11 Қаңтар, 2011

Қазақстандықтар Н.Назарбаевтың президенттік өкілеттігін ұзартуды қолдайды

652 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін

Елбасымен біргеміз!

Таңдау жасар тарихи сәт Өскемен қаласында көптен бері халықтың көкейінде жүрген мәселеге байланысты бастамашы топтың құрамында сөз сөйледік. Ондағы негізгі ой Елбасы Нұр­сұл­тан Назарбаевтың өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту туралы ре­ферендум өткізуді қолдау болатын. Өз басым осынау ұсынысты қол­дайтындығымды айтқым келеді. Оның бірқатар себептері бар. Бүкіл әлемді тығырыққа тіреген қаржы дағдарысынан Елбасының тікелей басшылығымен аса шы­ғын­сыз шыққанымыз жақында ғана. Тәуелсіздігімізді алған 19 жыл­­дың ішінде көптеген оңды өзгерістер болғандығын айта кету ке­рек. Жас елордамыз әлемдік қо­ғамдастықтың саяси астанасына айнала білді. 72 ел мен ха­лық­ара­лық беделді ұйымдардың бас­шы­ла­ры байырғы қазақ жерінде тұ­рақтылық пен дамудың біртұтас формуласын әзірлеу үшін бас қос­ты. Ванкуверден Влади­вос­ток­қа дейінгі аралықты қамтыған Еу­ро­падағы қауіпсіздік және ын­ты­мақ­тастық ұйымы өмірінде жаңа дәуірді бастауға негіз қа­лаған сам­митке қатысушылар қол­ қой­ған Астана Дек­ла­ра­ция­сы­ның орны ерекше. Аталған ха­лық­ара­лық ай­тулы шараны өткізу ба­ры­сын­да Мемлекет басшысы Нұр­сұл­тан Назарбаевтың үлкен саяси беделі айқын көрінді. Міне, осы­дан-ақ Елбасының тұлғасы тек елдің ішінде ғана емес, сонымен бірге, ха­лықаралық қоғамдастық ал­дында да асқақ екендігіне куә болдық. Өскемен жеріндегі айтулы ша­раға көптеген беделді адамдар қатысқандығын айта кету ләзім. Елдің болашағын ойластырған сол басқосуда маңызды шешім қабылдау оңай болған жоқ. Өзім Мәжіліс депутаты ретінде өңір­лер­де жиі боламын, сол сапар­ла­рымда сайлаушылармен кездесу барысында олардың өздеріне деген сенімінің артып келе жат­қа­нына көз жеткізе түсемін. Қа­зақ­стан халқы әр түрлі қиын­дықтар мен сынақтардан өте отырып, елді өркендеу жолына бастайтын біртұтас күшке ұйыса білді. Біздің алдымызда нақты мақсат қойылған, ең бастысы – халық үшін болашаққа стратегиялық бағыт қалаған Көшбасшымыз бар. Олай болса, халық пен Ел­басы арасында сенім орныққан айрықша пішін құрылғандығын атап айтқым келеді. Бұл болашақ же­тістіктер мен табыстардың фор­муласы болмақ. Халыққа қаратып айтқан сө­зінде Нұрсұлтан Әбішұлы былай деді: «Біз Қазақстанды күш біріктіре отырып табысқа жеткіздік, енді оны бірге өркендете ала­мыз». Осындағы «бірге» деген сөздің астарында үлкен мағына жатыр. Тек Елбасымен бірге ғана біз көптеген асқақ жоспар­ла­ры­мызды жүзеге асыра аламыз. Сонымен қатар, бірлесе ғана біз алдан шыққан барлық қиын­дық­тар­ды еңсеретінімізді айтқым келеді. Елдің алдында тұрған орасан міндеттерді аса халықаралық беделге ие, елдің аяғынан нық тұ­руы барысындағы қиындықтар­да басқарған, мемлекет құрудағы ора­сан тәжірибе жинақтаған Ұлт Көш­басшысы ғана атқара алады. Нұрсұлтан Назарбаев еліміз­дің болашақ дамуының басты идеялық дем берушісі де. Президент бойында әлі халықты жаңа жетістіктерге бастайтын күш-қуат жеткілікті екендігін ерекше атап өткен жөн. Олай болса, сайлау өт­кізіп, көптеген қаржы мен уа­қыт­ты босқа сарп еткеннен гөрі сол қаржы мен уақытты индус­трия­лық-инновациялық бағ­дар­лама­лардың орындалуына, жер­­гілікті жерлердің проб­лема­ла­рын шешуге бағыттайық. Сайлау өткен жағ­дайда көптеген мекемелер жұ­мыстарынан қалып, нау­қан­ға жұ­мылатыны белгілі жәйт. Бұл өз кезегінде экономикаға сал­қынын тигізері айтпаса да тү­сі­нікті. Оның үстіне елді бо­лашақ­қа бастай алатын өзге Көш­бас­шы­ны көріп отырғаным жоқ. Осы жерде мынаны айтсам ба деймін. Өткен жүзжылдықтың 70-ші жылдары мен көптеген көр­нек­ті азаматтармен бірлесе жұ­мыс істедім. Сол кездегі сәттер ме­нің үйдегі фотоархивімде сақ­таулы. Соның бірінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен бірге түс­кен суретім бар, мен соны үнемі мақтан етіп жүремін. 80-ші жыл­дардың екінші жартысында Кремль­де түскен суретте сол сәт бей­неленген. Ол кезде мен КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутатымын, Целиноград облысы Қорғалжын ауданы Амангелді атындағы кең­шарда механизатормын, ал Нұр­сұлтан Әбішұлы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы еді. Сол шақта менімен суретке түс­кен Н.Назарбаевты Ота­ным­ның болашақ Президенті, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті болады деп кім ойлаған. Енді, міне, Нұрсұлтан Әбіш­ұлы­мен бір командада жұмыс істеп ке­лемін. Таңдау келген сәтте ме­нің ойыма халқының ең жақсы деген қасиеттерін бойына жи­на­ған көреген де сарабдал бас­шы­мыз Нұрсұлтан Назарбаев түсіп отыр. Президенттің елге сіңірген еңбегі жылдардың бедерінде бұ­дан да бетер жарқырап көрінетін болады. Елбасының өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту туралы референдум өткізген әлдеқайда тиімді боларына көз жеткізу қиын емес. Өскемен жерінде өткен айтулы шара барысында оған қатысу­шы­лар Елбасының өкілеттігін ұзар­ту­ды бірауыздан қолдады. Қазіргі таңда осыған байланысты өңір­лер­де жұ­мыстар жүргізіліп жа­тыр. Соның барысында халықтан қол жиналып, ол Орталық сайлау ко­миссиясына келіп түседі. Жан-жақты саралаудан өткеннен кейін барып Мемлекет басшысының қол қоюына жіберіледі. Онда да Ел­басы референдум өткізуге қар­сы емес пе, деген сұрақ туындауы мүмкін. Егер Нұрсұлтан Әбішұлы ке­лісіп жатса, онда аталған ша­ра­ны өткізу жария етіледі. Әзірге тек соған дайындық барысы жү­ріп жатыр. Кейбіреулер сайлауға кет­кен шығын ре­фе­рен­думға да кетеді деуі мүмкін. Мен мұнымен келіспес едім. Сайлау өткізу кезінде дайындық айлап жал­ғасады. Оған қаншама адам тартылады, сонымен қатар көп­теген қаржы жұм­салады. Одан да бізге сол қаржыларды неге елдің дамуына жұм­самасқа. Референдум өткі­зі­луі керек пе, жоқ керек емес пе, ол екінші мәселе. Бірінші мәселе – Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевты халықтың қолдауы. Ең бастысы да осы. Ал қалғаны елі­міздің Ата Заңы негізінде жүзеге асырылуға тиіс. Осының барлығын екшей келіп, мен барлық қазақ­стан­дық­тарды өздерінің жауапкершіліктерін сезінуге шақырамын. Біздің бастамамызды қолдай отырып, дұрыс таңдау жасау сіздердің қол­дарыңызда дегім келеді. Әр­бі­ріңіздің дауыстарыңыз – ол халықтың еркі болып табылады. Ал халық әрқашанда өзінің еркін та­рихтың әрбір маңызды сәттерінде көрсете білген. Наталья Геллерт, Парламент Мәжілісінің депутаты. Ғалымдар үні үндес Қазақстан Рес­публи­касы­ның Президенті Н.­Ә.Назар­ба­ев­тың  қолдауы­мен құрылған  «Фитохимия» халықаралық ғы­лы­ми-өндірістік холдингі бү­гін­де отан­дық фармацев­ти­ка­лық өнді­рістің көшбасшысы ретінде белгілі. Құрамында химия, фармакология, биология және фармация салаларына бағытталған 14 ғылыми-зерт­теу бөлімдері бар  бұл ұйым  бірқатар маңызды  жо­баларды іске асырып келеді. Барша қазақстандықтар сияқ­­­ты  Елбасының президенттік өкілеттігін   бүкілхалықтық референдум өткізу арқылы ұзар­ту туралы республикалық бас­тамашы топтың Үндеуі  хол­­динг ғалымдары мен ма­мандары ара­сында қызу қолдау тапты. Осы­ған орай өткен жиында оның жарқын көрінісі айрықша бай­қалды. Онда өз ойларын ортаға са­лып, пікірлерін білдірген ҰҒА академигі, мемлекеттік сыйлық­тың лау­реа­ты Серғазы Әде­ке­нов, химия ғылымдарының док­торы, профессор Болат Хасенов, фар­мацевтикалық зауыттың ди­рек­­торы Евгений Толоконников Елбасының көмек-қолдауы ар­қа­сында ғылымды реформалау бойынша атқарылып жатқан іс-шаралардың ұлттық инно­ва­ция­лық жүйенің дамуына, отандық ғылымның өркен­деуі­не, оның өзекті мәселелерін шешуге ық­палы зор болып отыр­ғандығына тоқталды. Бұ­ған нақты мысал ретінде   Ел­ба­сының тікелей  тап­­сыр­ма­сы­мен Қарағандыда фар­мацев­ти­калық кешеннің 1-ші және 2-ші кезегі  іске қо­сылып, соның  негізінде бірегей отандық дәрілердің 43 түрі шығарылуы жолға қойыл­ған­ды­ғы аталды. – Сүйікті Қазақстанымыз­дың ғажайып жетістіктері Ел­басының  бастамасымен  қолға алынған бағ­дар­ламалардың нә­тижесінде жү­зе­ге асуда. Ал ер­теңгі міндеттер одан сайын биіктігін білеміз.  Оны ат­қа­руға халықтың күш-қабілетін  жұ­­мылдыру тек Тұңғыш Пре­зи­ден­ті­міздің қолынан келеді. Сон­дықтан әлем таныған Көш­бас­шымыздың елі­міз мерейін өсіру жолындағы басты мақ­сатын орындай түсуіне  мүм­кіндік берілуін қолдаймыз,–деген ҚР Ұлттық жаратылыстану ғы­лым­дары академиясының кор­­рес­пондент-мүшесі, химия ғы­лым­да­ры­ның докторы Гаянэ Атажа­но­ва­ның жүрекжарды сөзін химия ғылымдарының док­­торлары Айбек  Тұр­­мұ­хам­бетов, Бораш Төлеуов қостап,  ғы­лым саласындағы қыз­мет­кер­лерді мемлекет тарапынан әлеуметтік қорғауға ерекше көңіл бөлінуіне, мемлекеттік стипендиялар тағайындалып, атаулы сый­лық­тар деңгейі кө­терілуіне ризалық білдірді. Айқын НЕСІПБАЙ, Қарағанды. Бақытымызды бағалай білейік Сексеннің сеңгіріне көтеріл­ген замандастарым! Бүгінгі Президентіміз – Нұрсұлтан Назар­баевтың дара даналығын, керемет кемеңгерлігін, білгір баста­ма­шылдығын, жаңашыл жасам­паз­дығын, көріпкел көрегендігін, абзал адамгершілігін, асқан аза­маттығын, қайырымды қамқор­шылдығын, ұлан-ғайыр іскерлігін, сайыпқыран саясаткерлігін, бо­лашақты болжағыштығын, сұң­­­ғыла стратегтігін, майталман мәмілегерлігін, тағы осындай санап тауыса алмастық асыл қадір-қасиетін біздерден артық білетін де, бағалайтын да ешкім жоқ. Өйткені, Нұрсұлтан Әбіш­ұлын­дай, адамзат тарихында ХХ ғасырда дүниеге келген аса ерек тұлға, бақытымызға орай, біздің ақкөңіл, қарапайым қазақ хал­қының арасынан шықты. Өзі­мізбен бірге жасасып, қиын­ды­ғымызды, қызығымызды, қуаны­шымызды бірге бөлісіп келеді. Нұрсұлтан Әбішұлы ерек жара­тылысты Адам. Оны, ал­дымен қазаққа, Қазақстанға, одан қалды күллі Адамзатқа осыларды ХХ-ХХІ ғасырларда бір жарыл­қайықшы деп Жаратқан Иеміздің өзі әдейі берген. Құдайтағаланың ол сыйына мың да бір рахмет. Біздер, қазақтар бағзы заманнан Жаратқан Иеміз үлесімізге Еуразия құрлығы жүрегінен ойып Қазақстан атты құт мекен берсе де, онда тұрақтап тұра да алмай, оны дұрыстап игілігімізге жарата да алмай, «ұшарымызды – жел, қонарымызды – сай білген» қаңбақтай көшіп-қонып, байыз таппаған, бірақ, «жерұйық» мекенді аңсап, армандаған халық едік. Сол мүсәпірлігімізді пай­даланып, біздің халықтың атақоныс мекеніне қай жұрт көз тікпеді? Қай жұрт біздің халықты езгіге салмады? Содан да еркінен айрылып, тәуелсіздікті аңсаған, егемен ел болуды армандаумен бол­ған халық едік. Нұрсұлтан Әбішұлы Тұңғыш Президент болып тарихи аренаға келіп, 1991 жылы қазағын ға­сырлар бойы аңсаған сол ар­манына жеткізді. Халқын тәуелсіз етті. Қазақстанын егемен ел, Тәуелсіз мемлекет жасады. Бұл орайда оның жасағаны ауызбен айтып тауыспастай, жа­зып жыр етіп жеткізбестей, том-томдық энциклопедия боларлық шежірелер. Бірақ, Нұрсұлтан Әбішұлының жасағанын түйіп-түйіп айтпасқа хақымыз жоқ. Ал, олар мыналар: Жас, тәуелсіз мемлекетін аяғынан қаз тұрғызу үшін шет мемлекеттерден Президент беделімен алған несие-қарыз – Назар­баевтық тұңғыш инвестиция! Ел тәуелсіздігін Ата Заңмен бекіткен – Назарбаевтық тұңғыш Конституция! Өзге мемлекеттен тізе бүгіп ақша сұрамас үшін 1993 жылы басылып шығарылған ұлттық валюта – Назарбаевтық тұңғыш ақша! Ешкім тәуелсіздігімізге көз алартпас, шегімізге қол сұқпас үшін жасақталған Назарбаевтық тұңғыш Армия! Республикада достықты, ын­тымақты, бірлікті нығайту үшін құрылған әлемдегі бірден-бір Назарбаевтық Қазақстан халқы Ассамблеясы! Тарихта алғашқы рет шегі айқындалған Назарбаевтық Мемлекеттік шекара! Тарихта тұңғыш рет Еуразия жүрегінде салынған жаңа Елорда – Назарбаевтық Астана! Еуроатлантикалық және Еу­разиялық одақты нығайтқан, ЕҚЫҰ елдерін біріктірген, Қазақ­станның дамыған экономикасын, саяси-әлеуметтік жетістігін әлем­ге паш етіп, оның жұлдызын жандырған, ұлттық рухымызды асқақтатқан Назарбаевтық Аста­налық Саммит! Қария замандастарым, бүгінде әлемдік жаңа геосаясаттың Көш­басшысына да айналған Президентіміз Н.Назарбаевтың осын­шама күрескерлігін, даналығын, жасампаздығын көріп отырса да – көргісі келмейтіндер, біліп отырса да – білгісі келмейтіндер бар. Оларды мен өз басым, қариялықпен «көр­соқырлар» деп кемсітпесем де, бөлектенушілер санаймын. Үстіміздегі жылдың 23 жел­тоқсанында бүгінгі Президентіміз, бүкіл адамзаттық аса ерек тұлға – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың президенттік өкі­лет­тігін 2020 жылға дейін ұзарту жөнінде Үндеу тастаған өске­мендік ақылды ағайындардың патриоттық үніне олар бұра­тартқыш бірен-саран басылымдар беттерінде қосылмайтын сыңай танытты. Қаншама қазақстандық патриоттар Президентіміздің өкілет­тілігін ұзартуды қолдап, оны бүкілхалықтық референдумда да­уыс­қа салу дұрыс деп шешіп жатқанда, бөлекшілдер бөлек­тенді. Ау, бөлектенгіш балаларым-ау, Президентіміздің өкілеттілігін ұзарту – оған табыну ма екен? Олай ету оның Президенттік іскерлігін, жасампаздығын мойын­дау, оның сол қасиетін қадірлеу емес пе! Ал, Бүкілхалықтық референдум өткізу жөнінде шешім қабылдауда не сөкеттік бар? Бұл – нағыз демократияның көрінісі емес пе!.. Қадірменді қариялар, біз жақсы-жаманды бастан кешкен адамдармыз. Ненің жақсы, ненің жаман екенін жақсы білеміз. Біздің Нұрсұлтан Президенттен жамандық көрген жеріміз жоқ. Зейнетақымыз тәуелсіздік жылда­рында сегіз есе өсті. Әлі де өсіп жатыр. Пәтеріміз жайлы. Құрмет, қошеметке бөленудеміз. Ендеше, қазақты – қазақ, Қазақстанды – Қазақстан етіп, атымызды әлемге аспандатып отырған Нұрсұлтан Президентті біз мадақтамай – кім мадақтайды! Біз қолпаштамай – кім қол­паш­тайды! Біз жақтамай – кім жақтайды! Олай болса, замандастарым, біз «Бір қарын майды – бір құмалақ шірітетінін» де жақсы білеміз. Сондықтан алда бо­латын Бүкілхалықтық ре­фе­рен­дум­да осы­ны да ескеріп, бей­бастықтарға тыйым сап, сүйікті Президентіміз Нұрсұлтан Әбіш­ұлына бүкіл қазақстандықтардың бір кісідей «Президенттік өкі­леттігі 2020 жылға дейін ұзар­тылсын!» деп, дауыс берулеріне дәнекер болайық! Әбілфайыз ЫДЫРЫСОВ, жазушы, профессор. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Елбасына сенім – ертеңге сенім Елбасының терең парасаты мен кемел саясатының арқасында, біздің еліміз ЕҚЫҰ төр­ағалығы міндетін үлкен абыроймен ат­қа­рып шықты. Оның соңында осы ұйым­ның Саммитін өте биік деңгейде өткізіп, елімізді бүкіл дүние жүзіне мойындатты. Құдайға шү­кір, бүгінде Қазақстанымыз жан-жақты да­мып, жылдан-жылға өзінің халықаралық беде­лін нығайтып, келешекке нық сеніммен қа­рап келе жатыр. Біздің ұжымның кеңейтілген кәсіподақ жиналысында Елбасының өкілеттігін 2020 жыл­ға дейін ұзарту жөніндегі ұсыныс толы­ғымен мақұлданып, бірауыздан қолдау тапты. Жиналыста сөйлеген азаматтардың бәрі елі­міз­де болып жатқан толағай табыстарды, оның ішкі және сыртқы саясаттағы, эко­но­микасы мен әлеуметтік саладағы жетістіктерді тікелей Елбасымыздың сара саясаты мен ерен еңбегінің жемісі екенін атап айтты. 2008 жылы қараша айында Оңтүстік Қа­зақстан облысына іссапармен келген Елбасы денсаулық сақтау саласына басым бағыттар белгілеп, нақты тапсырмалар берді. Оның ішінде жүрек-қан тамырлары ауруларынан өлім-жітім көрсеткіштерін төмендетуге басты назар аударылды. Елбасының берген тапсыр­маларына сай облыс көлемінде осы салада ауыз толтырып айтарлықтай қомақты жұмыстар атқарылды. Қазіргі уақытта біздің облысымызда халыққа кардиохирургиялық көмек көрсету жұ­мысы даму үстінде. Облыстық кардио­ло­гиялық орталықта Қазақстан, Ресей, Польша, Түркия, Литва және Израиль клиникаларында дайындықтан өткен мамандар бар. Біліктілік дәрежелері жоғары. 2010 жылы біздің кар­диоорталықта 306 ашық жүрекке операция жасалынды. 460 науқастың жүрек тамырына 555 стент қойылды. Мамандарымыз жүрекке жа­салынатын операциялардың барлық түрін меңгерген. Жалпы айтқанда, елімізде кардиохирур­гия­ның дамуы үлкен жетістіктерге алып келді. Осыдан 3-4 жыл бұрын жүрекке коронарлық шунт, стент қою, радиожиілікті абляция опе­ра­цияларын жасау және жүректің камера­ларына кардиовертер-дефибрилляторларды орнату үшін науқастарды шет елдерге жіберуші едік, ал қазір, Құдайға шүкір, бұл опера­циялардың бәрі де өзіміздің елде жасалынып жатыр. Бүгінгі күні кез келген кардио­ло­гия­лық науқас, керекті емнің барлық түрін өзіміздің елде қабылдай алады. Біз бұл нә­тижеге Елбасының тікелей қолдауының арқасында жеттік. Еліміз тәуелсіздігінің 20 жылында ғасырға бергісіз ғаламат, ғажайып жетістіктер мен жеңістерге жетуі – Елбасымыз Н.Назарбаев­тың маңдай терінің нәтижелері. Осыдан 20 жыл бұрын Мәскеу Қазақстанды басқаруға ел пікірімен санаспай-ақ көлденең көк аттыны жібере салса, ал бүгінде, өз жолымызды өзіміз анықтайтын дәрежеге жеттік. Қа­зақстан қазір өркендеу, өрлеу үстінде десек, онда ел болып Елбасына өзі бастаған Ұлы көшті діттеген межелі жеріне өзі бас боп жеткізуіне мүмкіндік беруіміз керек. Сон­дықтан сындарлы саясат сындарынан сүрін­бей өтіп келе жатқан тәжірибелі тұлғаға ел тағдырын әрі қарай да сеніммен тапсыруға бола­тындығына сенімдімін. Спандияр БЕКЖІГІТОВ, облыстық кардиологиялық орталықтың бас дәрігері, медицина ғылымдарының докторы. Шымкент. 4 миллион 292 мың қол жиналды Кеше Өскеменде Н.Назарбаевтың президенттік өкілеттігін ұзарту бойынша референдум өткізу жөніндегі республикалық бастамашы топтың жетекшісі, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік уни­верситетінің ректоры Ерлан Сыдықов БАҚ өкілдері үшін кезекті брифинг өткізді. Оның айтуынша, үстіміздегі жылдың 10 қаңтарына қарасты республика бойынша 4 миллион 292 мыңнан астам қол жиналған. Бастамашы топ 11 қаңтарда қол жинау жұмыстарын аяқтап, өз құжаттарын Орталық сайлау комиссиясына тапсырмақ. Осы орайда Ерлан Сыдықов Қазақстан Республикасы Парламентінің бастамашылығымен жасалынған Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтыруларды республикалық ре­фе­рендумға шығару туралы Қазақстан Республикасы Парламентінің ұсынысын қабылдамау туралы Президент Жарлығының бізге қатысы жоқ, бастамашы топ республикалық референдум өткізуге байланысты жұмыстарды одан әрі жалғастыра беретін болады деп атап көрсетті. Оңдасын ЕЛУБАЙ. Кемел ойлы кемеңгер Жуырда шығыс өңірінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан На­зар­баев­тың президенттік өкілеттігін 2020 жылдың соңына дейін ұзарту жөнінде келелі жиын бо­лып өтті. Бас­тамашы топ игі ұсыныс көтеріпті. Өткен ғасырдың соңғы ширегінде қазақ тәуелсіз ел атанды. Азаттық жолында жанын азапқа сал­ған аталардың рухы оянды. Көгінде көк байрағы желбіреп, төрінде өрелі сөз айтатын ұлтқа айналды. Төрткүл дүние таныды. Өркениеттің өркенді жолына түс­ті. Халқының қамын ойлап, елі мен жерін қызғыштай қорғап, бар ауыртпалықты парасат­тылықпен көтеріп келе жатқан ерен тұлға – Ұлт Көшбасшысы Нұр­сұл­тан Назарбаев. Бұл есімді әлем алдында мақтаныш етеміз. Рас, азаттық алған жылдарда ел қиындықтың құрсауында бол­ды. Нарықтық экономика келді. Ауыл абдырап, өндіріс тұралап қалды. Сол кезде елдің бірлігі мен берекесін кетірмей, жаңаша жол тауып, халықты соңынан ерте білген Елбасының еңбегі ерен. Мұ­ны елден ерек туған қайраткердің қолынан келетін іс деп білеміз. Енді міне, ел еңсесін тіктеп, бо­йын түзеді. Экономикамыз да­мудың даңғыл жолына түсті. Еліміз­де жүзден астам ұлт берекелі ғұ­мыр кешіп, мерекелі күн кешіп отыр. Бүгінде қазақ елі дүниенің бар тарапынан келген ізгі ниетті жандарды ақжарқын дос кө­ңіл­мен қарсы алады. Қай халықпен болса да тереземіз тең тұрып сөй­лесеміз. Бұл – Нұрсұлтан Назар­баев­тың халқына әперген үлкен беделі. Ұлт Көшбасшысының өзгеше өріп айтар ерлігі – қазақтың бас қа­ласын Сарыарқа төріне көші­ріп, Есілдің сол жағалауынан көр­кіне көз тоймас әсем шаһар бой көтерді. Бұл – халықтың ұлы мақ­сат­тары жолындағы жасалып жат­қан үлкен жұмыстардың бірегейі деп білеміз. Мемлекет бас­шы­сының елордаға деген ықы­ла­сы ерекше. Жас Астананың көр­кем болғаны еліміз үшін де, Елбасы үшін де үлкен абырой. Тәуелсіздіктің 19 жылын артқа тас­тадық. Алдымызда асқаралы 20 жылдық. Осы жылдар ара­лы­ғын­да үлкен жетістікке Ұлт Көш­бас­шысының сарабдал сая­са­ты­ның ар­қасында қол жеткізіп, баян­ды өмі­ріміздің базарлы ша­ғын дүйім дү­ниеге паш етіп отырмыз. Әлемді шарпыған қаржы дағ­дарысы кезеңінде де Ел­басымыз ты­ғырықтан тегеурінді шыға білді. Соның нәтижесінде бірнеше үлкен жобалардың дүниеге келуіне және жұмыс орны санының артуына жол ашылды. Бұл – ха­лықтың әлеуметтік жағдайы жақсарып, өнімділік еселене тү­седі деген сөз. Елбасының беделі төрткүл дүние алдында да жоғары екені мә­лім. Оны жақында Астанада өткен ЕҚЫҰ Саммиті кезінде де тағы да бір мойындатты. Сол Саммиттен кейін Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың абы­ройы одан әрі асқақтап, халық алдында жаңа бір белеске кө­терілді. Егер Президент сайлауы өтер болса, Ел­басына дауыс берушілер саны бұ­рынғыдан да арта түсері хақ. Айта берсек, жақсылыққа, жаңалыққа толы толайым істеріміз көп. Сондықтан осы ауыз тол­тырып айтқан игілікті жетістіктерімізге жетуге тікелей бастамашы болған Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік өкілеттілігін ұзарту туралы бүкілхалықтық референ­дум­ды толық қолдаймын. Оңалбай АЯШЕВ.