12 Наурыз, 2016

Еліміз Еуропа тәжірибесіне ден қойды

347 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
мемлекеттік басқару академиясыКеше Мемлекеттік қызмет істері министрлігі мен Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясы бірлесіп «Мемлекеттік қызметтегі заманауи үдерістер мен реформалар» атты конференция өткізді. Шараға мемлекеттік қызмет істері министрінің орынбасары мен Қазақстандағы Еуроодақ өкілінің басшысы, елші Траян Христеа және өңірлік хабтың басқарушы комитет төрағасы Әлихан Байменов, сондай-ақ Президент жанындағы басқару академиясының өкілдері қатысты. Жиынға қатысушылар Еуропа ода­ғының «Қазақстан үкіметі мем­ле­кеттік қызметі реформасы және модерниза­циясы» жобасы аясындағы жан-жақ­ты пікірлерін айтып, мемлекеттік бас­қару бойынша Еуропа тәжірибесін ин­­те­грациялауға бағытталған бастаманы қолдайтындарын білдірді. Өз кезегінде елші Траян Христеа: «Еуроодақ Қазақстан үкіметімен түрлі салаларда, оның ішінде мемлекеттік басқару бағытындағы реформаларға қолдау көр­­сету бойынша ынтымақтасып ке­леді. Аталған жоба барысында елеулі же­тістікке қол жеткізілді және әлемдік талаптарға сай келетін, халықаралық озық тәжірибеге сәйкестендірілген мем­ле­кеттік қызмет жүйесі құрылды», – деді. Ол, сондай-ақ, осы конференцияның өтуіне мұрындық болған Мемлекеттік қызмет істері министрлігі мен Президент жанындағы академияға өз ризашылығын жеткізді. Жалпы, конференцияда мемлекеттік басқару саласындағы қызметкерлердің білімі мен біліктілігі айтылып, олардың тәжірибесін арттыратын жобалар пы­сықталды. Осы орайда Мемлекеттік қыз­мет істері министрінің орынбасары Инна Ахметова «Қазақстан Үкіметі мемлекеттік қызметінің реформасы және жаңғыртылуы» атты жоба аясында 171 мемлекеттік қызметкер үшін 25 сапар ұйымдастырылғанын алға тартты. Конференция соңында қатысушылар Еуроодақ пен Қазақстанның бірлескен жобасы негізінде тәжірибесін шың­дап, біліктілігін арттырып жүрген мем­лекеттік қызметшілердің санын еселеу қажеттігін мәлімдеді. Олар сонымен қатар, аталған қызметкерлердің мәртебесін көтеру бойынша да жұмыс жасау керектігін ұсынды. Талғат РАЙЫМБЕК, «Егемен Қазақстан».