12 Наурыз, 2016

Міндеттерін жетік біледі

360 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
выборы РОККВ Атырау (март) 9Атырау облысында 234 сайлау учаскесі бар. Қазір өңірдегі барлық учаскелерге 243 байқаушы тіркеліп, олар әдістемелік семинар-тренингтерден өтуде. Байқаушы өкілеттігі берілген азаматтар алдағы Парламент және жергілікті мәслихаттар сайлаулары науқанына тыңғылықты дайындалып, сайлау заңнамалары мен халықаралық талаптардың сақталуын қадағалауға бейімделіп жатыр. Осыған орай Атырауда «Қазақстан Республикасындағы сайлауды байқау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссия» республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшесі Сұлтан Қалиевтің қатысуымен Атырау қаласында және аудандарда «Байқаушының сайлау үдерісіндегі рөлі» тақырыбында арнайы семинар өткізілді. – Бұл семинардың басты мақсаты – байқаушы өкі­лет­тігі берілген азаматтарды алдағы жауапты іске дайын­дау, іс барысындағы сайлау заң­ды­лықтары мен халықаралық нормалардың сақталуын қада­ғалауға бейімдеу, – дейді Сай­лауды байқау жөніндегі респуб­ликалық қоғамдық комиссиясының Атырау облыс­тық филиалының басшысы Шынаргүл Қайырова. Оның айтуынша, еліміздегі сайлау барысын байқаушы ең алдымен «Сайлау туралы» Конституциялық заңды жете білуі шарт. Олардың басты міндеті – сайлау процесінің заңдылық талаптарға сай және әділ өтуін қадағалау. Осы мақсатта олар қазір қала-аудан аумақтарында өз өкілеттігіне сәйкес жұмыс жүргізіп жатыр. Байқаушылардың айтуынша, әзірге облыс аумағында қандай да бір заңсыздық тіркелмеген әрі саяси ұйым өкілдері арасында да қырғи-қабақ қатынас кездескен жоқ. Байқаушыларды дайындау ісі келесі сәрсенбіге дейін толық аяқталады, дейді қоғамдық комиссия өкілдері. – Қазір 180 байқаушы се­ми­нар-тренингтен өтті, қалған байқаушыларды қысқа мерзімде өткізуді жоспарлап отыр­мыз. Сонымен қатар, Аты­рау облыстық аумақтық сай­лау комиссиясында және сайлау учаскелерінде болып, сайлауалды дайындық жұмыс­тарымен таныстық. Сайлау комиссиясының жұмыстары талапқа сай, өткен жылдарға қарағанда партиялар арасында сайлау мәдениетінің өскендігі байқалады, партиялардың өза­ра қарым-қатынастары жоғары деңгейде, – деп атап өтті Шы­наргүл Қайырова. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан». АТЫРАУ.