Кеше «Халықаралық және отандық байқаушылардың өзара іс-әрекеттеріндегі контурлар» тақырыбында халықаралық байқаушылардың қатысуымен дөңгелек үстел өткізілді.
Отырыстың төрағалығын атқарып, әрі оны ұйымдастырған Сайлауды байқау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссияның төрағасы Нұрлан Ерімбетов өз сөзінде: «Еліміздегі сайлаудың барысын байқауға күн сайын ағылып келіп жатқан шетелдіктердің саны арта түсуде. Бұл, әрине, өте жақсы, себебі, біз – сайлауда жасыратын ештеңесі жоқ елміз. Олар Отанымызды аралап, сайлау учаскелерінде, штабтарда болып, барлық жұмыстарды өз көздерімен көруде. Бүгінгі дөңгелек үстел барысында көргендеріңіз бен ойларыңызға түйгендеріңізді бөлісе отырғандарыңыз біз үшін айрықша маңызды», – деп жиналғандарды түйткілі жоқ ашық әңгімеге шақырды.
Алғашқы болып ойымен бөліскен Қоғамдық комиссия мүшесі Әділ Ахметов өзінің ЕҚЫҰ байқаушыларының құрамында АҚШ президентінің сайлауында, Ұлыбританиядағы парламенттік сайлауда, Армения мен Әзербайжанда болғанын айта келе: «Мен біздің осы елдердің ешқайсынан қалыспайтынымызды, электораттың сайлаудағы әрбір қадамды жіті қадағалайтынын, олардың өзімізден тыс шетелдердегі сайлауларға да көз тігетінін білемін. Әрине, демократиялық сайлауларының тамыры тереңге кеткен елдермен салыстырғанда тәуелсіздікті қолға алған тұсымызда біздің олқылықтарымыз болған шығар, ал қазір Қазақстанда сайлау мәдениеті өсті», – десе, ТМД Байқаушылар миссиясы штабының басшысы Евгений Слобода: «Осы жолғы сайлауға 300-ден астам байқаушымыз қатысып жатыр. Біздің миссияның стандарттарының ЕҚЫҰ (ДИАҚБ) стандарттарынан айырмасынан гөрі ұқсастықтары көп, әдіснамаларымыз ұқсас, дегенмен, қорытындыларымызда айырмашылықтар болады, одан біз ешқандай бір трагедия жасамаймыз. Біз өз қорытындыларымызды көзімізбен көргендерімізге, ойға түйгендерімізге сүйеніп барып жасайтынымызға толық кепілдік береміз. Миссиямыз Қазақстандағы сайлауларға 2004 жылдан бері байқаушылық атқарып келеді. Өз басым сол 2004 жылдан бері Қазақстандағы барлық сайлауларға байқаушы болып қатысудамын. Биылғы сайлау барысында да байқаушылар жұмысына еш кедергі жоқ, ОСК мен Сыртқы істер министрлігі тарапынан ешбір шетқақпай көрген жоқпыз. Барлық партиялардың сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары қалай өткізіліп, олардың БАҚ жүзінде қолдау тауып, ешбір алалаусыз беріліп жатқанын анық байқадық. Сайлауалды үгіт жұмыстарында ешбір заң бұзушылық жоқ. Сайлаудың өзіне де өте аз күн қалды, күні бүгінге дейін біздің байқаушыларымыздың тарапынан бірде-бір заң бұзушылық болғаны тіркелмеді», – деп сөзін тұжырымдады.
Байқаушы Арман Ешмұратов өз сөзінде еліміздің сайлау заңнамаларының әлемдік стандарттарға жауап беретінін, байқаушылар жұмысын ұйымдастыруда, халықаралық стандарттардың сақталуында да сайлау заңнамасының озықтығы өз ықпалын бекем түрде атқаратынын, соның арқасында электоратты кезең барысында қоғамдық байқау тетіктерінің мінсіз қызмет атқаруына қол жетіп отырғанын ауыз толтырып айтты.
Сайлауды байқау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссияның мүшелері, халықаралық байқаушылар, қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен сарапшылар, ҮЕҰ мен БАҚ өкілдері келген дөңгелек үстелге қатысушылар сайлау үдерісін заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету мәселелерін сөз етіп, еліміздегі электораттық кезеңде отандық және халықаралық байқаушылардың өзара іс-әрекетіндегі негізгі мәселелерге ғылыми-сарапшылық талдау жүргізді. Сайлаудың ашық және транспаренттілігін қамтамасыз етудің маңыздылығы мен халықтың демократиялық мәдениетін және азаматтық қоғамның белсенділігі жайын әңгіме өзегіне айналдырды.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
АСТАНА.