Кеше Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев пен Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі Сергей Лавров телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің баспасөз қызметі.
Екі елдің сыртқы саясат ведомстволарының басшылары әңгімені жылдың басына тән болып табылатын дәстүрлі екі жақты қарым-қатынастардың жағдайы мен болашағы тақырыбынан бастап, халықаралық күн тәртібінде тұрған бірқатар мәселелерді талқыға салды.
Тараптар 2010 жылы ынтымақтастықтың оң сипаты көрініс бергенін айта келіп, оның әрі қарай жемісті дамуының негізгі факторы мен кепілі Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Президенті Дмитрий Медведевтің тұрақты байланысы мен достық қарым-қатынасы екенін атап көрсетті.
Көпжақты ынтымақтастық аясында Қ.Саудабаев пен С.Лавров 2010 жылы қараша айында Бакуде өткен Каспий жағалауы елдері басшыларының 3-ші саммитінде қол жеткізілген келісімдердің жүзеге асу барысын қарастырып, осы бағыттағы нақты қадамдарды белгіледі.
Сонымен қатар, қазіргі кезде Қазақстан төрағалық етіп отырған Шанхай ынтымақтастық ұйымы қызметінің мәселелері қарастырылды. Соның ішінде, осы жылдың маусым айына жоспарланып отырған Астанада өтетін ұйымның мерейтойлық саммитіне дайындықты ұйымдастыру мен оның мазмұндық жағына ерекше көңіл бөлінді.