Көп уәдеден көңіл қалған сыңайлы
Испаниядағы баск сепаратистерінің ЭТА ұйымы ел үкіметіне кезекті рет шығып, өздерінің бұдан былай лаңкестік әрекеттер жасамай, елдің тәуелсіздігі жолындағы күресін демократиялық, бейбіт жолдармен жүргізетінін мәлімдеді.
Бүгінгі таңда Испания мен Франция мемлекеттерінің аумағына бөлініп кеткен аумақтарын осылай қайтарып, қайтадан өз мемлекетімізді бейбіт жолмен құрамыз деген олардың мәлімдемесіне ешкім сеніп отырған жоқ. Өйткені, мұндай мәлімдемелер бұрын да жасалған болатын. Атап айтқанда, бұл – соңғы бес жылдағы оқ атуды тоқтатамыз делінген үшінші мәлімдеме. 2006 жылы Мадридтің Барахас әуежайында жасалған лаңкестік жарылыстан соң Испания билігі олармен келіссөздерді үзілді-кесілді тоқтатып, сепаратистердің көшбасшыларын қуғындауға көшкен болатын.
Белгілі әншінің үйін үптеп кетті
Мәскеудегі «Золотые ключи» деп аталатын элиталық тұрғын үй кешенінде тұратын әнші Владимир Пресняковтың пәтерін белгісіз біреулер үптеп кетіпті.
Кеше таңертең әйелі Наталья Подольскаямен бірге Франциядағы тау шаңғысы курортынан келген В.Пресняков үйінің астаң-кестеңі шығып, заттары тоналғанын көріп милицияға жүгірген. Алдын-ала белгілі болған мәліметке қарағанда пәтерден 200 мың еуро ақша және 300 мың еуроның алтын заттары ұрланған. Сөйтіп, шығынның жалпы көлемі 500 мың еуроны құрап отыр.
«Ойыннан» от шықты деген осы
Грузия қорғаныс министрлігінің Рустави қаласының түбінде орналасқан әскери базаларының бірінде жарылыс болып, үш әскери қаза тауып, 13 адам жараланған.
Бұл әскери база жауынгерлердің оқу-жаттығу орталығы ретінде қолданылып келген. Кезекті жаттығуға келген бірінші артиллериялық бригаданың минометшілер ротасының ойындары кезінде болған осы жарылыстың себебін Қорғаныс министрлігі снарядтарды қолдану барысында жіберілген қателіктен болды деп отыр. Оқиға бойынша Грузияның әскери полициясы қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізуде.
Қылмыскер түрмеде отыруы керек
АҚШ Конгресінің өкілдер палатасындағы республикашылар партиясының бұрынғы көшбасшысы Том Дилзяны сот қылмысты деп тауып, үш жылға бас бостандығынан айырды.
Том Дилзяға қаражатты жылыстату арқылы қылмыс жасаған, нақты айтқанда, корпорациялардан түскен 190 мың долларды республикашылардың Техас штатындағы сайлау науқанына жұмсаған деген айып тағылған болатын. 2005 жылы басталған қылмыстық іс аяғына дейін жеткізіліп, ақыры сот оның қылмысын дәлелдеп шықты.
Компьютерсіз даму жоқ екенін ұққандай
Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердымұхамедов үстіміздегі жылдың 10 қаңтарына дейін барлық басшы қызметкерлер компьютермен жұмыс істей білулері керек деген қатаң талап қойды.
Келесі кезекте президент қағазбастылықтан арылып, электронды үкіметке көшу керек дегенді алға тартып отыр. Барлық оқу орындарында компьютер курсы жүргізіліп, оны аяқтаған соң емтихан тапсыру да міндеттелсе керек. Мұндай жәйттің осыдан бес жыл ғана бұрын Интернетті жау көріп, компьютерді керек қылмаған елде орын алып отырғандығы таңдандырады.
Республикалық симпозиум өтпей қалды
Татар халқы өздерінде М.Шәймиев басшылығының сипаттарын саралаған «Татарстан-2010» атты республикалық симпозиум өткізбекші болған еді.
Оған республикадағы сарапшы ғалымдар, саясаткерлер, тарихшылар шақырылып та қойылған-тын. Бірақ... бірақ сол симпозиум билік тарапынан жасалған қысымнан кейін өтпейтін болды. Бұған дейін тарихшы Н.Гарифтің халық арасында үлкен қызығушылық тудырған «Татар халқының азаттық күресі» атты кітабын талқылауға арналған дөңгелек үстел де өткізілмей тасталған болатын.
Еуроодақты ойландырмақ болып отыр
Францияда орналасқан «Орталық Азиядағы адам құқықтары» атты ассоциация Еуроодақтың Өзбекстан президенті Ислам Каримовті Брюссельге шақырған шешіміне алаңдаушылық білдіруде.
Ұйымның журналистерге таратқан баспасөз баянында: «Сапар 31 қаңтарға белгіленіпті, ал 30 қаңтар И.Каримовтің туған күні, соған қарағанда, Еуроодақ ең қатал диктаторлардың біріне жақсы сыйлық әзірлеп отыр», делінген. Одан әрі И.Каримов Еуроодақ басшыларының қолын алу құрметіне ие болған осы заманғы диктаторлардың ішіндегі ең алғашқысы екені айтылған. Одан әрі сегіз тармақтан тұратын И.Каримовке тағылған кінәлар тіркеліпті.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.