12 Наурыз, 2016

«Қазцинк» қалдықтарды қайта өңдейді

578 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
DSC_1103Бұл Өскеменнің ауа бассейнін тазалауға үлес қосады Еліміздегі ең ірі кәсіп­орын­дардың бірі саналатын «Қазцинк» ЖШС қайта жаңғыртудан өткен қорғасын зауытының 2015 жыл­ғы жұмысын қорытындылады. Жаңа зауыттың экологиялық тиім­ділігі айтарлықтай нәтиже беріп отыр. Атап айтқанда, Өске­мен металлургиялық кешені­нің атмосфераға күкірт диокси­дін шығаруы 44 пайызға дейін қыс­қарған. Бұл алдын-ала жасалған болжамнан да жоғары. Яғни, жобаны дайындау мен енгізу ке­зінде көрсеткішті 40 пайызға дейін төмендету жоспарланған еді. Осы арқылы ауаға күкірт диоксидін шығару 14,9 мың тоннаға азайды. Ең бастысы, әлемдік қаржылық дағдарыс жағдайында мұндай нақты нәтижеге өндіріс көлемін кемітпей жетудің маңызы үлкен. Өскемендік металлургтер оған мақсатты және тұрақты жаңғырту есебінен озық әрі экологиялық технологияларды қолдану ар­қы­лы қол жеткізгенін айтады. Жаң­ғырту жобасы қорғасын өндірі­сі көлемін қоршаған ортаға қосым­ша зиян келтірмей 40 пайызға арттыруға мүмкіндік берді. Мәселен, «Isasmelt» жаңа балқыту пеші зиянды газды толығымен кәдеге жарату негізінде нарықта сұранысқа ие тауарлық өнім – күкірт қышқылын өндіреді. – 2014-2015 жылдары біз көптеген жұмыстарды жоспарлаған болатынбыз. Жүзеге асырылған жұмыстардың қортындысын шығара отырып, өндіріске жаңа технологияларды енгізудің оң әсер еткенін сеніммен айта аламыз, – деді Өскемен металлургиялық кешені экология және еңбек қауіпсіздігін қорғау қызметі басшысының орынбасары Вадим Кушнарев. Қорғасын зауытын жаңалау барысында шоғырланған газды қайта қорытуға басымдық берілді. Бұл – өндірістің технологиялық жүйесінде атмосфераға күкірт диоксидімен бірге кәдеге асырылмаған «кедей» аглогаздың шығарылуына жол бермейді. Металлургиялық кешен үдерістерін жаңа өндіріске көшірер кезеңде қос технология алма-кезек қызмет етсе, 2015 жылдың тамыз айынан бастап қорғасын өндірісі толығымен «Isasmelt» технологиясына ауысты. Осылайша, қорғасын мен шаң, көмірқышқыл оксиді, азот және күкірт диоксиді қалдықтарын кешенді түрде азайтуға септігін тигізген экологиялық тиімділіктің 2016 жылға болжанған бағдарламасы мерзімінен бұрын орындалды. Жаһандық мәселенің шешімі болған ауқымды экологиялық жобаны енгізу арқылы компания мамандары табиғатты қорғау қызметінде ұсақ-түйектің болмайтындығына тағы бір көз жеткізгендерін айтады. Мамандар өндірістің санитарлық нормаларға тигізер ықпалын мүмкіндігінше тағы төмендетпек. Жалпы, Өскемен металлургиялық кешенінде 2013-2016 жылдары қалдықтарды азайту және технологиялық газды тазалау бойынша құрал-жабдықтар жұмысын тұрақтандыру бағдарламасы жүзеге асырылды. Бұл бағдарламаға салынған капиталдың жиынтық көлемі 1,1 миллиард теңгені құрайды. Қаражаттың басым бөлігі күкірт қышқылы зауытының қуатын жаңғыртуға, тұрақтандыруға және тиімділік сатысын көтеруге бағытталды. Бағдарлама шаралары облыстық прокуратура мен экология департаменті сияқты өкілетті органдардың мақұлдауына ие болды. Десе де, кәсіпорын аталған жетістіктермен тоқтап қалмақ емес. Бүгінде 2016-2018 жылдар аралығында жүзеге асырылуы тиіс газды тазалау құралдарының тиімділігін көтеру, жетілдіру, жаңарту және ауыстыру бойынша жаңа бағдарлама іске қосылды. Өткен жылдың соңында облыстық прокуратураның кеңейтілген отырысында Өскеменнің ауа қабатын қорғаудағы заңдылықтардың сақталуы бағытында кәсіпорынның жүргізген жұмысына оң баға берілді. Атап айтқанда, облыс прокуроры Бағбан Тәйімбетов «Қазцинк» – экологияны жақсарту саласында тұрақты жұмыс жүргізіп келе жатқан санаулы кәсіпорындардың бірі. Өндіріске озық технологияларды енгізіп, табиғатты қорғаудағы іс-шаралар жоспарын орындап келеді, деді. Сондай-ақ, облыс прокуроры өнеркәсіптік кәсіпорындар мен мемлекеттік құрылымдарды зиянды қалдықтарды төмендету жұмыстарын одан әрі жалғастыруға шақырды. Кәсіпорын 1997-2015 жылдары Өскемен қаласының ауа қабатындағы күкіртті газ қалдықтарын түбегейлі төмендетудің бас бағдарламасына 315 миллион доллар қаражат жұмсаған екен. Кешенді жұмыстың бүгінгі нәтижесі теңдессіз. Яғни, «Қазцинк» құрылған кездегі атмосфераға шығарылатын зиянды қалдық көлемі жылына 69 мың тоннаны құраса, қазір 19,1 тоннаны құрап, 72,3 пайызға төмендеді. Дегенмен, «Қазцинктің» жұмсаған күш-жігері қала атмосферасының жалпы жағдайында байқалмайтынын айту керек. Облыс орталығы ауа бассейнінің жағдайы кәсіпорын қол жеткізген төменгі көрсеткішке сай емес, ауадағы күкірт қышқылының шоғырлануы мөлшерден тыс күйінде қалып отыр. Кәсіпорын тарапынан қорғасын зауыты қосылғанға дейін 1 шекті концентрация көрсеткішіне қол жеткізілсе де, 2015 жылы қаладағы жалпы ластану көрсеткіші 1,7-2 шекті концентрациясына тең болды. Ал кәсіпорын жүргізген шараларды есепке алғанда, күкірт диоксидінің шоғырлануы 1 шекті концентрациядан төмен болуы тиіс еді. Күкірт қышқылы газының қосымша көлемі қайдан, қандай көздерден пайда болып жатқаны әзірге белгісіз. Сондықтан, кәсіпорын меншікті қалдық көздеріне бақылау жүргізетін есеп құралдарын автоматтандырылған жүйеге көшірді. «Металлургиялық кешеннің қалдықтарын түнде жекелеген азаматтардың «жіберуі» мүмкін» деген сыбыстарды анықтау мақсатында өз санитарлық аумағын түнде өлшеуді қаржыландыруға көшті. Қалдықтардың белгіленген талаптан жоғарылығын немесе «түнде дүркін-дүркін қалдықтар шығарылады» деген сөздерді зерделеу үшін жұмыс жүргізген «Қазгидромет» РМК әзірге зауыт аумағынан нормадан тыс газ мөлшері тіркелмегенін мәлімдеді. Әрине, металлургиялық өндіріс тәулік бойы жұмыс істеп, үздіксіз металл өндіретіндіктен, оны анықтаудың қиынға түсетіні рас. Газды жинақтау немесе әлдебір қоймада сақтап отыру мүмкін емес. Бұл – электр қуатын өндіру сияқты үдеріс. Оның үстіне, газды тазалау жұмысы өндірістің бірегей технологиясымен тығыз байланысты. Сондықтан, газдың бірде-бір текше метрі қала атмосферасына тазаланбай шығарылмайды. Ал оның тазалау тиімділігі 99 пайызға тең, дейді мамандар. Қала аспанында күкірт диоксидінің шоғырлануы нормадан жоғары күйінде қалып отыр. Мемлекеттік органдар оған жауап берген жоқ. Биыл қаңтарда өткен соңғы тексеру кәсіпорынның нормадан аспағанын тағы растады. Біз ауаға шығарылатын зиянды қалдықтардың әр грамына қаржы төлейміз, оған жыл сайын бір миллиард теңге жұмсалады. Сондықтан, бізге артық қалдық шығару тиімсіз, деді кәсіпорынның бас экологы Қазтай Тәкеев. Ол халық арасында газды атмосфераға бірден жіберетіні туралы айтылып жүргенін білетінін, алайда, компания үшін қалдықты қайта өңдеп, одан күкірт қышқылын алудың тиімді екендігін, бұл өнім нарықта жоғары бағаланатындығын айтты. Жалпы алғанда, Өскемендегі металлургия кешенінің жаңа өндірісі санитарлық талаптарға сәйкес ауаны қорғау бағдарламасын жүзеге асырып, өзіне жүктелген міндетті орындады. Бірақ, қала атмосферасындағы күкірт диоксидінің бөгде көздерге байланысты мәселесі әлі ашық күйінде. Дегенмен, өскемендік тұрғындар қаланың бұрынғыдай иісі мұрын жаратын газдан арылғанын айтады. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». ӨСКЕМЕН.