15 Наурыз, 2016

Мемлекет мұраты – «Мәңгілік Ел»

406 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
мангілік елСұлтанмахмұт Торайғыров айтады ғой: «Алаш туы астында – күн сөнгенше, сөнбейміз», деп. Бүгінгі біздің мұрат та сол. Тәуелсіздік туын желбіреткен Қазақстанды ешкімнің көз алартуына ұшыратпай, мемлекеттілігін мәңгілікке жалғастыру. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жұрт алдында «Қазақ елінің ұлттық идеясы – Мәңгілік Ел» деп ұсынуы да осы мақсаттың шеңберінде жатыр. Осыған сәйкес, әлемдегі дамыған мемлекеттердің үздік отыздығына кіру жоспарланып, сол жолға бастайтын «100 нақты қадам» жасақталып, тағдыршешті кезеңнен аман алып шығатын 5 институттық реформа ұсынылды. Бүгінде бұл мақсат-мұраттарды іске асыру ел көлемінде іске асып жатыр. Биыл Тәуелсіздік таңының ат­қанына ширек ғасыр толады. Осыған орай, Елбасының «Мәңгілік Ел» идеясымен қуаттанған, «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын дәріптеген республикалық «Мәңгілік Ел» әлеуметтік акциясының топ мүшелері сенбі күні Сыр еліне келді. Өңірге табан тіреген «Мәңгілік Ел» пойызының топ құрамын облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Әміреев бастаған сырбойылықтар барша сән-салтанатымен қарсы алды. Теміржол вокзалында облыс әкімінің орынбасары Ғ.Әміреев делегация мүшелеріне сәттілік тілеп, «Мәңгілік Ел» жолындағы дамуымыздың жедел, келешегіміздің кемел болуына тілектестігін білдірді. Ал топ жетекшісі Әміржан Әлпейісов бастаған құрам мүшелері қала тұрғындарына шараның мән-мағынасы мен маңызын түсіндіріп берді. Теміржол вокзалында өткен кездесуден соң топ мүшелері Асқар Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде мемлекеттік қызметкерлер, түрлі сала өкілдері мен қала тұрғындары және жастармен кездесті. Жиын барысында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры әрі топ жетекшісі Әміржан Әлпейісов Сыр елінің өткені мен бүгінгісіне тоқталып, тарихи тұлғаларына қатысты тағылымды ойларымен бөлісті. – Еліміздің егемендік алуы – хал­қы­мыздың тарихында жаңа дәуір­дің бетін ашты, бүкіл қоғамдық өмірімізге жаңа леп, соны серпін әкелді. Қазір ата-баба­ларымыздың, ел бақытын аңсаған армандары орындалды. Барша­мыз бейбіт өмірде, еркіндікті аңсаған ақ ниет, ақ тілеумен өзіміз тіккен ортақ шаңырағымыздың бағы мен сәні үшін қызмет жасауда­мыз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биыл жариялаған «Ұлт Жос­пары – қазақстандық арманға бас­тайтын жол» атты бағдарла­малық мақаласында «Ата-баба­лары­мыздың көптеген ұрпақтары үшін Қазақстанның Тәуелсіздігі асыл арман болып келді. Біз олардың азат және тәуелсіз Отанды аңсаған көп ғасырлық қиялдарын іс жүзіне асырдық» деп атап көрсеткен еді. Біз осы жолдан танбай, дамуға ұмтылған, үздік отыздықтың ішінен ойып орын алуға, «Мәңгілік Ел» жолындағы жарқын ісімізбен күллі әлемді таң қалдырып, ұдайы алға ұмтылуымыз қажет!– деді Ә.Әлпейісов. Ғалымның ойлы әңгімелерінен соң Елбасының «Мәңгілік Ел» идея­сы, «Қазақстан жаңа жаhандық ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Қазақстан халқына Жолдауы, «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарындағы алға қойылған бас­ты міндеттер мен мақсаттар жайында Астана қалалық «Қоғамдық келісім орталығының» директоры Талғат Жақиянов жан-жақты айтып берді. Талғат Жәрдемұлы Қазақстан халқы Ассамблеясының негізгі жұмыстарына тоқталып, әлемде баламасы жоқ бірден-бір саяси институттың ерекшеліктері жөнінде сөз қозғап, біртектілік пен бірлік берекенің бастауы, отаншылдық тәуелсіздіктің басты тірегі екеніне тоқталды. – Елбасы еліміздің біртұтастығы мен бірлігі жайында үнемі айтып келеді. Бүгінгідей бейбіт өмірдің қалыптасуы – Мемлекет басшысы ұстанған саясат пен халықтың болашаққа деген сенімінің арқасы. Татулық бар жерде кикілжіңнің болуы екіталай, мұны уақыттың өзі дәлелдеді. Ендігі жерде ұлтқа, дінге, түрге бөлінбей, қазақстандықтар болып бейбітшілік пен бірліктің нәти­жесінде озық отыз елдің қатарына ену жолындағы ортақ мақсатқа жұмылуымыз қажет,– деді ол. Шара аясында қатысушылар ел дамуы мен бірлігі бағытында сұрақ­тар қойып, тұшымды жауап­тарға қанықты. Кездесуден соң топтағы әр саланың мамандары жоспарға сәйкес бөлініп, облыс тұрғындарына кәсіби тұрғыда кеңестер беріп, жұмыстарын жалғастырды. Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан». Қызылорда облысы.