12 Наурыз, 2016

Әңгіме өзегі – тұрғындар жағдайын жақсарту

366 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
SAM_2513Қазақстанның «Ақ жол» демо­кратиялық партиясы аты­нан Парламент Мәжілісі депутат­тығы­нан үміткерлер Талғат Ерғалиев пен Ев­гений Кинцель Қызылжар өңірінің сайлаушыларымен кездесулер өткізіп, әрқилы мәселелер төңірегінде ой-пікірлер алмасты. Мамлют ауданына қарасты Щучье елді мекеніне атбасын тіреген олар ал­ды­мен «Белое-Агро» ЖШС-інде болды. Мұнда серіктестіктің еңбек тынысы­мен танысқаннан кейін ұжым мүшелері­мен жүздесіп, партияның сайлауалды бағ­дарламасын әңгіме өзегіне айналдырды. Талғат Файзоллаұлы өз сөзінде бүгін­гідей қиын кезеңде тұрақты эконо­микалық көрсеткіштерге қол жеткізіп келе жатқан Қазақстанның даму өрісі одан әрі кеңейе түсерін, мұндай сенімді өр­кениетті 30 елдің қатарына кіру стратегиясын түзіп берген Ұлт Жоспары орнық­тырғанын жеткізе келіп, бизнесті қорғау, кәсіпкерлікке бұқаралық сипат беру саяси ұйым тұғырнамасының ажы­рағысыз құрамдас бөлігі болып табылатынын бөліп айтты. Қазіргі таңда шағын және орта бизнесті елді мекендерде өрістетудің қолайлы жолдары көп. Жыл өткен сайын бұл салаға қомақты қаржы бөлініп келеді. Осының арқасында ауыл­дықтардың өмір сүру деңгейінің сапа­лық өсуі қамтамасыз етілді. Т.Ерғалиевтің айтуынша, «Ақ жол» демо­кратиялық партиясы Елбасы белгі­леп берген ауқымды мемлекеттік бағ­дарламаларды қолдай отырып, кешен­ді шараларды жүйелі түрде жүзеге асы­руға өз үлесін қосатын болады. Евгений Кинцель білім беру, ден­сау­лық сақтау, рухани-мәдени салалардың сапасын нығайту мәселелері партияның жаңа бағдарламасында кең орын алғанын баяндады. Білімді және денсаулығы мық­ты ұлт қана бәсекелестікке төтеп бере алады. Білім берудің қазіргі заманғы талаптары мен стандарттарын игермей алға басу қиын. Сондықтан ғылыми зерттемелер мен инновациялар жүйесін қолдау, медициналық мекемелер желісін ауылдық жерлерде кеңейту аса маңызды. Парламент Мәжілісі депутаттығынан үміткерлер «Хорсиев» жеке кәсіп­кер­лігінде болып, құрылым құрамына енетін диірмен, жиһаз цехы жұмыстарымен танысты. Мұнда сайлаушыларды партия­ның тұрғын үй құрылысына, жұмыспен қамту, жұмыссыздықты азайтуға, сыбайлас жемқорлыққа, құқықтық реформаны жетілдіруге, ашық қоғам құруға қатысты ұстанымдары қызықтырды. Партиялық тізім арқылы депутаттыққа ұсынылған қос кандидат сауалдарға нақты жауап беріп, мақсаты айқын, бағыты нақты сая­си ұйымның жарқын болашаққа ұмтыла беретінін мәлімдеді. Мамлют ұн үгу комбинатында өткен кездесу де тағылымға толы болды. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан». Солтүстік Қазақстан облысы. Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.