев 3Бүгінгі күннің көкжиегінен қарағанда әлем ахуалын және қоғамның қажеттілігін дөп басқан құжаттар – Президент Н.Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары мен «Қазақстан жаңа жаһандық нақ­ты ахуал­да: өсім, реформалар, даму» Жолдауы. Еліміздің дамуы тығырыққа тірелмей, экономикасы дағдарысқа дес бер­­мейтін қарқынмен жалғасуы үшін жария­­ланған осы құжаттарда Мемлекет басшысы салықтық және кедендік әкімшілендірудің бірқатар жаңа бағыттарын белгіледі. Елбасының сөзімен айтқан­да, «аяқ астынан келмеген бұл дағдарысқа» біздің қарсы қояр қаруымыз осы бағдарламалар. Бір-бірінің қисынды жалғасы болып келетін ин­но­ва­циялық-ин­дустриялық даму бес­жылдықтары, «Нұрлы Жол» инфрақұрылымдық даму бағдарламасы, «100 нақты қадам» экономиканың әр сала­сының бір бағытты бетке алып, бір биікті бағындыруға жасалған сызба сияқты. «Нұрлы Жол» инфрақұры­лымдық бағдарламасы тұсында ауқымды құрылыстар жүріп, біздің экономикамыздың дамуын тоқтатпады, қайта алға жетеледі. Және ол кезде Ұлттық қор қаржысы пайдаланылды. Алайда, Елбасы тапсырғандай, «біз Ұлттық қор есебінен емес, қаржылық мүмкіндігіміз шек­теулі кезде де экономиканы дамыта білуіміз керек». Қазірде қазақ­стан­дық кәсіпорындармен бірле­сіп жұмыс жасауға ынталы шетел­дік серіктестермен біріккен инвес­тициялық жобалар бастау алуда. Қызылорда облысында 2015 жылы өңірлік индустрияландыру картасы аясында құны 2,2 млрд. теңгені құрайтын 5 жоба іске қосылды (кәсіпорындар толық қуаттылыққа шыққанда 253 жұмыс орны құрылатын болады). Олар: құрамажем зауыты, керамикалық, күйдірілген кірпіш зауыттары, жарықтандыру шамдарын құрастыру өндірісі және үй құрылыс комбинаты. Индустрияландырудың екін­ші бесжылдығы аясында облыс аумағында жалпы құны 467 млрд. теңгенің 41 жобасын іске асыру жоспарланған. Соның ішінде, Индустрияландыру картасы шеңберінде жүзеге асатын «Қызылорда қаласындағы шыны зауытының» құрылысын айтуға болады. Көктемнің аяғына қарай зауытқа қажетті қондырғылар мен жабдықтар келе бастайды деп күтілуде. Өндіріске қосылуы 2017 жылға жоспарланған бұл зауыттың қуаттылығы – тәулігіне 600 тонна дайын өнім шығару. Және бір айта кетерлігі, кварц құмы, әктас сияқты қажетті шикізаттың 95 пайызы өз облысымызда өн­діріледі. Сонымен қатар, Арал қаласында кальцийлендірілген сода шығаратын зауыт құрылысы басталмақшы, яғни шыны өнді­рісіне қажетті тағы бір маңыз­­ды компонент өз өңірімізде өндірі­ле­тін болады. 2016 жылы инвестиция көлемі 500,4 млн. теңге құрайтын 4 жоба­ның іске қосылуы күтілуде. Олар: Қызылорда қаласында газбен жабдықтау стансасы, Сырдария ауданында «Дәулет» кірпіш зауыты, Арал ауданында «Ет және ет өнімдері, тұшпара цехы», Шиелі ауданында «Құрылыс материалдарын өндіру зауыты». Дәл осы орайда жетілдірілуі күн тәртібінен тұрақты орын алатын бірден-бір бағыт – бизнестің дамуы мен салық төлеуі үшін қолай­лы да тиімді жағдай жасау. Мемлекет табысының басты көзі болып табылатын салықты сапалы басқара білу талап етіледі. Демек, салықтық бақылауды жетілдіру арқылы көлеңкелі экономикамен, салықтан жалтарушылармен және жалған кәсіпкерлікпен күресеміз. Ел экономикасына айтарлықтай залал келтіріп отырған заңсыз­дық­тардың үлкен бір бөлігі – жалған кәсіпкерлікпен байланысты. Бұл дегеніңіз – қыруар қаражатты заң­сыз айналымға шығарып отыр­ған жүйе. Департаменттің эконо­микалық тергеу қызметі өткен 2015 жылы осы санаттағы 64 қыл­мысты анықтады, олардың 32-сі тергеу өндірісімен аяқталды, яғни қисынды соңына жеткізілді. Жалған кәсіпорындардың қыз­меті арқылы мемлекет бюджетіне 7,4 млрд. теңге көле­мінде залал кел­тірілген. Салық­тан жалтару бағы­тында келтірілген 4,4 млрд. теңге залал қалпына келтірілді. Сот үкімімен жалған кәсіпорындардың контрагенттерінен 228 млн. теңге салықтар бюджетке өндіріліп, 19 млн. теңгені құрайтын тауарлар мемлекет пайдасына тәркіленді. Сот шешімімен 20 тұлға 2 жылдан 4 жылға дейінгі мерзімдерге бас бостандығынан айырылды, оның ішінде 4 тұлға жалпы сомасы 16 млн. теңгенің айыппұлына жазаланды. Сонымен қатар, есепшот жазып беру кезінде, яғни қылмыс барысында 2 тұлға ұсталып, сотталды. Салық – бұл жаза емес. Мал-мүлкі үшін, шабындық және жайылым жері үшін, керуен артып жаса­ған саудасы үшін салық пен баж төлеу бұрынғы заманнан бар заң. Қазіргі камералдық бақылау, салық төлеушінің ерікті түрде, кем көрсеткен табыс көлемі үшін салығын төлеуге мүмкіндік береді. Алдымен бақылау барысында көрінген кем түсім салық төлеушіге хабарланады, орындалмаған жағдайда ғана тексеру тағайындалады. Мысалы: өткен жылы 275 кешенді және тақырыптық тексерулер бойынша 15,7 млрд.теңге салықтар мен төлемдер қосымша есептелінді (республикалық бюджетке – 7 687,8 млн. теңге, жергілікті бюджетке – 8 022,8 млн. теңге). 2015 жылдың маусым айында басталған хронометражды зерттеу науқанына жыл соңына дейін біздің облыста 85 нысан тартылды. Нәтижесінде салық төлеушілердің бір күндік табысы 9,2 есеге дейін, жекелеген салық төлеушілер бойынша 3 еседен 30 есеге дейін өсіп, жұмысшылар саны 116 адамға көбейді. Өткен жылдың 1 шілдесінен бас­тап алкоголь өнімдерін, бензинді сатушылар үшін деректерді беру функциясы бар бақылау-касса машиналарын орнату талабы қойылған болатын. Қазақстан Үкіметінің 30.12.2015ж. №1179 қаулысымен осындай бақылау-касса машиналарын пайдалануға міндетті қызмет түрлері кеңейіп, бекітілді. Электронды шот-фак­тура­ларды ендіру де, осы сияқты, қаражат айналымын бақылауға алуға бағытталған шаралар. Яғни, экономиканың көлеңкеге кетуіне тосқауылдардың бірі. Жалпы, Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің өткен 2015 жыл­дың қорытынды көрсеткіштері бойынша, мемлекеттік бюджетке 76,4 млрд. теңге түсіріліп, болжамды жоспар 106,6%-ға орындалды. Оның ішінде жергілікті бюджетке түсім көлемі 38,7 млрд.теңге, тапсырманың орындалуы 103,9 па­йыз­ды құрап, 1,4 млрд. теңгенің ар­тық түсімі қамтамасыз етілді. Об­лыстық бюджеттің жылдық жос­пары 124,6 пайызға немесе 1,3 млрд. теңгеге артығымен орындалды, нақты түсім көлемі 6,8 млрд.теңгеге тең. Елбасы «100 нақты қадамды іс жүзінде қамтамасыз ету үшін 80-нен аса заңнамалық құжаттар қабылданады» деген болатын өз Жолдауында. Биылғы жыл басынан бастап мемлекеттің, экономиканың және қоғамның дамуын құқықтық жағынан реттеуге бағытталған 59 түрлі заңдар өзгерістермен, толықтырулармен күшіне енді. Мемлекетті бас­қару тетіктерімен қатар, осы заңдар­дың бірқатары кәсіпкерлікке кедергілерді азайту, салықтық және кедендік әкімшілендіруді жетілдіруді көздейді. Экономикалық дағдарыстың ауыртпалығын бүкіл әлем сезінуде. Мұнай бағасының төмендеуі қашан және қай жерге барып тоқтайтынын ешкім болжай алмай отыр. Осы кезге дейін шикізатқа тәуелді болып келген біздің еліміз үшін бұл құбылыс қорқынышты болмауы үшін, Президент «дағ­дарысқа қарсы стратагема үш түсініктен тұруы керек: өсім, реформалар, даму» деді. Бұлардың қай-қайсысы да тек мемлекеттің басқару тетіктеріне ғана байланыс­ты емес. Әрбір азаматтың, әрбір салық төлеушінің адал да ынталы еңбегіне де қатысты. Кәсібіңді адал жаса. Мемлекет алдындағы міндеттемеңді уақтылы орында. Жалпы, еңбек қоғамын құру дегеніңіз осы қағидаттарға негіз­деледі емес пе. Өз кәсібіңді, өз еңбек орныңды тап. Мемлекет басшысы дағдарысқа қарсы тұру мен жаңа мүмкіндіктерді ашудың бес бағытын айқындады. Бұл – қаржы секторын тұрақтан­дыру, бюджеттік саясатты оңтай­ландыру, жекешелендіру және экономикалық бәсекелестікті ынталандыру, жаңа инвестициялық және әлеуметтік саясат. Бюджеттік саясатты оңтай­лан­дыру тарауы жүктеген нақты міндеттер мемлекеттік кірістер органдарының алдына да бірқатар жаңа тапсырмалар қойды. «Көсілетін көрпеңнің» шамасын пішудің бір қағидаты – «салықтың үш деңгейін ғана қалдырып, салықтық режімдерді оңтайландыру», деп белгіледі Елбасы. Салық және кеден жүйесін біріктіру арқылы салық салу мақсатында тауарды Қазақстан аумағына кірген кезеңнен бас­тап оны сатқанға дейін қатаң бақылауға алу жүйесі құрылатын болады. Импорт кезінде тауарлар мен көлік құралдарына ілес­пе жүк құжаттарын ресімдеу ар­қылы бақылау қою, біртіндеп бұл құ­жаттарды электронды фор­мат­қа көшіру, салық және кеден саласын­дағы тексеру амалдарын біріктіріп, құжаттар нысанын азайту. Жалпыға бірдей табысы мен шығынын декларациялауды ендіру де осы мақсатты шара­ның бірі. 2017 жылдан басталып, екі кезеңді қамтитын бұл науқаннан соң азаматтардың қай елде, қай банкте болмасын, табы­сының төркінін анықтау бас­талады. Басқа елдердегі мүлкі мен сырттағы шоттарда жатқан қаржыларды жария ету акциясы 2016 жылдың аяғына дейін ұзартылды. Бұл жария етудің бар­лық мәліметтерін құпия сақ­тауға және әлдебір құқықтық қуда­лаудан қорғауға кепілдік бере ­отырып, елімізден тыс жер­лер­дегі қаржыны қайтарудың бір тетігі ретінде ұсынып отыр Елбасымыз. 2017 жылдан бастап сатудан түсетін салықты ендіру мүмкін­дігі қарастырылуда. Бюд­жет­тің кіріс базасын ұлғайту­дың тиімді тетігінің бірі ретінде қара­лып отырған жалпы сатудан түсе­тін салықты енгізудің артық­шы­лықтары, біріншіден, оның қарапайымдылығында. Қосым­ша құн салығы есеп үшін өте күрделі салық. Мәселенің бір қыры экспорт кезіндегі қосымша құн салығын қайтарумен байланысты. Сатудан түсетін салық бизнестің тек шы­ғыны мен пайдасын есептейді, оның соңғы тұтынушымен байланысы жоқ. Мемлекеттік кірістер органдары да тек салық салынатын және салықтан босатылған жеткізілімдерді анықтау үшін мұқият тексеру жүргізетін болады. Екіншіден, әлеуметтік әділеттілік болады. Тауарды көбірек сатқан тұлға салықты көбірек төлейді. Мемлекеттің кірістері мен шы­ғындары жүйесін қайта қарау­ды тапсырғандағы Прези­денттің қой­ған мақсаты – салық саласының ашық­тығын қамтамасыз ету. Әрбір кәсіп­керлік субъектісі салықтық мін­деттемесін орын­дауға ынталы болуы керек. Сон­дықтан да, мемлекеттік кіріс­тер органдарының жұмыс бағы­ты белгілі, заңнамалық тұғыр мен ақпараттық жүйелер жетіл­дірілу­де. Экспорт-импорт операция­ларын оңайлату, салық­тар мен төлемдердің дұрыс есеп­телуі мен уақтылы өн­дірілуін бақы­лау­ды күшейту талап етіледі. Эко­но­ми­калық тергеу қызметі, өз кезе­гінде, құқық бұзушылықтың алдын алу шараларын белсендіріп, салықтар мен төлемдер бойынша бюджетке келтірілген залалды қайтаруға жұмыс жасайтын болады. Біздің міндетіміз – мінсіз қыз­мет, адалдық және қызметімізді жетіл­діру жолындағы белсенділік.  Серік МҰСТАФАЕВ, Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы.