Ұлттық кітапхана ғимаратында Сайлауды байқау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссия (СБРҚК) журналистерге арнап брифинг өткізді.
СБРҚК төрағасы Нұрлан Ерімбетов комиссия мүшелерінің облыс және аудан орталықтарына, шалғайдағы ауылдарға барып, сапар барысында жергілікті партия ұйымдарының жетекшілерімен, кандидаттармен, сайлаушылармен кездесулер өткізгенін, әріптестерінің қоғамның көңіл күйін байқап, ұсыныстар мен ескертулерді тыңдау мақсатында сапарға шыққанын, енді солардың бірқатарының қатысуымен осы брифингке жиналып отырғанын айтып, олардың әрқайсысынан көрген-білгендерімен бөлісуді сұрады.
Ақтөбе облысына барып өз миссиясын атқарған комиссия мүшесі Әділ Ахметов барлық партиялардың штаб-пәтерлерінде болып, оларда сайлауға қатысты шаралардың қалай жүріп жатқанын байқағанын айта келіп: «Халықтың сайлауға деген көңіл күйі дұрыс. Штабтарда отырған өкілдерінің де көзқарастары өте жақсы. Бізге Украина, Таяу Шығыстағы сияқты жағдай керек емес, тыныштық пен бірлік керек, тек соның арқасында дамып өркендейміз, деді коммунистердің штабындағы өкіл. Барлық партия өкілдерінің айтатыны осы. Осыдан 10-20 жылдағыдай емес, елімізде қазір сайлау мәдениеті әлдеқайда өсті. Халық ақылды, көздері ашық, көкіректері ояу олар жеке адамдарға емес, партиялардың тұжырымдамаларының қайсы өз көңілінде маңызды орын алады, сол партияға дауыстарын береді», – десе, Камал Бұрханов Оңтүстік Қазақстан облысында болған кезінде барлық партиялардың белсенді жұмыс атқарып жатқанын бағамдағанын, сайлау жөнінде ешбір заң бұзушылық жоқтығын, учаскелерде тізімдердің өте бір жауаптылықпен жасалып жатқанын жеткізді.
Брифингті қорытындылаған Сайлауды байқау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссия төрағасы Нұрлан Ерімбетов соңғы кезде ТМД байқаушыларымен пікір алмасқанын, таяу уақытта ШЫҰ байқаушыларымен кездесетінін, сондай-ақ, алдағы кезде өзге де ұйымдардың өкілдерімен пікір алмасу болатынын атап өтіп, бүгінде сайлаушылардың алдағы сайлауға қатысуға белсенді ниет танытуларына баса назар аударып, дауыс беруге қатысу өте жоғары деңгейде болады деп күтілуде деген ойын жеткізді. Және ол бұл пікірді айтуына сайлаушылармен болған кездесу кезінде қалыптасқан әсер негіз болғанына тоқталды. «Біз үшін ең бастысы – сайлау күні заң бұзушылықтарға жол бермеу. Сондықтан да насихат жұмыстары тиісті деңгейде жүріп жатыр, яғни ақпараттың барлығы адамдар үшін қолжетімді. Қандай да бір заң бұзушылықтар мен кемшіліктер анықталған жағдайда прокуратура органдарына хабарланады», – деді Н.Ерімбетов.
Журналистер қойған сауалдарға жауап берген брифингке қатысушылар үміткерлер арасында танымал спортшылар мен әртістердің болуына қатысты жұртшылық сіздермен кездесулерде не айтты дегенге: «Менің кездесулерімде, пікір алмасуларда бұл тақырып қозғалған жоқ. Яғни, қарапайым адамдарды тізімдегі әнші немесе спортшының танымалдылығы аса толғандырмайды. Олар үшін партияның бағдарламасы маңызды. Кандидаттар танымал болғандықтан емес, өздерін қалыптастырып, еңбек еткендері үшін іріктелді. Атап айтқанда, тамыр-таныстықпен әлем чемпионы, ірі байқаудың лауреаты атану мүмкін емес. Олар осы жолда өздерінің күш-жігерімен өтіп, белестерді бағындырды. Мен үшін бұл адамдардың өз саласындағы мәселені егжей-тегжейлі білуі өте маңызды», – деп жауап берді Н.Ерімбетов.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
АСТАНА.