Асылдарым (жалғасы)
ЭССЕ
Сағы сынбаған сын сардары
1937 жылдың күз айында С.Сейфуллин мен Б.Майлин ұсталды. Сол жылдың желтоқсан айында Жамбыл бастаған делегация құрамында Кенен Әзірбаев, Тайыр Жароков, Павел Кузнецов және мен Тбилисиге бардық. Мақсатымыз – Шота Руставелидің «Жолбарыс терісін жамылған батыр» поэмасының 750 жылдық мерекесіне қатысу. Мерекенің барлық шарасына қатысып, Алматыға 1938 жылдың қаңтарында қайттық. Қайтарда Мәскеуге соғып, КСРО Ішкі істер министрі Н.Ежовтың қабылдауына бардық. Соның нәтижесінде сол жылы май айында Жамбылдың кешігіп те болса еске алынған мерейтойын өткізу жөнінде шешім қабылданды. Алматыға қайтып келген соң Жамбыл юбилейінің дайындығына шұғыл кірісіп кеттік. Сол тұста наурыз, сәуір айларында Х.Есенжанов, З.Шашкин, С.Камалов, т.б. жас жазушылар ұсталып жатты. Соның қарсаңында «Казахстанская правда» газетінде «Джамбул у Ежова» деген мақалам шыққан. Бір күні мені Хамидуллин деген НКВД қызметкері шақырды. Бардым. Сұрағаны: «Байшыл-ұлтшыл ұйымға қашан кірдің?», «Ежовқа неге кірдің?», т.т. осындай мылжың сұрақтар. Мен ешқандай ұйымды білмейтінімді, ешқандай ұйымға кірмегенімді айттым. Ежовқа кіруде басқа ниет болған жоқ, Жамбылмен бірге қабылданғанымды түсіндірдім. Бірақ түсінбепті, тағы да әлденеше рет шақырып, бірде Катков, бірде Павлов деген НКВД қызметкерлеріне апарды. Бәрінің ежіктеп қайталап сұрайтыны – бір-ақ бәле, бір-ақ жала. Айтатындары: «Мойындасаң – саған тимейміз» деп уәде береді. Бірақ, мен бірде-бірін бойыма жуытпадым. Сөйтіп жүріп, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы рөлінде Жамбыл мерейтойын мамыр айында, әуелі Жамбылдың туған жері – Қарақастекте, кейін Алматыда өткіздік. Той өтісімен маусымның басында, бір күні Ғабит Мүсірепов екеуімізді партиядан шығарды. Таққан айыбы: Жазушылар одағында отырып, халық жауларын көрмеді, әшкерелемеді. Бұл 5 тамыз күні болатын. Осыдан 5 күн өтісімен, 11 тамыз күні түнде НКВД-ның екі адамы келіп, үйді тінтіп, мені ұстап әкетті. Олар: Катков пен М.Оспанов. Сағат 1-де машинамен жеткізіп, мені НКВД үйінің үшінші қабатындағы Марков дегенге тапсырды. Ол түн ортасына дейін қитұрқы сұрақтар қойып, тергеуге алды. Бірақ әзір қысымға алған жоқ. Әйткенімен, мойындатпай қоймайтынын қатты ескертті. Содан былай күні-түні кезекпен бірде Марков, бірде Оспанов, бірде Хамидуллин қысым көрсетті. Ұйқы көрмегенім, таяқ жегенім, карцерде тұрғаным, сонда аяғымның астына түні бойы суық су жібергенін, он саусағыма қаламұш шаншып, тырнағымды ушықтырғаны, анамды балағаттағаны – бәрі жазылған. Азапта өткен бірнеше айдан кейін әскери трибуналға түстім. Менімен бірге түскендер: Бәймен Алманов (КазПИ-дің бұрынғы директоры), Хамза Есенжанов (Ленинградта аспирантурада бірге болған жолдас), Өтебай Тұрманжанов (КазПИ-де сабақ берген, Жазушылар одағында бірге істеген жолдас). «Халық жауы» деген айыпты ешкім мойындаған жоқ. Сырттан келіп бұларда ұлтшылдық қылықтар болған деп куәлік еткен жазушы «жолдастар» бой көрсетті. Әскери трибунал Алмановқа 5 жыл, басқаларымызға 8 жылдан берді. Сөйтіп, 1939 жылдың жаз айларында бізді Алматының жалпы түрмесінде ұстап, военный трибуналдың үкімі бұзылған соң, Семейдің түрмесіне айдады. Онда бірнеше ай отырған соң, 1940 жылдың басында бұзылған әскери трибунал үкімінің орнына «Особое совещание» деген тройканың ұйғаруымен 8 жылды өтеу үшін Красноярск лагеріне айдалдық. Краслагтің Жедорба деген пунктіне «орналастық», орналастық емес-ау, омалдық. Ондағы азапты айтып жеткізуге тіл жетпейді». Адам жаны түршігерлік азап пен қиындықты кейінше жоғарыдағы ашына жазылған естеліктен оқып түсіндік. Айдаудан келген соң бізге құшақ жайып тұрған ешкім болмады дейді Мұхаметжан ағамыз. Уақытымыздың көбі үй-жай іздеумен, күн көретін жұмыс қарастырумен кетті деп қинала жазады. «Үйден-үйге көшіп жүріп, Хамза екеуіміздің аударғанымыз М.Шолоховтың «Тынық Дон» романының бір-бір кітабы болды. Одан әрі әрқайсысымыз өз мамандығымызбен, өз жанрымызбен болып кеттік дейді. Қиямет үзілістен кейінгі қиындықтың жайы айтпаса да аян. Алайда, оянған үміт пен жаңғырған сенім қиындық қамалынан қаймықтырмай, қайта қайрап салғандай серпін берді. Осыған да шүкіршілік еттік дейді ағамыз. Бізге сабақ беріп жүрген кезде ағамыздың басы ойдан босамайды екен. Бір мезгіл Ғылым академиясына соғады, бір мезгіл университетке келіп дәріс оқиды. Қалған уағында қадалып қалам мен қағазға шұқшияды. М.Шолоховтың «Тынық Дон» романының үшінші кітабын аударып жүріпті. Бұл аздай-ақ, күнделікті әдеби процестің ұңғыл-шұңғылына үңіліп, жақсысына жылы лебіз білдіріп, нашарына күйіне сын жазады екен. Бұл аздай-ақ, Қазақстан мемлекеттік көркем әдебиет баспасында директор болып жұмыс істейді. Жазушының бір жағына шықсам дейді. Не деген қажымас қайрат, сарқылмас жігер десеңші! Тағдыр талай төнсе де сындырам деп, Мойыныңа саламын қыл бұрау деп, Сынбай қайтқан еріндей біреуі осы, Тынбай қалған ісімді тындырам деп. Әбділда ағамыздың осы өлеңі Мұхаметжан Қаратаевқа арналған. Көп жылғы үзілістен кейін жан таптырмай жұмыс істеп, үсті-үстіне білімін жетілдіріп, білігін көгенкөз біздерге беріп кетуге ұмтылады екен. Уақыттың қадірін сезінуді, уақытты ұқыпты пайдалануды Мұхаметжан ағадан үйрендік. Ол кісінің бос уақыты болмайтын. Бірде академияда, ғылыми кеңеске қатынасып, қорғалып жатқан диссертацияға пікір айтады. Келесіде көркем әдебиет баспасының шашетек шаруасына жегіледі. Жазушылар одағының сын жиналысына төрағалық етеді. Күні бойғы жүгірістен соң үйіне келіп түннің бір уағына дейін өзінің шығармашылық шаруасымен айналысады. Өзін-өзі аямауды, бар білгенін ұлтына, халқына арнауды біздер ағамыздан үйрендік. Қай кезде көрсең-дағы сабырлы, бір қалыпты, аспай-таспай сөйлейтін мінезінен айныған жоқ. Әлі есімде, өткен ғасырдың 60-шы жылдар басында – сталиндік зұлматтың әшкереленіп, жазықсыз жапа шеккен классиктеріміздің ақталу орайына арналған Жазушылар одағында жиын өтті. Студентпіз. Қызық көріп сол жиналысқа барып қатыстық. Мұхаметжан ағамызға қаратып сол жиында жазықсыз жапа шеккен ақынның зайыбы ауыр-ауыр сөздер айтты. Бейне, 1937 жылғы бірін-бірі көзге шұқып көрсету, донос жазу, айдап салу қитұрқысын осы ағамыз ұйымдастырғандай, беттен алып, төске шауып, ғайбат сөйлегені сай сүйегімізді сырқыратты. Сөз алған Мұхаметжан ағамыз: «Өзім де жазықсыз жапа шеккен адаммын, текке жазғырмаңдар! Уақыт бәрін өз орнына қояды», деп сабырлы қалпынан танбай мінберден түсті. Бекзаттығы бір төбе. Кісілігі атан түйеге жүк болғандай қайран ағам! Ағамыздың зорлық-зомбылықты бастан кешіріп, қаншама үркіншілікті өткеріп, қайтпас қажыр, табанды мінезін жоғалтпағанына сол жолы анық көзіміз жетті. Мұхаметжан ағамен көп араластым. Жатақханада жайған шағын дастарқанымыздан да жеңгей екеуі келіп дәм татып жүрді. Баспаналы болыңдар деп батасын беруші еді. Сол батаның арқасында шығар, біз де пәтерлі болдық. Тақауда сол ағамыздың 100 жылдық мерейтойын Президенттік мәдениет орталығында өткіздік. Бұл да болса біздің буынның, кейінгі оқырман қауымның сыншы ағаның рухы алдындағы парызының бір өтеуі деп білдік. Сұлу мінез, сұлу білім иесі Өнегесін алған, тәлім-тәрбиесін көрген, асыл ағалардың ортасында әрдайым маңдайы жарқырап ерекше Зейнолла Қабдолов тұрады. Ол кісі туралы ойласам-ақ, өмірімнің ең бір мағыналы, сұлу, көркем кезеңі көз алдыма келеді. Құлағымда самалдай себелеген жайлы, сазды, әуенді, қамқорлы үні қалды. Өткен ғасырдың елуінші-алпысыншы жылдары Мұхтар Әуезов пен Зейнолла Қабдолов еліміздің білім ошағының қарашаңырағы – Қазақ мемлекеттік университетінде қатар еңбек етті. Сол білім ордасында бірі аға, бірі іні болып 16 жыл қоян-қолтық өмір сүріпті. Бұл жылдар ақиық жазушы Әуезовтің қаншама жылдар жанын жеген қуғын-сүргін, өсек-аяң, ізін аңду, қудалау, уәжді сөзін теріске жору секілді жаманшылықтан құлағы тыншып, бірыңғай шығармашылыққа бет бұрған жұлдызды жылдары еді. Зейнолла Қабдоловтың да «Ұшқын», «Жалын» секілді романдары жарияланып, қоғамда үлкен ой тудырған, елдің аузында жүрген кез болатын. Жас жазушы ұстазынан отыз жастай кіші. Мұхтар Әуезов өмірінің соңғы жылдарында ертеде жазылған бір топ әңгімелері мен пьесаларын үстінен қайта бір қарап, ғылыми дәйектеме жазып, сұрыптап, сараптап «Қараш-Қараш» жинағын шығарған болатын. Сол мөлдіреген әдемі шығармалары топтасқан жинақты інісіндей көріп Зейноллаға сыйлапты. Кітаптың титулдық бетіне: «Ғазиз көретін, сұлу мінез, сұлу білім, өнер иесі, досым, інім Зейноллаға – дос, аға көңіл белгісі болсын», деп қолтаңба беріпті. Сол кездегі атағы жер жарған 63 жастағы Әуезовтің 33 жастағы Зейнолла Қабдоловқа арнап жазған авторлық қолтаңбасындағы сұлу мінез, сұлу білім, досым Зейноллаға деген үш ауыз сөз Зейнолланың бүкіл бітімін, табиғатын дәл ашып тұрғандай. Өзінен әлдеқайда жас, ғылымға, өнерге жаңа талпынып, еркін келген Қабдоловқа ұлы суреткер неге бұлайша баға берді?.. Баяғының көріпкел әулиесіндей қалайша өзінің бауырына тартып, дос санады?.. Осынша төгілуінің сыры неде?.. Бұл сауалдарға жауап беру үшін Қабдоловтың әдебиетке, ғылымға келу жолына көз жіберсек те жетіп жатыр. Қиырдағы Ембі, Доссор жерінен, ондағы мұнайшылар арасынан білімге сусап жеткен жас жігіт әу бастан-ақ, мына тіршілік сапарында су отындай бықсымай, көк түтініне өзін де, өзгені де тұншықтырмай, жалынша лапылдап жанып өтуге бас тіккен. «Күн шығар алдында селеу басынан шық мөлдіреп, мизам ұшады. Бұл бір сұлу сурет: бусанған жер беті алтын жалатқандай ылғи ғана жіп-жіңішке зер шашақтарға – өз-өзінен жылтылдап, жалт-жұлт етіп жөңкіле қалқыған жібек жіптерге толып кетеді. Күн түс кезінде тіпті қызулы: тас төбеге келіп әдейі тұрып алғандай, дымқыл топырақты шағырмақ нұрымен жуады да шаяды, шаяды да жуады» (З.Қабдолов, 1-том, Алматы, 1983 жыл, 10-11 бет). Дәп осылай – сөзден сурет салғандай, майдан қыл суырғандай етіп мөлдіретіп суреттеп беру – кәнігі жазушылардың қаламынан ғана туады. Бұл кезде Қабдоловтың отызға жетпеген кезі. Классикалық-реалистік суреткердің сөз саптасы, қалам сілтесі. Ойдың нақышы, сезімнің мөлдір кәусары. Бұл аздай-ақ Назым Хикметтің бір ауыз өлеңін эпиграф етіп алған: «Мен жанбасам лапылдап, Сен жанбасаң лапылдап, Біз жанбасақ лапылдап – Аспан қалай ашылмақ!» деген әйгілі өлеңін маңдайына темірқазық етіп ұстаған жас қаламгер алғашқы шығармасынан-ақ ширыққан тартыс, ұрымтал фабула, ойнақы образдылыққа батыл бет бұрды. Осы беталысымен-ақ ұлы суреткерді тәнті еткен секілді. Жап-жас Қабдоловты кең құшағына қаусырып, әзиз жүрегіне басып, досым Зейноллаға деп қайта-қайта шегелеуінің мәнісі осында жатқан секілді. Алғашқы қадамымен-ақ алысқа шабар бәйге атындай кең құлашты адымын танытты. Тынысына тәнті етті. Жеті қат жер астынан мұнай өндірген жұмысшылардың жан дүниесін баяғыдан бағып келе жатқандай – сарабдалдығы баурады. Тірі сөзбен сурет сала білетін шеберлігі ынтық етті. Жібек мінезі үйірсектетті. Алға қойған ұлы мақсат жолында өз жанын өзі қинап, өз жігерін өзі қайрап, өмір жолын ұшқындатып, жалындатып бастаған қаламгердің сұлу біліміне тәнті болды Әуезов. Өмірді оқып білу бар да, тоқып білу бар. Қабдолов мұнайшылар өмірін жастайынан көкірегіне тоқып өскен. Сол тоқығанын жүріп-жүріп пісіп жетті-ау деген мезгілде ақ қағазға төгілдіріп түсіргеніне шүбәсіз риза болған Әуезовтің сұлу мінез деп тұрғаны – қаламгердің мінезділігін мегзегені. Өткен ғасырдың алпысыншы-жетпісінші жылдары әдебиеттану ғылымында үлкен дау көтерілді. Бұл дауды өршіткен орыс зерттеушісі Л.И. Тимофеевтің «Әдебиет теориясының негіздері» атты кітабы еді. Зерттеуші көркем туындыны жілік-жілікке бөліп, ондағы стиль, ағымдар мен жалпы әдеби процесті талдап-тексерудің ұстанымдары мен әдістемесін қарастырды. Әдеби дамудың тарихи заңдылықтарын зерттеді. Әдебиет теориясынан жарық көрген сүбелі еңбекке көз алартушылар көп болды. Бұл заңды да. Көп зерттеушіні әдебиет теориясының өзекті мәселелерін тек өзімізше пайымдап, байыптауымыз қажет деген тұжырым тіксінтті. Екіншіден: орыс тілінде жазылып жарық көрген теориялық зерттеу мен оқулықтардың әрқайсысындағы әр тарап пікірлерді бір жүйеге түсіргені батты. Әсіресе, әдеби-теориялық ұғымдардағы схоластикалық, формалистік сипаттарға көбірек назар аударып кеттік деген пікірге өре түрегеліп, қарсы дау айтушылар көбейді. Әдеби байланыс – завязка, шарықтау – кульминация, шешім – развязка туралы түсініктерін өре түрегеліп сынға алды. Міне, осы кезеңде әдебиетші Қабдолов қазақ тілінде әдебиеттің теориялық мәселелерін жан-жақты қарастыра келіп, «Сөз өнері» атты зерттеу еңбегін жазды. Әдебиет теориясын әлдебір қасаң ереже, кейде тіпті қатал заң ретінде ұсынбай; жазушының шеберлік мектебін – өнердің қиын иірімдерімен ұштастыра, шығармашылықтың психологиясына, сөз саптау стихиясына байланыстыра талдауы жаңашылдық еді. Бұл кітап әлгі айтқан «Әдебиет теориясының негіздері» еңбегінен әлдеқайда өмірге жақын, жазушының мінез қалыбын терең байыптайтын, әсіресе қазақ қаламгерлерінің сөз саптау мәнеріне жиі жүгінген бірегей толымды еңбек болды. Кейінше бұл еңбегі жоғары оқу орындарына арналған оқу құралы ретінде кеңейтіліп, «Әдебиет теориясының негіздері» деген студенттердің қолынан түспейтін кітапқа айналды. Бейнелеу, сәулет, мүсін өнері нақтылай заттық ұғым болғанымен, жансыз, қимылсыз; ал әдебиет кез келген шындықты қимыл-қозғалыс үстінде құбылта, көркейте алады. Дәл осы тұрғыдан алғанда, сөз өнерін – бар өнердің басы – «өнер атаулының ең қиыны және күрделісі» (Бальзак), «ең жоғарғы сатысы» (Белинский) десек, асырып айтқан болмаймыз. Қазақ халқының «өнер алды – қызыл тіл» деген тұжырымы да тегіннен-тегін тумаған. Максим Горький 1912 жылы И.Д. Сургучевқа жазған хатында Русьтағы ең жауапты және қиын қызмет – патшаның қызметі емес, әдебиетшінің қызметі деген еді. «Егер әдебиетші өзін шын мәнінде әдебиетшімін деп сезінсе, тек қана әдебиетші қалпында қалуын» талап еткен болатын. Өйткені, әдеби дарын – қолдан жасалмайтын, өзіңде жоқ болса, өзгеден қарызға ала алмайтын, таптырмайтын өнер. Ақындық, жазушылық оқу деген оқу да жоқ. Сондықтан да біздің әдеби орта дарынды тәрбиелеп өсіруге айрықша төзіммен, аса зейінді қамқорлықпен қарағаны ләзім... Осындай пікірімен-ақ жас Қабдолов әдебиет теориясының одақ көлеміндегі аты мәшһүр сайыпқыран саңлақ сыншысына айналды. Өзіне де, өзгеге де талап қоя білді. Ұлы ұстазының сұлу білім деп тұрған тұжырымын сөзбен емес, іспен дәлелдеді. Әдебиет теориясы – оның тарихы мен сынынан гөрі өзге өрістің зерттеу объектісі: қазақ әдебиетінің тек өзіне ғана тән тарихы мен сыны бар, бірақ өз алдына жеке-дара теориясы жоқ. Орыс пен ағылшын, неміс пен француз, өзбек пен қырғыз әдебиет теориясы... бәрінде де солай. Әдебиеттің теориясы нәсіл таңдамайды, ұлтқа бөлінбейді, ел-елдің бәріне бірдей ортақ. Бұл тұжырым біздің алдымызға екі түрлі дилемма қойды. Біріншіден, біз өзімізге дейінгі әдебиет теориясын толғайтын еңбектерді қолдан келсе – түгел, келмесе түгелге жуық оқып, танып, біліп алуымыз керек; екіншіден, өз еңбегімізді солардың ешқайсысына ұқсатпай, тек өзімізше ғана жазуымыз керек деп пайымдады жас ғалым. Кеңқолтық қазақтың шүйкедей ауылынан келіп... 1955 жылы Қазақ ұлттық университетіне түстім. Ол кезде Алматы тып-тыныш, кірсіз көйлектей таза болатын. Жалғыз туфлиімізді жаңбыр жауса, қолтығымызға қысып алып жалаңаяқ жүгіруші едік. Еліміздің түкпір-түкпірінен өңкей өрімдей жас білімге сусап келдік. Алматыны армандап келдік. «Өмір қайығын қай арнаға саламыз» деп ой түбінде жүрегіміз лүпілдеп отырғанда – аймаңдайы жарқырап өзі де сұлу, сөзі де сұлу, сырбаз, маңғаз Қабдолов алдымыздан шыға келді. «Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық» дегендей, жүрегіміз аттай тулап, бойымызды қуаныш кернеген біздерге университеттің табалдырығын алғаш аттаған күні тұңғыш лекция оқыған кісі Зейнолла Қабдолов еді. Әдемі киінген, өзі де әдемі, сөзі де әдемі, табиғатынан мінсіз сұлу жаратылған ағамыздың лекциясын ынтығып тыңдайтынбыз. «Жайық қызы» дейтін әні жұрттың аузында жүрген кез еді. Зейнолла ағаның сабаққа келе жатқанын көрген сәттен-ақ аудиторияның есігін ашып қойып, бәріміз қосылып: Шіркін-ай, ойда-жоқта болдым да кез, Жайықта бір қыз көрдім қарақат көз. Асыққан балықшы екен, амалым не, Қалдым-ау ести алмай бір ауыз сөз, – деп әнге салатынбыз. Мұнымыз біздің ұстазымызға деген ыстық ықыласымыздан туатын шәкірттік сүйіспеншілік еді. Сөйтсек: сол кезде көзімізге кексе көрінетін Зекең 28 жаста-ақ екен ғой! Осының алдында ғана Орталық партия комитетінің сектор меңгерушісі болып істеген. Ақынжанды кісі деп естігенбіз. «Әдебиеттануға кіріспе» деген пәннен дәріс оқыды. Әрбір сөзі асыққа құйғандай. Таудан құлаған селдей екпіндетіп сөйлейді. Батырлар жырынан, қазақтың халық әнінен төгілдіріп жатқа айтады. Аузымыз ашылып тыңдаушы едік. Тереңдігіне таңқаламыз. Сонша көп біле тұрып паңсынып, тәкаппарсып кетпейтін. Көл дариядай кеңдігі ғажайып болатын. Зейнолла Қабдоловтың бекзаттығы – үлкен әңгіменің арқауы. Ешкімді ешқашан жерге, руға бөлмейтін. Бәрімізді де бауырындай көретін. Талай мәрте ғылыми ойдың қарашаңырағы – Ғылым академиясында, көркем ойдың ордасы – Жазушылар одағында ұшырасып қалып сәлемдесіп, сөзін тыңдадым, ықыласын таныдым. Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ.(жалғасы бар)