15 Наурыз, 2016

Ертең саяси партиялар арасында пікірсайыс өтеді

345 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
_MG_1847+Кеше Орталық сайлау комиссиясының оты­рысы өтті. Онда 2016 жылғы 16 наурызда «Хабар» теле­арнасында Парламент Мәжілісінің депутаттарын сайлауға қатысатын саяси партиялардың пікірсайысын өткізу туралы қаулы қабылданды және оны өткізудің регламенті бекітілді. Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүлейменнің сөзіне қарағанда, пікірсайысқа қатысу үшін сайлауға қатысушы әрбір саяси партиядан бір өкілден шақырылады. Қатысушылар жеке басты қаралаудан, саяси партияның, оның мүшелерінің намысына, абыройы мен іскерлік беделіне көрінеу нұқсан келтіретін сөз айтудан, басқа саяси партиялардың өкілдерін кемсітуден аулақ болып, жалпыға бірдей қабылданған әдеп нормаларын сақтауға тиіс. «Еліміздің конституциялық құры­лысын күштеп өзгертуді, оның тұтас­тығын бұзуды, мемлекет қауiп­сiздігіне нұқсан келтiруді, әлеуметтік, нәсілдiк, ұлттық, дiни, тектiк-топтық және рулық араз­дықты қоздыруды, қатыгездiк пен зорлық-зомбылыққа бас ұруды, сондай-ақ, заңнамада көзделмеген әске­ри­лен­дiрілген құралымдар құруды наси­хаттауға және үгіттеуге жол беріл­мейді. Пікірсайыс уақыты 90 минутқа созылуы мүмкін», – деді ол осыған қатысты. Отырыста Орталық сайлау комиссиясы «2016 жылғы 20 наурызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауына және мәсли­хаттары депутаттарының кезекті сайлауына халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттердің байқаушыларын аккредиттеу туралы» қаулы да қабыл­дады. Аталған қаулыға сәйкес Ортсай­лауком Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ұсынуы бойынша сайлауды байқау жөніндегі екі миссияның, екі халықаралық ұйымның және 29 шет мемлекеттің тағы 207 байқаушысын аккредиттеді. Олардың ішінде ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссиясының 89 байқаушысы, ТМД миссиясының 8 байқаушысы, Еуропа Кеңесінің Парламенттік Ассамблеясынан 14, Түркітілдес елдер ынтымақтастығы кеңесі­нен 17 және шет мемлекеттен 79 байқаушыны аккредиттеді. «2016 жылғы 14 наурыздағы жағдай бойынша Ортсайлауком Сыртқы істер министрлігінің ұсынуы бойынша халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттердің барлығы 815 байқау­шысын аккредиттеді, – деді ОСК мүшесі Татьяна Охлопкова. – Олардың ішінде ЕҚЫҰ/ДИАҚБ-ның 286 байқаушысы, ТМД миссиясының 301 байқаушысы, Шанхай ынтымақтастық ұйымының миссиясынан 9, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясынан 75, Еуропа Кеңесінің Парламенттік Ассамблеясынан 14, Түркітілдес елдер ынтымақтастығының Кеңесінен 17, Ислам ынтымақтастығы ұйымынан 3, Түркітілдес елдердің Парламенттік Ассамблеясынан 8, шет мемлекеттерден 102 байқаушы бар». Бұдан басқа Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі 29 мемлекеттен шетелдік БАҚ-тың 140 өкілін аккредиттеген. Осылайша, қазіргі уақытта 955 халықаралық байқаушы мен шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілі аккредиттеліп отыр. *** Кеше Орталық сайлау комис­сиясының баспасөз орталығында ТМД байқаушылары миссиясы штабының жетекшісі Евгений Слобода журналис­терге брифинг өткізіп, елімізде сайлау үдерісі қалай өтіп жатқанын айтып берді. «Біз облыстарда болып, аумақтық, учаскелік сайлау учаскелерінің жұмыс­тарымен таныстық. Оларда айтарлықтай бұзушылықтар байқала қойған жоқ, – деді ол. – Әдістемелік қамтамасыз ету тұрғысынан алып қарағанда, бәрі дұрыс, құжаттарды рәсімдеуде де кемшіліктер байқалмайды. Сон­дық­тан, әзірше біздің тарапымыздан еш сауал жоқ. Бірқатар азын-аулақ кемшілік байқалды, ол барлық елдерде де кездеседі. Мәселен, сайлау учаскелеріне барған кезде дауыс беру үдерісін байқауға мүмкіншіліктер болуы тиіс. Сол себепті біз бірқатар сайлау учаскесіне дауыс беруге арналған кабиналарды жылжытуды ұсындық». Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, «Егемен Қазақстан». Суретті түсірген Ерлан ОМАРОВ.