Бұл туралы кеше Орталық коммуникациялар қызметінде болған баспасөз мәслихатында мәлім болды. «Музарт» тобы мен Қазақстан Ұлттық телеарнасы ұйымдастырып отырған жобаның өзіне тән ерекшеліктері бар.
– Бұл жоба негізінен үш кезеңнен тұрады. Біріншісі – іріктеу кезеңі. Ол онлайн түрінде, яғни жобаның ресми сайтында жүргізіледі. Қатысуға ниет білдіргендер сайтқа тіркеліп, арнайы сауалдаманы толтырып, фотосуреттері мен ән жазылған бейнефайлдарын жіберу керек. Онлайн-іріктеуден өткен үміткерлер екінші кезеңге жолдама алады. Екінші кезеңде «Музарт» тобы бес аймақтық іріктеуге кіріседі. Аймақтық іріктеу Атырау (батыс өңірі), Семей (шығыс өңірі), Астана (орталық және солтүстік өңір), Шымкент (оңтүстік өңір) және Алматы (Алматы облысы) қалаларында өткізіледі. Екі кезеңнен сүрінбей өткен 60 үміткерге жобаға қатысу үшін жолдама беріледі. Түсірілімге кіл мықтылар ғана сұрыпталып, ақтық сында бары-жоғы 6 адам бақ сынайды, деді топ мүшесі Сәкен Майғазиев.
«МузАРТ LIVE» музыкалық тележобасына 16-дан 25 жасқа дейінгі аралықтағы дарынды бозбалалар мен бойжеткендер қатыса алады. Үміткерлердің музыкалық білімінің болуы шарт емес. Сондай-ақ, музыкалық талғамы мен орындаушылардың құрамына (соло, дуэт, топ) мән берілмейді. Ең басты талап – қатысушы мемлекеттік тілде ән айта білуге міндетті.
Тележоба жүргізушілері белгілі актер Азамат Сатыбалды, жас актер, тележүргізуші Нұрсұлтан Есжан және журналист Дина Төлепберген болмақ. Байқаудың продюсері Ренат Гайсин екенін естеріңізге саламыз.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан».