Әйел заты – табиғатынан сұлу жаратылыс. Оған дау жоқ. Әсіресе, әспеті бөлек әскери киім киген әйел баласы әсте әдемі көрінбей ме? Басқаға қалай екенін білмедім, өзім үшін солай. Әскери киімдегі әйелдің бейнесінен нәзіктік пен өрліктің өрімін көремін. Сырым аудандық пробация қызметінің инспекторы Жангүл Бисембиеваны көргенде мен осылай сүйсініп едім. Ақпарат саласының адамы болғанымыз себепті, бұл азаматшаның қызметіне жүгінген кездеріміз де болды.
Жангүл Бисембиева – Тасқұдық ауылының тумасы. Жангүлдің әкесі Ғани Бисембиев алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі-тұғын. Әкенің қызметтік киімі бала Жангүлді қатты қызықтырды. Жалтыраған ілгектер, жағалы жейделер, дөңгеленген төбесі бар баскиім – осының бәрі қаршадай қызды арманның арнасына салды да жіберді. Жангүл әскери қызметкер боламын деп шешті. Сөйтті де, мектеп бітіре салысымен оңтүстік астанадағы әскери академиялардың біріне түсуге талпынды. Талпыныстың бәрі сәтті бола бермейді. Байланысшы боламын деген Жангүл сынақтан сүрінді. Бірақ, арманынан айныған жоқ. Түп атасы әскери қызмет қой деді де, өзіміздің Оралдағы экономика және қаржы колледжінен «Кеден ісі» бойынша жартыжылдық курсты оқып, меңгеріп алды. Кейін жоғары оқу орнын «Құқықтану» мамандығы бойынша аяқтады. Аудандық ішкі саясат бөлімінің іс жүргізушісі болып жұмысқа орналасқан ол көп ұзамай аудандық прокуратураның кеңсе меңгерушісі қызметіне ауысты. Осы қызмет арқылы жас маман заңгерлік білімін шыңдап, жақсы тәжірибе жинақтады. 2011 жылы Жангүл Ғаниқызы аудандық пробация қызметінің инспекторы болып, жаңа жұмысқа кірісті. Бүгінде осы саланың білікті маманы ретінде белгілі. Пробация қызметінің қылмыстық жауапкершілікке тартылған азаматтардың есебін жүргізіп, олардың қоғамға қалыпты адам есебінде сіңісуін қамтамасыз етіп, еңбекке араласуын, психологиялық оңалуын қадағалайтын жауапты жұмыс екендігін осы жерде айта кеткен дұрыс болар.
– Қызметтің өзіне тән ауыртпашылығы бар. Мәселен, қылмыстық жауапкершіліктің жазасын тартқан адамдардың жағдайына кіру үшін, олардың түйсігін түсіну үшін жақсы психолог болуға тура келеді. Әйел заты ғой деп менен жұмсақтық күтетіндер болады. Ашығын айтайын, мен қызметте қаталмын. Қаталдық болмаса, тәртіп болмайды. Жұмыс барысында беймезгіл шұғыл шақыртулар болады, оның үстіне түнгі кездерде рейдтер жасаймыз. Бұл жұмыстар шыдамдылықты талап етеді. Қызметіміздің бір қыры ішкі істер саласына қатысты болғасын, қару ату қабілетін де, физикалық бапты да ұдайы назарда ұстаймын. Жұмысымды жақсы көремін, – дейді әділет аға лейтенанты Жангүл Бисембиева.
Кейіпкеріміз осыдан он жыл бұрын жымпитылық Нұрбол деген азаматпен шаңырақ көтерген еді. Жангүл бүгінде екі баланың анасы. Ол ана болудың да теңдессіз бақыт екенін тамсана айтты бізге әңгіме барысында. «Сол бақытыңыз ұзағынан болсын!» дедік біз сұхбат соңында қағаз-қаламымызды жинастырып жатып.
Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,
журналист.
Батыс Қазақстан облысы,
Сырым ауданы.