15 Наурыз, 2016

Аккредиттелгендер саны 720-дан асты

307 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
ЦИКОрталық сайлау комиссиясының сенбі күнгі отырысында «2016 жылғы 20 наурызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауына және мәслихаттары депутаттарының кезекті сайлауына халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттердің байқаушыларын аккредиттеу туралы» қаулы қабылданды. Аталған қаулыға сәйкес Ортсайлауком Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ұсынуы бойынша сайлауды байқау жөніндегі бір миссияның, бір халықаралық ұйымның және бір шет мемлекеттің тағы 155 байқаушысын аккредиттеді. «Олардың ішінде ЕҚЫҰ/ДИАҚБ-ның 153 байқаушысы, Түркітілдес елдердің Парламенттік Ассамблеясынан бір байқаушы және шет мемлекеттен бір байқаушы бар, – деді ОСК мүшесі Татьяна Охлопкова. – 2016 жылғы 12 наурыздағы жағдай бойынша Ортсайлауком Сыртқы істер министрлігінің ұсынуы бойынша халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттердің 608 байқаушысын аккредиттеді». Комиссия мүшесінің атап өткеніндей, 12 наурызға дейін ЕҚЫҰ/ДИАҚБ-ның 197 байқаушысы, ТМД миссиясының 293 байқаушысы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы миссиясының 9, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясынан 75, Ислам ынтымақтастығы ұйымынан 3, Түркітілдес елдердің Парламентаралық Ассамблеясынан, 8, 10 шет мемлекеттен 23 байқаушы аккредиттеліп отыр. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі 27 мемлекеттен шетелдік БАҚ-тың 117 өкілін аккредиттеді. Қазіргі уақытта 725 халықаралық байқаушы мен шетелдік бұқаралық ақпарат өкілі аккредиттелген. «Отырыста Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің 2016 жылғы 11 наурыздағы №11/766 ұсынымының негізінде Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы Седанна Маргарянды Армения Республикасынан байқаушы ретінде аккредиттеудің күшін жойды және Армения Республикасынан байқаушы ретінде Гоара Балаянды аккредиттеді», – деді Т.Охлопкова осы мәселе жөнінде. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, «Егемен Қазақстан».