Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы атынан Парламент Мәжілісі депутаттығынан үміткерлер Талғат Ерғалиев пен Евгений Кинцель Қызылжар өңірінің сайлаушыларымен кездесулер өткізіп, әрқилы мәселелер төңірегінде ой-пікірлер алмасты.
Мамлют ауданына қарасты Щучье елді мекеніне атбасын тіреген олар алдымен «Белое-Агро» ЖШС-інде болды. Мұнда серіктестіктің еңбек тынысымен танысқаннан кейін ұжым мүшелерімен жүздесіп, партияның сайлауалды бағдарламасын әңгіме өзегіне айналдырды.
Талғат Файзоллаұлы өз сөзінде бүгінгідей қиын кезеңде тұрақты экономикалық көрсеткіштерге қол жеткізіп келе жатқан Қазақстанның даму өрісі одан әрі кеңейе түсерін, мұндай сенімді өркениетті 30 елдің қатарына кіру стратегиясын түзіп берген Ұлт Жоспары орнықтырғанын жеткізе келіп, бизнесті қорғау, кәсіпкерлікке бұқаралық сипат беру саяси ұйым тұғырнамасының ажырағысыз құрамдас бөлігі болып табылатынын бөліп айтты. Қазіргі таңда шағын және орта бизнесті елді мекендерде өрістетудің қолайлы жолдары көп. Жыл өткен сайын бұл салаға қомақты қаржы бөлініп келеді. Осының арқасында ауылдықтардың өмір сүру деңгейінің сапалық өсуі қамтамасыз етілді.
Т.Ерғалиевтің айтуынша, «Ақ жол» демократиялық партиясы Елбасы белгілеп берген ауқымды мемлекеттік бағдарламаларды қолдай отырып, кешенді шараларды жүйелі түрде жүзеге асыруға өз үлесін қосатын болады.
Евгений Кинцель білім беру, денсаулық сақтау, рухани-мәдени салалардың сапасын нығайту мәселелері партияның жаңа бағдарламасында кең орын алғанын баяндады. Білімді және денсаулығы мықты ұлт қана бәсекелестікке төтеп бере алады. Білім берудің қазіргі заманғы талаптары мен стандарттарын игермей алға басу қиын. Сондықтан ғылыми зерттемелер мен инновациялар жүйесін қолдау, медициналық мекемелер желісін ауылдық жерлерде кеңейту аса маңызды.
Парламент Мәжілісі депутаттығынан үміткерлер «Хорсиев» жеке кәсіпкерлігінде болып, құрылым құрамына енетін диірмен, жиһаз цехы жұмыстарымен танысты. Мұнда сайлаушыларды партияның тұрғын үй құрылысына, жұмыспен қамту, жұмыссыздықты азайтуға, сыбайлас жемқорлыққа, құқықтық реформаны жетілдіруге, ашық қоғам құруға қатысты ұстанымдары қызықтырды. Партиялық тізім арқылы депутаттыққа ұсынылған қос кандидат сауалдарға нақты жауап беріп, мақсаты айқын, бағыты нақты саяси ұйымның жарқын болашаққа ұмтыла беретінін мәлімдеді.
Мамлют ұн үгу комбинатында өткен кездесу де тағылымға толы болды.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
Солтүстік Қазақстан облысы.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.