12 Наурыз, 2016

«Мәңгілік Елдің» Шалқардағы шуақты сәттері

349 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
DSC_0028-3Шалқарлықтар Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған мерейтойлық шаралар ауқымында қалыптастырылған «Мәңгілік Ел» әлеуметтік пойызын қонақжайлықпен қарсы алды. Бұл ауданда 12 ауылдық округті қамтитын 46 500-ден астам халық тұрады. Шалқарға пойыз өңірдің Әйтеке би ауданына, Ақтөбе қаласына аялдағаннан кейін келді. Мақсаты – әлеуметтік бағытта көмектер көрсету, жергілікті тұрғындарға «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары жайында түсіндіру және ауыл тұрғындарымен кездесіп, сұрақтарына жауап беру. Қонақтарды қарсы алған аудан әкімі Ербол Данағұлов қасиетті Шалқар жеріне табан тіреген ел бірлігін ту етіп жүрген азаматтардың қадамдарына сәттілік, еңбектеріне табыс тіледі. Шашу шашылып, аудан көркемөнерпаздары би билеп, өлең-жырларын арнады. Шалқар қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы Аманкелді Қалыбаев ақ батасын берді. «Мәңгілік Ел» әлеуметтік пойызының жетекшісі Әміржан Әлпейісов көрсетіліп жатқан шалқарлықтардың құрметі Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың ел бірлігін қалыптастырудағы игі ісіне деген құрмет деп бағалады. Және қазақы салт-дәстүрінің қаймағы бұзылмаған Шалқар еліне қадам басқандарына қуанышты екендерін білдірді. «Біз мұнда өз Отанын сүйетін жандармен кездесіп отырмыз. Сіздердің жүздеріңізден ертеңгі күнге деген сенімді, елдің өркендей түсуі үшін жұмыс істеуге деген құлшынысты көріп тұрмыз. 2016 жыл – айрықша жыл, біз оны әлеуметтік проблемаларды шешумен бастап отырмыз», – деді Ә.Әлпейісов. Пойыздың құрамында Қа­зақ­стан халқы Ассамблеясының мүшелері, ғалымдар, сарапшылар, дәрігерлер келген. Олардың әрқай­сының халыққа әлеуметтік көмек көрсету, бес институттық реформаны түсіндіру, консультативтік жәрдем беру жөнінде өз жоспарлары бар. «Мәңгілік Ел» әлеуметтік пойызының мүшелері Шалқарға табан тіресімен өз салалары бойынша топқа бөлініп, жос­парлы жұмыстарына кірісті. Аталмыш пойыз келе жатыр дегеннен құлағдар болған жергілікті тұрғындар оның мақсат- міндетін жергілікті газеттерден оқып, алдын ала біліп отырған еді. Сондықтан болар, пойыз құрамындағы әрбір сала мамандарымен жүздесушілер қатары көп болды. Дәрігерлер аудандық емханада тұрғындарды қабылдап, тегін кеңес берді. Келген медицина өкілдеріне бір күнде 602 адам қаралып, кеңес алған. Олардың қатарында басты байлықтың бүтіндігі жолында табанын тоздырып жүрген жандар да бар. Білім және ғылым министрлігі және жастар саясаты департаментінің өкілдері №1 мектеп-гимназияда болып, аудан жастарымен кездесті. Қонақтарды 92 жылдық тарихы бар қара шаңырақтың басшысы Амангелді Қонақбаев қарсы алып, мектептің өткені мен бүгіні туралы айтып берді. Аудандық жас­тар ресурстық орталығының атсалысуымен мектептің акт залында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын басты ұран еткен «Айбыны асқақ азат ел» атты мерекелік шара өтті. «Тәуелсіздікке – тағзым» атты аудандық жас ақындар айтысында Ақтоғай ауылдық округінен келген Қайрат Қойшыбаев бас жүлдеге ие болса, І орынға Сарысай ауылының тұрғыны Данияр Кеулімжай лайықты деп танылды. «Мәңгілік Ел» әлеуметтік пойызының Шалқар ауданындағы салтанатты қорытындысы Мәдениет үйінде үлкен мерекеге ұласып, меймандар мен ел азаматтары естелік суреттерге түсті. Осы бір шуақты сәттер шалқарлықтардың есінде әдемі әсермен қалды, олар алдағы сайлауда елдіктің бірлігін, ынтымақтың жарастығын нығайтатындықтарын айқын аңғартты. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан», Мұхтар МЫРЗАЛИН, журналист. Ақтөбе облысы.