Қайырымдылық – адамның асыл қасиеттерінің бірі. Қайырымдылық – көмекті қажет етушілерге беретін көмек және ізгіліктің нақты көрінісі болып табылады. Қайырымдылық адам бойындағы асыл қасиеттерді дәлелдеуді қажет етеді.
Алла Тағала Құран Кәрімнің «Тағабун» сүресінің 16-18 аяттарында «Шамаларың келгенше Алладан именіңдер, оның айтқанына бойұсыныңдар, Алла жолында мал-мүліктеріңді жұмсаңдар. Бұл – өздерің үшін қайырлы. Кімде-кім нәпсі сараңдығынан сақтанса, ол – мақсатына жетуші. Егер Алла ризалығы үшін дүние жұмсасаңдар, Алла оның есесін еселеп қайтарады. Алла береген, кеңпейіл, жазалауға асықпайды. Ол – құпияны да, әшкерені де білуші. Ол аса үстем хикмет иесі», деп пендесіне игі амалдар жасауды міндеттейді. Муслим жеткізген Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) хадисінде «Ақиқат байлық – мал-мүліктің көп болуы емес, ақиқат байлық – кеңпейілділік, қайырымдылық, ол – адамдағы ең жақсы қасиет», деп өсиет етеді.
Павлодар облысы Ақтоғай ауданының Мүткенов ауылдық округінде Сәлкеновтер отбасы тұрып жатыр. Бұл отбасында 2005 жылы туған Ақтөре Қанатұлы – 3-топтағы мүгедек бала тәрбиеленуде. Қазірде аудандық коррекциялық орталықта тіркеуде тұр. Бала өз бетінше қимыл-қозғалыс жасап, тамақтана алмайды. Өскелең баланың жүріп-тұруына бұрынырақта берілген арба кішірек болғандықтан, далада серуендеуде, үй ішінде көтеріп жүруде ата-ана көп қиналған. Ал арба сатып алу үшін отбасының қалтасы көтермейді.
Сондай-ақ, Жоламан ауылының тұрғыны, 5-сынып оқушысы Қайыр Тоқтар – Ақбидай негізгі мектебінде үйде оқытылатын оқушы. Кішкентайында жүгіріп жүрген бала есейе келе айықпас дертке душар болды. Қазір мүгедектер арбасында таңылып отыр. Бұл көп балалы отбасының жасөспірім балаға жаңадан арба сатып алатын жағдайы жоқ.
«Жерде бір бала қуанса, көкте мың періште шаттанады», дейді қазақ даналығы. Үлкен байлықпен адамға үлкен қайырым бітпейді, керісінше, үлкен қайырымдылық – жиған байлығыңды абыройлы етеді. «Қолы ашықтың – жолы ашық» деген тағы бір сөз бар қазақта. Міне, қолындағы барымен тағдырдың тауқыметімен ғаріп күн кешіп жүргендердің алғысына бөленіп жүрген жандар да аз емес. Осындай жомарт жүректі адамдардың бірі – Сүлейменов Мақсұт Шәкенұлы.
М.Сүлейменов – Павлодар қаласындағы «Фирма ДИЗ РV» ЖШС-нің басшысы. Кәсіпкер арбаға таңулы оқушы жастағы мүгедек балаларға қымбат бағалы арбаны сыйға тарту етті. Мақсұт Шәкенұлы бұл сый-құрмет Алланың ризашылығы үшін жасалып отыр, дейді өз сөзінде.
Қайырымдылық шарасы Павлодар қаласындағы «Ақ мешіттің» бас имамы Жолдас Бердімұратовтың ұйымдастыруымен өтті. Кәсіпкер Мақсұт Шәкенұлы мүгедек балаларға арнаған арбасын осы мешітте табыстады.
Мүгедек балалардың ата-аналары – Галина Бережная мен Сәлкеновтер отбасы Мақсұт Шәкенұлы мен Жолдас Қоспақұлына өз ризашылығын білдіре отырып, дін жолында жасаған амалдарының тек Бір Жаратушыдан ғана еселеніп қайтарылсын деп тілек білдірді.
Әсем МУНДУИНОВА,
Ақбидай негізгі мектебі
директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.
Павлодар облысы.