Қиындықтан мүмкіндік жасай білетін, қысылғанда амал таба білетін іскерлер дағдарыс есік қаққанда жанарын бұрынғыдан да кеңірек ашып, дамудың жолын қай бағытта жүргізуді жедел қолға алады. Осындай кәсіби менеджерлердің бірі – Мұнайсервистік компаниялар одағының төрағасы Рашид ЖАҚСЫЛЫҚОВ. Біз одақ төрағасымен дағдарыс туралы, қара алтын құнының құлдырауы және оның салдары, бизнесті жаңа бағытқа бұру тақырыбында сөз қозғамақпыз.
– Рашид Хасенұлы, қара алтын құны онша қуантпай тұр. Бір баррелі 30 доллардың төңірегінде теңселді де қалды. Осы саладан ақша тауып келген мұнайсервистік компаниялардың бүгінгі күйі қандай? Жер қойнауын пайдаланушылармен ұзақ мерзімді келісімшарттардың жоқтығы, көрсетілген қызмет ақысының уақтылы төленбеуі немесе бәсекелес шетелдік компаниялар бәсінің отандыққа қарағанда басым түсуі, тағысын-тағылар бүгінде мұнай саласындағы сервистік компаниялар үшін қосымша соққы болып отырған сияқты. Осындай қиындықтар қалай еңсеріледі?
– Бүгінде Мұнайсервистік компаниялар одағының құрамына шамамен 120 компания кіреді. Дағдарыстан қорқудың реті жоқ дегім келеді. Себебі, біз бірнеше жылдан бері ДСҰ талаптары негізінде жұмыс істеп, Норвегия, АҚШ, Ұлыбритания, Германия тәрізді бәсекеге қабілетті шетелдік компаниялардың бел ортасында иық тіресіп келеміз. Қазақстандықтар қосалқы мердігерлер арасында жүріп, солардың қағидалары негізінде жұмыс істеп үйренді. Қазірдің өзінде бас мердігерлікке дейін көтерілгендері бар. Бұған қоса мұнайсервис компаниялары мемлекеттен бір тиын да субсидия алған емес. Cондықтан, құрылған күннен бастап бәсекелі ортаға тап болған олар күн көрудің амалдарын іздеуге машықтанған.
Дегенмен, дәл қазіргі уақытта қазақстандық құрамның үлесін арттыру бойынша мұнайсервистік компанияларды шынайы қолдап, нақты осы мақсатта жұмыс істейтін тетіктер жоқтың қасы. Елімізде министрліктер мен мемлекеттік органдар жанынан шамамен жеті түрлі бақылаушы ведомство мен қадағалаушы органдар жұмыс істейді. Солай болғанымен, біздің компаниялар сенім артатындай нақты қолдауды сезіне алмауда. Әлемдегі қара алтын бағасының құлдырауы тек қазақстандық мұнай саласына ғана кері әсерін тигізіп қойған жоқ. Мұнайсервистік өнімдерді экспорттайтын жетекші елдердің бірі – Норвегия экономикасына да мұнайдың құлдырауы айтарлықтай әсер етті. Бұл елде қара алтын құнының бәсі төмендеуіне байланысты қызмет көрсету саласы 20 пайызға дейін төмендеді. Ал Норвегия қызмет көрсету саласын экспорттап отырған көшбасшы ел. Күрделі жағдайға байланысты, біздің компаниялар жаңа нарыққа және басқа да экономикалық салаға көз жүгірте бастады. Барлық компаниялар жаңа мүмкіндіктер іздеп, ел экономикасын мультипликативтік ауқымда әртараптандырумен айналысуға көшті.
Мәселен, Иранның санкция құрсауынан шығуының біздің отандық компанияларға айтарлықтай жақсы әсері бар. Қазіргі таңда компанияларымыздың бірқатары бұл елден жұмыс тапты. Тыйым салулардың кесірінен мұнай-газ саласы тұралап, ең негізгі деген инфрақұрылымдардың ескіруі, біздің мұнай-сервистік компаниялар үшін Ирандағы мұнай өндіру саласын жаңғырту жұмыстарына белсенді араласуға мүмкіндік тудырып отыр. Сөзсіз, мұнайдың төмен бағалануы әрбір мұнайсервистік компаниялардың үнемге көшуіне және бюджетті қайта қарауына әкеп соғуда. Бұл әдіске бүгінде қара алтынды экспорттаушы барлық елдер көшкен. Бірақ, Қазақстанның мұнай- сервистік саласында жұмыс істейтін компаниялар қарамағында еңбек ететін жұмысшылардың жағдайы көптеген елдермен салыстырғанда анағұрлым жақсы. Үкімет пен компаниялар арасындағы меморандумдар нәтижесінде әрбір жұмыс орны сақталып, шығынды қысқартудың басқа да тәсілдері қолданылуда. Әсіресе, сағатпен жұмыс істеп немесе жұмыс аптасын қысқарту тәрізді амал-әрекеттер барынша қарастырылып жатыр.
Мұнай бағасы бұл шикізатқа деген сұраныстың төмендеуінен емес, керісінше, мұнай ұсынысының күрт көбеюі нәтижесінде орын алып отыр. Қарапайым тілмен жеткізер болсақ, бұл – нарықтағы ірі ойыншылар әрекеті. Қазіргі дағдарыс заманында көптеген мемлекеттер тақтатас мұнай кеніштерін іздеудің соңына түсті. Көмірсутекті өндіру мен оны байыту бүгінде ең тез әрі жеңіл әдіс екендігін түсінді. Бұл ол елдердің әлемдік нарыққа шығуына жағдай туғызып отыр.
– Мұнайлы өңірлердің тұрғындары мұнайсервистік компанияларда жұмыс істеп күн көріп келгені белгілі. Қазіргі кезде олардың жағдайы қалай?
– Мұнай кеніштері географиялық жағынан біздің ауылдарымызға жақын орналасқан. Бұл аймақтар тек көмірсутектермен ғана емес, сонымен қатар, адами ресурстарға да барынша бай. Ерекше ауыр жағдайдағы мамандықтарда еңбек ететіндердің басым бөлігі жақын елді мекендерде тұрады. Олар ең ауыр жұмыстарды атқара отырып, өте аз мөлшерде жалақы алады. Оған бірінші кезекте темір ұсталары, механиктер және жүк тиеушілерді жатқыза аламыз. Ағылшын тілін жетік меңгерген қала тұрғыны мұндай жұмыстарға бармайды. Ал денсаулықтың түбіне жететін ең ауыр жұмыстар ауылдың қараша халқының мойнына артылады. Бұл ретте, мұнай-газ саласының мұнай-сервисінсіз мүлдем күн кеше алмайтынын ескеруіміз қажет. Егер қажетті жабдықтармен қамтамасыз етуші, жол салушы, монтаждаушы, техникаға қызмет етушілер болмаса, мұнайшының жұмысы тоқтап қалады. Мұнай саласы көмектесетін қолдаушы тараптарсыз өз алдына жұмыс істей алмайды. Негізінде, мұнайсервистік сала жоғарыда айтып кеткен жұмысшылармен ғана шектеліп қоймайды. Бұған қызмет көрсетудің кез келген түрлерін жатқызуға болады. Тіпті, мұнай саласына ешбір қиыспайтын күзет, көлік-логистикалық қызметтер мұнайсервистік қызметтермен тығыз байланыста. Бізде бір мұнайшының ешбір алаңдаусыз жұмыс істеуі үшін бес адам ауадай қажет. Бұл жұмысшылар көзге көрінбей жүріп, жұмыстың кез келген қиындығына шыдас беріп, адал еңбек етеді. Бірақ, бәрібір мұнайшы бұл бесеуінің арасында алғашқы болып көзге түсіп отырады. Мәселен, бізде 50 000 мұнайшы жұмыс істейтін болса, олардың жанында барлық керек-жарақтармен қамтамасыз етіп отыратын 250 000 мың адам еңбек етеді. Кеніштерге жақын орналасқан ауылдарға мұнай өндіру кезінде судың астында экологиялық зиянды қалдықтар қалып қойып, кенішке жақын орналасқан ауылдарға таралады. Біздің заңнамамызда экологиялық нормаларды реттеп қорғайтын тетіктер қарастырылған. Алайда, қазіргі кезде біздің экологтар қоршаған ортаға тарайтын зиянды қалдықтар көлемін нақты болжай алмай отыр. Оған сапалы кадрлар немесе заманауи құрылғылардың жетіспеуі себеп болуы мүмкін.
Осы сияқты бірқатар мәселелерді реттеу мақсатында инвесторлармен бірлесіп, жаңа бағдарлама әзірледік және көп созбай іске асыратын боламыз. Біз үшін экологиялық қауіпсіздіктің қамтамасыз етілуі, барлық ауылдарды көгалдандыру, елді мекендерге жол салу, жалпылама түрде айтар болсақ, ауылдарды кешенді түрде дамыту маңызды.
Бірінші кезекте экономикалық даму, әлеуметтік жағдайдың жақсаруы оң шешімін тапса, ауыл халқының тұрмысы да түзеле түспек. Ауыл үлкен мүмкіндіктердің қайнар көзі болса да, оның тұрғындарының басым көпшілігі қаражат табу, отбасын бағу, арманына қол жеткізу үшін ауылды тастап қалаға көшуде. Күні бүгінге дейін, 43 пайыз отандастарымыздың әлеуетін ел экономикасын дамытуда толық пайдалана алмай отырмыз. Дәстүрлі түрде ауыл – қалаға азық-түлікті жеткізуші ғана емес, сонымен бірге, елде болып жатқан барлық саяси үдерістердің белсенді қатысушысы болып табылады. Сондықтан, бұл аспект кез келгеніміз үшін үлкен маңызға ие болуы тиіс.
Мен әлі күнге дейін бір сұрақтың жауабын таба алмай келемін – көршілес жатқан елдермен шектесіп жатқан ауылдардың жай-күйін зерттеген адам бар ма? Шекараға жақын аймақтардың бос қалуы қаншалықты бақылауда? Бос қалған жерлер көршілердің қызығушылығын тудырмай ма? Біле-білсеңіз, бұл ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Себебі, ауыл халқының қалаға көшуі ауыл тұрғындарының медициналық қызмет, жұмыс орындары, білім беру ошақтары сияқты әлеуметтік қорғауды сезінбеуінен тууда.
– Ауыл шаруашылығы неге мұндай күйге түсіп отыр? Дағдарыс кезеңінде бұл мәселені қалай шешуге болады?
– Қазіргі дағдарыс Қазақстанның кез келген саласына жеңіл тиіп отырған жоқ. Дегенмен, біз бұдан әрі тек мұнай сатумен, яғни жеңіл жолмен ақша табудың кез келген дертке шипа бола бермейтіндігін аңғардық. Уақыт өте келе, кіріс кіргізетін өзге де баламалы жолдардың бар екендігін көпшілік түсінуге мәжбүр болды. Мәселен, мен Венгрияда сиыр союдың қалай жүретінін бақыладым. Көзім көрген жайтты айтып берейін, ірі қараны бауыздап, одан әрі жіліктеу кезінде оның бірде бір қаны жерге тамбады. Тамшылап аққан қанды арнайы ыдысқа тосып алып, балықтарға жем ретінде берді. Мұқият өңдеуден өткізілген сиыр терісі Италияға жіберіліп, ал орташа деңгейде өңделгені Түркияға экспортталды. Ал жеуге келмейтін ішкі ағзалары өңделіп, ауыл шаруашылығына тыңайтқыш ретінде пайдаланылды. Бұл елде төрт түлік еті сүйексіз сатылады. Етінен ажыратылған сүйектерді түп-түгел майдалайды. Бұл ұнтақ кейіннен, бағалы тері иесі болып табылатын – құндыздарға дәрумен ретінде жеміне қосып беріледі. Бұл дегеніміз, қалдықсыз өндірістің ең қарапайым әдісі. Ал енді біздің фермерлердің қалай жұмыс істейтіндігін көзге елестетіп көріңіз. Ірі қараны өсіріп алып, бұл бізге тиімсіз, еті азын-аулақ, одан қалса өзін-өзі ақтамайды дейді... Міне, сізге парадокс. Бір сиырдың тек еті мен сүтіне ғана сенім артсақ, ол әрине қазіргі нарық жағдайында тиімсіз. Бұл мәселеге барынша тұрмыстық жағынан үңілген абзал. Венгриядан келген соң, мен мал шаруашылығы бойынша отандық фермерлердің тәжірибесін зерттей бастадым. «ҚазАгро» ұлттық компаниясының тәжірибесіне сүйенсек, компания салмағы 700 келі тартатын бір өгізді қияннан сатып әкеле тұра, ұрғашы сиырдың төлін ұмытып кеткен. Осылайша, салмағы бір тоннаға жуық өгізді отандық 150 келі тартатын сиырмен шағылыстырады. Нәтижесінде, бұзаулау кезінде сиыр өліп қалады... Себебі, аталығы ірі бұзаудың салмағы 70 келі тартады. Екіншіден, неліктен бізде балық шаруашылығы дамымай отыр? Ойлап қарасаңыз, көрші мемлекетте біз үшін нарық дайын. Кезінде Талдықорғанда тұрғанымда менің зейнеткер көршілерім үнемі табан балық сатып алатын. Неліктен? Үнемі таңданатынмын да жүретінмін. Кейіннен білсем, бұл балық тек қана өзге балықтардың уылдырығымен қоректенеді екен. Соған сәйкес, еті дәмді, пайдалы әрі таза. Өзге балықтар тәрізді балдырларды аузына да алмайды. Балықтың неге дәл осы түрін өсіріп Каспий, Балқаш, Арал, Алакөл, Зайсан сияқты су бассейндеріне жіберіп, кейіннен Ресейге экспорттамасқа? Нәтижесінде, қаншама жұмыс орындары ашылар еді. Тағы бір мысал, бидайдың рекордтық түсіміне ие болып, өзімізді аграрлы мемлекет деп білеміз. Бұдан қаншалықты пайда көріп отырмыз? Қытай мәселен, жыл сайын 50 млн. тонна бидайды Канададан сатып алады. Шынына келгенде, осы алпауыт көршімізге астықты біздің елден сатып алғаны әлдеқайда тиімдірек. Бірақ, неліктен біз сата алмай отырмыз? Қытайлар ашығын айтады, мәселен, сіздермен 200 млн. тонна бидай сатып алу туралы келісімшарт жасастық. Ал сіздер бізге тек 2 млн. тонна беріп, өнім болмады дейсіздер дейді. Яғни ел бола тұра сенімге әлі де болса кіре алмай отырмыз. Канада, егер 50 млн. тонна бидай экспорттаймыз десе, сол сөзінде тұрады. Біз кәсібімізді дәл осы салада дөңгелетсек, ісіміз алға басар еді. Тіпті, трансұлттық компаниялар, инвесторлардың өздері отандық кәсіпкерлердің іскерлік сапасына күмәнмен қарайды. Ал біз кейде, оларды қазақстандық компаниялармен жұмыс істемейді деп ренжіп жатамыз. Мұның да себебі бар. Мысалы, мынадай жайттар болған, инвестор қазақстандық өндіруші компаниясына өндіріп отырған өнімінің сатылым бағасын төмендетуді сұрады. Ал қазақстандық кәсіпкер келісім берген жағдайда бұл компаниямен 7 жылдық келісімшартқа тұруға кепілдік беретінін айтты. Одан бөлек өндірісін жаңа технологиямен жабдықтауға көмектесетінін жеткізді. Біздің қазақстандық компания бұл ұсынысты қабылдамады. Салдарынан, кәсіп иесі ұзақ мерзімді келісімшарттан айырылды, өндіріс жаңа технологиясыз қалды. Бізде сауда мәдениеті әлі де дамымаған. Кәсіпкерлікті өнер ретінде толыққанды игере алмай келеміз.
– Жалпы, ауыл тұрғыны, шаруашылық қожайыны үшін мұнай бағасының төмендеуінен қандай да бір пайда бар ма? Немесе, қара алтын құлдырауына байланысты егін науқаны кезінде дизель отыны арзандайды деп сенім арта аламыз ба?
– Бірге есептейік. Теңге бағамы өзгергенге дейін бір доллар 187 теңгеге бағаланды делік. Сол уақытта 5 000 теңгеге АИ-92 маркалы жанармайдан 40 литрін сатып алуға болатын еді. Ескі бағаммен бұл дегеніміз 26-27 доллар шамасында. Қазіргі кезде 15 доллар тұратын жанармай үшін қайта сол 5000 теңгеге 40 литр жанармай сатып алып жүрміз. Ал көктем мен күз маусымындағы егу және ору науқанында алыпсатарлық жұлдызы жанады. Біз бағаны төмен түсіре алмаймыз, себебі, біздің мұнайды қайта өңдеуші зауыттар отандық нарықты жанар-жағармай өнімдерімен толыққанды қамтамасыз ете алмай отыр. Жанармайдың 30 пайызы Ресейден жеткізіледі. Егер өз отынымызды төмен бағада сататын болсақ, біздің іскер кәсіпкерлеріміз не істейді? Олар отынды өте көп мөлшерде сатып алып, бұл өнімге өз маркасын енгізіп, Ресейге сататын болады. Нарық жағдайында тек қана жалғыз заң үстемдік етеді. Бұл – түсім, ал олар қалай өндіріледі кәсіпкерлерді қызықтырмайды да.
– Сіздің ойыңызша, Қазақстандағы мұнайдың шынайы баламасы не? Ерте ме кеш пе, бұл ресурстың да аяқталатын кезі болады. Оның алдын алу үшін қандай қадамдарға бару қажет?
– Менің ойымша, жақын арада ғылымда үлкен жаңалық болып, мұнай экономикалық сала ретінде өз құнын жоғалтады немесе мүлдем нарықтан шығып қалады. Мұнайдың баламасы ретінде атомды алып қарауымызға болады. Біздің бір кемшілігіміз, атоммен жұмыс істеп көрген жоқпыз. Атом ресурстарын адамзат қажетіне жаратудың ешқандай қаупі жоқ. Ерітілетін аспириннің бір таблеткасын елестетіп көріңіз. Атомның осындай көлемдегі бір түйіршігі сүңгуір қайықтарын энергиямен жабдықтап, 200 теңізшіге қызмет ете алады және кіп-кішкентай таблетканың қуаты 40 жыл бойына бір әлсіреген жоқ. Ғылым мен техниканы дамыту экономиканы мұнайға тәуелді етуден босатады. Бұл ретте, халқымыздың іскерлікке бір табан жақын болып, сананы жетілдіруі аса маңызды. Сонымен қатар, шикізат өнімдерінен бас тартуы қажет деп есептеймін. Қара алтынның жалғыз баламасы атом немесе сутек бола алады. Ал уран мен басқа да табиғи байлықтардың қажеттілігі уақыт еншісінде. Қазір біз тіпті ағаш қолданудан да қалып барамыз, оның алдын пластиктер орап кетті. Әрине, химия, медицина саласына мұнайдың қажеті болады, бірақ оның көлемі көп емес.
– Дағдарыс – жаңа бастамалар мен жаңа мүмкіндіктер кезеңі деп жатамыз. Осы ретте, мұнайсервистік компаниялар одағы қандай тәсілдерге көшіп жатыр? Және бүкіл халыққа, кәсіпкерлерге, сервистік компанияларға, ауыл тұрғындарына дағдарыстан шығу жолында қандай кеңес берер едіңіз?
– Мүмкіндіктер жайлы мынадай мысал келтіргім келеді. Мәселен, адамның білікті құрылысшы әрі тас қалаушы деңгейіне көтерілуі үшін шамамен бір жыл қажет. Ал жоғары дәрежедегі бұрғылаушы атануы үшін ол 5 жылын сарп етуі тиіс. Міне қараңыз, егерде біз дәл қазіргі уақытта ірі ойыншылар өз жобаларын тоқтатты деп осы орнымызда тоқтап қалсақ, біз мұнай сервисінен біржола айырыламыз. Бұл дегеніміз – осы салада еңбек ететін білікті кадрлардан айырылдық деген сөз. Сондықтан, мұнай сервисінің біз үшін тұралап қалуы өте тиімсіз. Біз «Даму» қорынан қаржылай көмек алуға тырысып, қандай да бір бағытты айқындап, өз жолымызды табуымыз қажет. Неге, өйткені, ауылдағы кәсіпкерлердің несие алуы қиямет-қайым. Ал Инвестициялар және даму министрлігінде бизнесті дамыту бойынша 17 бағдарлама бар. «Бәйтерек» холдингінде отандық чемпиондарға қолдау білдіретін бағдарламалар жетерлік. Дегенмен, мен бұл бағдарламалардың кейбір тармақтарымен келіспеймін. Өнім тек экспортқа бағытталуы тиіс деген пікірмен, мәселен. Менің ойымша, алдымен ішкі нарықты жаулап алуымыз қажет, содан кейін ғана сыртқы нарыққа жол ашқанымыз дұрыс. Неге екені белгісіз, біз өз нарығымызды қабылдай алмаймыз. Біздің түсінігімізше, 17 миллион адамнан құралған нарық біз үшін аз. Кәсіпкерлер ең алдымен отандық нарықты қамтамасыз етіп көрсін. Бүгінде дүкен сөрелерінде тұрған азық-түлік тағамдарының 90 пайызы сырттан әкелінген. Алпауыт ел саналатын Қытай халқы 17 миллион ғана болатын біздің нарыққа түйреуіш сатудан арланбайды, ал ресейліктер бізді сіріңкемен қамтамасыз етіп отыр. Бұл ұсақ-түйек болғанымен, «теңге тиыннан құралады» деген қағиданы ұмытпаудан туады.
Халық бюджеттегілерді қойып, енді кәсіпкерлерді асырай бастады. Егер Президент айтқандай, ұлттық компаниялар жекенің қолына өтер болса, қаншама жаңа компаниялар өмірге келер еді. Бәсекеге қабілетті орта немесе бәсекелестік дегеніміз не өзі? Бәсеке кәсіпкерлікті алға сүйрейтін қауқарлы күш. Сауданың локомотиві жарнамада емес, бәсекелестікте. Мәселен, екі бірдей кәсіпорын бірдей өнім шығарады делік. Оны сату үшін ақылды кәсіпкер қандай тәсіл қолданады? Ол өнімінің бағасын халыққа қолайлы етіп, барынша түсіреді. Ал сапа мен өнімділігін арттыру мақсатында жаңа технологиялар тартып, ғылымды одан әрі дамыта түседі. Бір сөзбен айтқанда, бәсеке даңғойлықты емес, ақылмен жасар еңбек пен іскерлікті талап етеді.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».