16 Наурыз, 2016

Башқұртстанға барғанда

543 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
888...Башқұрт халқының тілі қыпшақ-болгар тобына жататындықтан, қазақтарға түсінікті екен. Башқұрт театрының туындысын тамашалап, осыны ұқтық. Патша өкіметінің езгісіне, жерін басып алып, алым-салықты шамадан тыс көбейтуімен қатар, діннен бездіруге бағыт­талған соғыстарда Ақай Қосымов басқарған көтерілісшілер 1735-1740 жылдары жерін, елін, дінін, дәстүрін қорғап қалғанынан артық не бар. Ақайдың әкесі Төлекей 1681-1684 жылдардағы патша өкіметінің езгісіне қарсы көтерілісті басқарыпты (см.МИБТ.Ү1.с.363-364). Осындай көтерілістерде Ақайдың батыр сарбаздары Қара-табын болысынан Жүсіп Артықов, Юрмалай болысынан Сұлтанмұрат Дүйсекеев, Бұляр болысынан Өмір Тоқтаровтар үлкен ерліктер көрсетеді. – Әділетті қатты ескертуі екен, қанын ішіне тартқан үстемдік алдында елпектемеген халық күші қаһарлы ғой қашанда, – дедім. – Мұрағат деректерінде Оңтүстік Орал бойын мекендеген башқұрттар 1219-1220 жылдары Сырдария даласына дейін көшіп барып, Алтын Орда мен қарым-қатынаста болыпты. Ерлері 13-1 әскери полкіне тіркеліпті. Үміт аз, күдік көп, ізін аңдитын жаулық бар, құтырынған зор­лық, езіп, жаншуы үдеп тұрған Ресей патшалығының басқыншылығынан байтақ даланы қорғауға ерлердің ерлігін күткен аз халықтардың мұңы ортаққа айналған-ды. Бой бермей түтеп өршіп тұрған жаугершілік, түрлі кедергілердің қыспағы халықтың есін шығарып, еркіндікке ем таппаған кезеңдер тарихтан белгілі. Ресейдің билігін амалсыз мақұлдап Алтын Орда және басқа да ұсақ мемлекеттер еркіндігін талап етсе де қақтығыс, соғыс тоқтау таппағанына тағы бір дәлел – 1736 жылдың 29 маусымында тұтқынға түскен Ақай батырды босату үшін башқұрт сарбаздары генерал А.И.Румянцевтің әскери бекінісіне тосын шабуылдап, 180 солдатын өлтіріп, 32 солдатын жаралы етеді. – Асқан ерліктің ұшқындары сөнбейтін сәуле қалдырып жұлдыздар жолында сайрап жатыр, ерлік кектенуден бастау алады, еркіндікті аңсау елдіктің шарты, – деді Нияз. – Адамдар жер бетіне пайда болған жылдарды айтпағанда, қаншама ғасырдың қуанышына ортақтасып, қайғысына бірге жұбанысқан қазақ-башқұрт халықтарының достығы терең тамыр тартқан. Түн түнекті де көрді, шерленіп бірге мұңданды да. Әйтеуір үмітін үзбеді, бір-біріне арқа сүйеді. Түтіні түзу шығып адал тілекпен, биік мақсатпен, зор жігермен бірлесіп көре алмаушылыққа, пайдакүнемдікке салынбай, кісілік тарихын тазалықпен сақтағандық ежелден қалыптасқан. Башқұрт халқының ұлы тұлғасы атан­ған Зәки Валидидің: «Түрлі соғыс, қақты­ғыстарды айтпағанда, азамат соғысының көлеңке жағындағы шындықты айқындап ашар болса түрлі елдердің түсінігі өзгеше болар еді, шындық көрініп қалар еді» деуінің астарында адам құқы, ұсақ елдердің арман-мүддесінің қорғалудан шет қалып, үс­темдіктің қорлау қалыбына құйылып, әл­сіз­дердің үрейленуі көрінетінін білдірсе керек. Башқұрттардың жазба дерегі ертеден бас­талса Уфаның жоғарғы, әкімшілігін басқарған Меңдияр Бекшорин (1750-1821) Сырым Датовпен кездессе, осы сапарында қазақтың «Барса келмес» ертегісін жазып алып «Санкт-Петербургские ведомостиде» жарияласа (839 №17), екі ұлттың шығармашылығы ертеден бастау алғанын көрсетеді. Башқұрттар тірлігінің ұзын-ырғасы халықтарды бөтенсу емес, түрлі тірлік қозғалысын бағалап түсіністікпен іш тартып қарау десек, ХVІІІ-ХІХ ғасыр­лардағы түрлі революциялармен қатар Па­риж коммунасының шындығына көз тас­тап, болжалмен бағалай қарап, өздерінің іс-әрекетін жетілдіріп ұлттық қасиетін дәуірге сай дамытып отырған. Оған дәлел Уфада 1838 жылы губерниялық баспахана ашылып, Хайбулла ауданында «Бақыт», «Шура» журналдары жарық көрген. Башқұрт халық қозғалысының басшысы А.А.Валидовтың мақсатты құнды ұсыныстары нәтижесіз қалса, көп кешікпей губернияларда аштық өрттей лау ете түседі. 1921 жылдың 1 қаңтарында Уфа губерниясында 13 миллион пұт астық, 2.2 мың пұт май, 12 миллион дана жұмыртқа, Кіші Башкерия бойынша 2.2 миллион пұт астық, 6.2 пұт май, шаруа­ларда 39 мың ірі қара, 82 мың қой, ешкі, ара өсіруден жиналған 2.2 пұт бал болса, мұн­ша азық халыққа бұйырмай, өкіметке тапсырылып кетсе, ол аздай 1921 жылғы қуаңшылық, азамат соғысы қалжыратқан елде аштық басталады да халық көтерілісіне ұласады. Арынды өзендердің бойымен аққан өліктер қабірін де таба алмай қалды. Ондайды көрген тас жүректінің де көкірегі шыдамас еді. Бірақ, Қызыл Армия, кеңес басшылары барынша мүмкіндіктерді қарастырды. Халықтың үмітін жоймауды біршама ойластырды. Жұрт Кеңес өкіметі жарылқайды деп асыққанда Орынбордан шыққан Дутовтың армиясы ақтар, қызылдар болып қырылысуы да башқұрт халқына оңайға соқпады. Көз сүрінетін өліктер, аш құзғындар таласы, ғажайып өлке өртке оранып жатты. Әлі күнге жерге күрек салса қарулардың шіріген қалдықтары шы­ғады, ара-тұра аштан өлгендердің бе, оққа ұшқандардың ба, адамдардың сүйегі де көрініп қалады. Оныңыз мәңгілік ұмытылмайтын зұлымдықтың естен кетпес куәсі. Расында ХVІ ғасырда Алтын Орда, Ноғай ордасы, Қазан хандығы, Сібір хандығы болып ұйысып жергілікті халық өзін өзі басқарып, тыныштықпен біраз жылдарға еркіндігін сақтады. Қала өркендеді. О да зулап өте шықпай ма? Жаратқан Ием башқұрттарды шыңы көк тіреген тау, қалың жыныс орман, таудан басын алатын арынды өзендері, көлдері дейсің бе, небір табиғат сұлулығымен қытымырсыз жарылқаған. Осындай құнарлы да құт өңірде ашыққан халыққа 1922 жылдың 6 қаңтарында «Винкобого» су кемесі 5.900 тонна жүгері дәні және басқа да азық-түлік, дәрі-дәрмек жеткізген. Өздерінің халқын сақтауға өндірген азық-түлігін өкімет сыпырып әкеткенін жоғарыда көрсеттік. Әлгі шетелдің көмегі 5250 ашыққан балаларды асыраса, 1921 жылғы желтоқсандағы дерек бойынша 75 000 баланы аштықтан қорғау керектігін мәлімдеумен қатар (ЦГИАРб ф.р.-О1О1.оп 1.д.70.л.29-30) балалар өлімі 40 пайызға, емшектегі сәбилер өлімі 75 пайызға жеткенін қамтып айтылады. Сол тұста Америка әкімшілігі ашыққандарға көмек есебінде 29 тамызда Ригадан Мәскеуге 8 вагон, 30 тамызда 14 вагон толы азық-түлік жөнелтілгенін «Правда» газетінің 1921 жылғы 3 қыркүйегіндегі санында жазған екен. Бірақ мұның бәрі аштыққа ұрынған қалың халықтың қайсысына жетті дейсің. – Аштық алдымен адамдардың ақыл-есін алатын, миын істен шығаратын тәрізді. Солай дегенмен, әрбір ата-ана соңғы үнемін ұрпағына беріп, өзі ажалға бейіл болатын шығар... – деді Нияз пікірін дәлелге негіздеп... Нияз: «Башқұртстанның кейбір елді мекендері Челябі губерниясына қараған ғой. Мысалы, Вернеуральск қаласында 1897 жылы 11103 түтін башқұрт мекендеген. Бүгінде Башқұртстан құрамында. Сол өңірдегі өлімші болған 2,5 мың баланы АҚШ азықпен асыраса, Швецияның Қызыл крест қоғамы – 100 мың жасөспірімді, Ква-кери қоғамы 350 мың ұрпақты асырапты. Ал Нидерланд мемлекеті көмек ретінде 4000 тонна азық-түлік, дәрі-дәрмек жеткізіп отыр­ған. Осы кезде губерния бойынша 19580 тұрғын нәр сызбай өлім халінде жатса, оның 9007-сі сәби балалар екен. Адам өмірге өлу үшін келмейді, әділдікпен ба­қытты өмір сүруге келеді» – деп ойға батты. Мемлекеттің жауапты адамдарының қолында жан-жақты зерттелген статис­тика мәліметі болса, оған көз салып, көңіл қойса миллиондаған халық ажалдан аман қалар еді. 1921 жылы басталған аштық 1922 жылы жалғасып, Башқұртстан губернияларында 421.352 адам, 368.330 бала аштық ауыртпалығын тартып өлімші болған, ауру, сырқау меңдетіп өлім құштырған көбін (ГАЧ.оф.380.оп.1.д.18.п21.24.). Тау алқаптарына мұңлы көз­бен қарап тұрып халық басына түскен жой­қын нәубеттің нақты себебін айтып, данышпандық болжауын жұрт талқысына салған Алаш ойшылдары, мұсылмандардың үшінші съезінің мүшелері, саяси шешен, астроном Жәңгір Абызгелдин, белгілі философ, дін қоғамының қайраткері «Ғалия» медресесін ұйымдастырушы Зият­­дин Камалетдинов, мұғалім Мұқлиса Ғабделгалямова, «Идел» газетін шығарушы ұстаз, әрі жазушы Абдрахман Гумеров, тарихшы-ұстаз Хасан-ғата Мұхаметұлы, философ, ұстаз Муса Бигаев, жазушы Шахар Шараф және басқалары ел өмірінің шындығын айтам деп, қызыл империяның қуғын-сүргініне түсті, түрмеге де отырды, өлгені өлді, өлімші болғанына атар таң, көрер күн көрсетілмеді. Саясат қылышы жалаңдап дінге де килікті, бұзу үшін бірлікті, тобыр шүйлікті. Ұлт мүддесін, тілін, дінін, ділін қорғаған белгілі жазушылар Абзал Тагіров, Болат Иманғұлов, Ғұбай Давлетшин, Дәуіт Юлтай Абдолла Амантай, Тухфат Янаби, халық жауы есебінде атылып кетсе, 29 жазушы қуғын-сүргін зардабын шегіп, түрмеде отырып жазаланған екен... «Толқыны тулап, таралып қалар жырларым, қайта-қайта қағып көңіл сырларын» деп жырлаған, «Бір өмірдің тарихы» трилогиясымен Кеңес Одағында есімі құйрықты жұлдыздай жарқ еткен Зайнаб Биишеваның шығармалары күреске толы башқұрт халқының шежіресі деп әлі күнге жоғары бағаланып келеді. Ырғыз өңірінен білім іздеп, бақыт таппақ болып, арып-ашып, мұң-шерге батып, қиындықпен жанын аямай арпалысып «уһ» деп Уфаға жетеді. Жазушы шығармасы өмір айнасы десек, суреткерлік таланты асып туған Сайфи Құдаш (1894-1993) 1913-1915 жылдары Қостанай қаласындағы қалалық мұсылман мектебінен білім алып, Уфадағы «Ғалия» медресесінде оқуын жалғастырады. Сол жылдары Ш.Бабич, Х.Туфанмен бірге әдеби, музыкалық үйірмелерден білімін толықтырып талантын шыңдайды. Түрлі баспалар қолдан-қолға тигізбей Сайфидің өлеңдерін жариялай бастайды. 1919 жылдан бастап Омбыдағы «Азат сібір», «Шығыс кедейі» газеттерінде өлеңдері жарық көрсе, 1930 Уфадағы «Жаңа ауыл» газетінде қызмет атқарады. Одан кейін «Октябрь» әдеби журналында редактор қызметтерін атқарып, талай қаламгердің шығармашылық бағын ашады. 1943-1948 жылдары Башқұртстан Жазушылар одағын басқарып өмірін бірыңғай әдебиетке арнайды. Тұңғышы «Еркіндік әні» шығармасынан бастау алса, оның өлеңдер жинағы, романдары қазақ, қырғыз, тәжік, өзбек, украин және басқа ұлттар тіліне аударылады. Ұлы тұлғаның көз алдында, жадында жаңғырып Мағжан елестеп тұратындай болды ма екен, мұрағаттағы әдеби қорының алғашқы бетінде өзінің, Мағжанның фотобейнесі жарқырап тұрғанын көріп, әдебиет әлемінің терезесін ашып, тынысын кеңейтті ме екен, деген ойда қаласың. Қаламгерліктің бірін-бірі құрметтейтін қасиеті қандай шырайлы, қылығы, ойы, сөзі жаныңа қуаныш беретінін жазушыдан басқа ешкім түсінбес те, ұқпас та еді. Және Мағжанның сүгіретімен қа­тар «Ақ жол» журналының №1 санында жарияланған «Темірді жұмсартқан ана» новелласы да қорда әспеттеліп, үлгі ретінде сақталған. Мәңгі жасайтын ұлылық, шындық, келешектің болжамы, өткеннің мөлдір бейнесі өшпейтінін Мағжаннан тапқандай рахат сезімде болып, жан дүниесін кеңейтіп өзінің шығармашылығына құлаш сермеді ме екен Сайфи? Бүгінде Башқұртстан байлығы халықтың дәулетіне айналып отыр. Атап айтсақ, 40 өндіріс орындары Ресей, Қазақстан, Қыр­ғызстан, Тәжікстан елдерімен және Моңғолиямен байланыс жасап келеді. Башқұртстанның ауыл шаруашылығына арналған жеті миллион гектар жері бар, оның 3,7 миллион гектарына егін, көкөніс өсіреді, қалғаны жайылымдық. Мұнда 900 ауыл шаруашылығы кәсіпорны, 930 азық-түлік өңдеу кәсіпорны, 5500 шаруа қожалығының қай-қайсысы да табысты салаға айналған, ғылыми негізде дамыған. Жыл сайын 10 000 тонна астық, 6000 тонна көкөніс, 5000 тонна картоп, 1800 тонна шөп, 9000 тонна сүрлем дайындалады. Мал өсіру тиімді сала, 7000 тонна сүт, 400 тонна сапалы ет өндіріліп халыққа таратылады. Халқының біразын қырып салған баяғы аштық енді оралмасы анық. Бұрынғы үрей, өктемдік ұмытылды, тарих қойнауына біржола кетті. Ауыл шаруашылығының табысты салаға айналуының себебі, табиғат байлығы, мұнда 3 мың көл, 13 мың өзен бар болса, онда 300 құс түрі, балықтың 42 түрі өсіп, өнеді. Мына ақ Еділ өзенінің суына бетін жуып, биік шыңға қарап тұрып қазақ сатирасының классиктерінің бірі Жиенғали Тілепбергенов: « Шаршап тозған ойларды тазарттың, жастық ша­ғымның біразын осында өткізіп ізгілікті таптым, білім алдым, қатал тағдырды жеңуді үйрендім. Мақсатсыз күндер қалды артта. Мейірімсіз үрейден жасқана қоймаспын, таудың өрлік мінезін бойыма дарыта көр, кеудем желпініп бір сергіп қалсын. Бойымды бекіт, жолымды аш. О, табиғат құдіреті тарихтың шындығын бауырыңа басып жатырсың ба?» – деп толғанды ма екен. Рас, қазақтың талай ойшылдары, биік тұлғалары осы Уфа қаласынан білім алды. Башқұртстанның жанымызға жақын болатыны өткеніміз, бүгініміз, ертеңіміз, тарихымыз ортақ болуы Жаратқанның берген тартуы сықылды. Түсініктісін айтсақ, Уфа қаласының мемлекеттік мұрағатындағы 585. 228 құжаттың қазақтар тарихына қатысты деректері жетерлік, оны азсынсаң, ұлттық кітапханасында араб, парсы әліпбилерімен жазылған алғашқы дәуірден бергі құнды кітаптар да табылады. Міне, бабаларымыз бағыт алған жұлдыздар жолы оңғарыла беріп, жақсылығымыз ұнасым тапқай деп тілесек артық болмас, сірә. Көз тұндырған табиғат сұлулығынан тірлік шындығын тапқандай башқұрт жазушысы Нияз Алсынбаев «Еділ мен Жайық» әнін шырқай бастады. Тау жаңғырып жатты...Үн алысқа кетті... Ұлттық ашық үнге шаттана түсесің! Табыл ҚҰЛЫЯС, жазушы. Астана – Уфа – Астана.