Соңғы күндері Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауларына халықтың назары күрт артты. Себебі түсінікті, дауыс беруге санаулы күндер қалды. Шығысқазақстандық тұрғындар еліміздегі Сайлауды байқау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссияның қызметіне белсенді түрде қызығушылық танытып, сайлау үдерісінің ашықтығын қамтамасыз ету және сайлау науқаны барысындағы заң бұзушылықтарды болдырмау үшін сайлауда байқаушы болу мүмкіндігіне айрықша көңіл бөліп отыр.
Өңірде тәуелсіз байқаушыларға арналған оқыту семинарлары жедел қарқынмен жүргізілді. Мәселен, Өскемен қаласында – 110, Семей қаласында – 124, Зырян ауданында – 78, Үржарда 73 байқаушы дайындалса, Риддер, Курчатов қалалары мен Абай ауданында да сайлауды байқаушыларды әзірлеген семинарлар өткізілді. Тұтастай алғанда, облыс көлемінде 800-ге жуық тәуелсіз байқаушы оқытылды.
Шығыс Қазақстан облысындағы сайлаудың өту кезеңдерін бақылау жөніндегі өңірлік орталығының жетекшісі Людмила Гейцманның айтуынша, байқаушылар іс-әрекетінің табиғаты көпшіліктің көңілінен шыға бермейтініне қарамастан, облыс тұрғындары Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар сайлауларына бақылаушы ретінде қатысуға және өңірлік орталықтың қызметіне үлкен қызығушылық танытты.
– Байқаушы болуға негізінен дәрігерлер, мұғалімдер мен зейнеткерлер мүдделі болды. Олар қажетті құжаттардың толымдылығы мен сапасын, сайлаушылар тізімін, учаскелер шекарасы, қажетті алаңдар мен қызметкерлердің болуын қадағалайды, – деді Л.Гейцман.
Сондай-ақ, сайлаудың өту кезеңдерін бақылау бойынша өңірлік орталығының қызметкерлері мен өңірлік штаб мүшелерінің кездесуі барысында сайлау күніндегі партия атынан қатысатын байқаушылардың құқығына, өңірлік штаб пен байқаушылардың өзара техникалық қыры, сенім білдірілген адамдар мен байқаушылар арасындағы байланысы талқыланды.
– Біздің негізгі міндетіміз – сайлаушылар мен партиялар арасындағы теңдікті және сайлаудың әділдігін қамтамасыз ету. Байқаушы сайлау учаскесіндегі оқиғаларды заманауи құралдармен тіркеуді пайдаланып, қажеттілік туған жағдайда әлеуметтік желілерді белсенді түрде қолдануы мүмкін. Біздің байқаушылар өз тараптарынан аса маңызды және пайдалы миссияны сәтімен атқарады деп үміттенеміз, – деді өңірлік орталық жетекшісі.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан».
ӨСКЕМЕН.