17 Наурыз, 2016

Қуатты өнеркәсіп орталығына айналған өңір

305 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
16-03-01.Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Павлодар облысына жұмыс сапарымен барды. Елбасы сапар аясында бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады. Солардың бірі – «B.B.NURA» ЖШС нефрология және эфферентті терапия орталығы. Нұрсұлтан Назарбаев онда медициналық палаталарды аралап, орталық қызметінің негізгі бағыттарымен танысты. Елбасының нысандарды аралау сәтінде облыс әкімі Қанат Бозымбаев қасында еріп жүрді. Медициналық мекеме елдегі 25 аппараты бар ірі диализдік орталық болып саналады және бүйрек қызметінің жеткіліксіздігінен зардап шегіп отырған науқастарға толық нефрологиялық көмек көрсетуге мамандандырылған. Аталған орталық 2015 жылғы қазан айында іске қосылған болатын. Құны 337,7 млн. теңгені құрайтын жоба бүгінде қырық шақты адамды жұмыспен қамтып отыр. Онда жыл сайын диализбен 100 адам ем ала алады. Жоба мемлекеттік-жеке­мен­шік әріптестік шең­берін­де жүзеге асырылған. Орталықта созыл­малы бүйрек жетіс­пеушілігіне шал­дық­қан науқастарға диаг­ноз қоюдан бастап бүйрек алмастыруға дейінгі кезеңдер бойынша қызмет көр­сетіледі. Транс­плантациядан кейінгі кезеңде сауықтыру қызметі қоса атқарылады. Эфферентті терапияның жаңа әдістері енгізілуде. Сондай-ақ, халықаралық сапа стандарттарын қамтамасыз ету, нефрологиялық қызметтің толық циклын құру, отандық денсаулық сақтау саласына әлемдік көшбасшылардың инвестицияларын тарту бү­гінде бұл орталықтың басым мақсат­тарының бірі болып отыр. Елбасы орталық жұмысымен танысқан соң еңбек ұжымы өкіл­дерімен және облыстың медицина қызметкерлерімен әңгімелесті. Нұрсұлтан Назарбаев сөз арасында халықтың тұрмысын жақсарту үшін денсаулық сақтау саласын дамытудың маңыздылығын айрықша атады. «Өткен жылдар ішінде Қазақ­станда 1300 денсаулық сақтау нысаны салынды. Соның арқасында 10 жылда өмір сүру ұзақтығы 72 жасқа дейін ұзарды. Дағдарысқа қарамастан, 1 қаңтардан бастап біз медицина қызметкерлерінің ең­бек­ақысын 28 пайызға көтердік. Бұл орталықтың мемлекет-жекеменшік серіктестігі арқылы салынғаны өте маңызды, мен бұл бағытты қолдаймын. Жұмысқа қажетті жағдай жасалуда, ал дәрігерлер елдің игілігіне қызмет ету үшін өз біліктіліктерін арттыруы тиіс», – деді Мемлекет басшысы. Мекеме қызметкерлері ден­саулық сақтау саласын дамытуға көңіл бөліп отырғаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтты. Соңында Нұрсұлтан Назарбаев жиналғандарға табыс пен бақ-береке тіледі. Павлодар – денсаулық сақтау саласының дамуына айрықша көңіл бөліп отырған өңірлердің бірі. Оның жарқын мысалы ретін­де өткен жылдың соңында Прези­денттің тапсырмасымен облыстық перинаталдық орталықтың ең заманауи құралдармен жаб­дық­талған 100 орындық жаңа корпусы пайдалануға берілгенін айтуға болады. Таяу уақыттары жаңа перинаталдық орталықтың ашылуы жоспарланып отыр. Орталықта 9300 ана ем алып, 5800 сәби дүниеге келсе, енді жылына 13 мың анаға жоғары сапалы медициналық көмек көр­сетуге және 8 мың сәбидің дүние­ге келуіне мүмкіндік туады. Об­лыстың ауылдық аудандарында 7 дәрігерлік амбулатория салынды. Ал жоғарыда аталған нефрология және эфферентті терапия орталығы өңірдің ғана емес, бүкіл республика көлеміндегі айрықша медициналық жетістік болып отыр. Президент Нұрсұлтан Назарбаев, сондай-ақ, жұмыс сапары барысында Павлодар арнайы экономикалық аймағында орналасқан «УПНК-ПВ» мұнай коксын қыздыру зауыты» ЖШС-не атбасын бұрды. Мемлекет басшысы зауыт жұмысымен танысып, Елбасына индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылу барысы мен «Павлодар» арнайы экономикалық аймағының жұ­мысы туралы баяндалды. Қа­зір­гі уақытта «Павлодар» арнайы эко­но­микалық аймағында 4 кәсіп­орын жұмыс жүргізуде, тағы 8 жоба жүзеге асырылудың түрлі кезең­­інде тұр. Таяу арада бірқатар жаңа нысандарды, соның ішінде агро­хи­миялық өнімдер, жағармай мате­риалдары өндірістерін, сон­дай-ақ, химия-металлургия ке­шенін іске қосу жоспарланып отыр. Елбасы «УПНК-ПВ» ЖШС жұ­­мыс­шыларымен, шағын және орта бизнес өкілдерімен кездесті. Әңгі­ме барысында Мемлекет бас­шысы елдің индустриялық дамуын­дағы өңірдің елеулі рөлін атап өтті. «Павлодар – Қазақстанның қуат­ты өнеркәсіп орталығы. Сіз­дер жұмыс істейтін өндірістің маңы­зы өте зор, өйткені, ол осында өн­дірілетін өнімді сырттан импорттаудан құтқарды. Енді оны өзіміз экспорттаймыз. Электролиз зауыты өзіміздегі мұнай коксы арқылы жұмыс істейді, ал сіздер осындай алдыңғы қатарлы кәсіпорында еңбек етесіздер. Қазақстанды индустрияландыру дегеніміз – осындай кәсіпорындар салу», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті электр энергетикасында көмір қол­да­натын біздің ел үшін ауаға тарайтын зиянды заттарды тазарту және экологияны сақтау аса маңызды мәселе екенін де айтты. Зауыттың жас мамандары өз кезе­гінде Елбасына елдегі жасал­ған жағдай үшін алғыстарын айтты. Өздерінің Президенттің «Бо­­ла­шақ» бағдарламасымен шетел­де оқуға мүмкіндік алып, қазіргі күні туған елдерінде еңбек етіп жат­қандарын мақтанышпен жеткізді. 16-03-04. 16-03-06Мұнай коксын қыздыру зауыты 2015 жылдың желтоқсанында іске қосылған болатын. Құны 22,975 млрд. теңге болатын өндіріс ошағы 2015-2019 жылдарға арналған «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша өңірлік индустрияландыру картасына енгізілген. Кәсіпорын өндірістегі газ қалдықтарының жылуы есебінен өзін өзі толықтай электр энергиясымен қамтамасыз етеді. Павлодар мұнай-химия зауытында өндірілетін мұнай қалдығы, яғни кокс бұған дейін Ресей­дің кәсіпорындарына сатылатын. Ал Қазақстан алюминий зауыты қанатты металды бал­қытуда қолданылатын анод блок­тарын ресейлік және қытай­лық өндірушілерден сатып алып отырған. Енді өзіміздің кәсіп­орын «жоғымыздың» орнын тол­­тыр­мақ. Коксты қыздыруға арнал­ған зауыт­ты Қытайдың NFS халық­аралық түсті металлургия инже­нерлік-құрылыс компаниясы жоба­лаған. Негізгі тұтынушы «Қазақ­стан электролиз зауыты» АҚ бол­ғанымен, оның өнімі енді Қытай және Ресейдің алюминий өнер­кәсібімен айналысатын кәсіпорын­дарына да экспортқа шығарылмақ. Ірі кәсіпорын 309 адамға жұ­мыс орнын ашты. Жобаның қуаты бірінші кезеңде жылына 140 мың тонна болса, екінші кезеңде 280 мың тонна болады деп күтілуде. Яғни, аталған жоба өңірдің ин­дус­триялық қуатына айрықша серпін қосатын экономикалық нысан болып отыр. Павлодар облысы – елдің индус­триялық дамуына айрықша үлес қосып отырған өңірлердің бірі. Мәселен, статистикалық деректер­ге сүйенсек, облыс бойынша Ин­дус­трияландыру картасының бірінші бесжылдығына енгізілген кәсіп­орындар 180 млрд. теңгенің өнімін өндіріпті. Экспорт көлемі 100 млрд. теңгеден асқан. Енді бас­талған екінші бесжылдықта об­лыста инвестициялардың жалпы көлемі 443,2 млрд. теңгені құрайтын жаңа нысандар тізбесі қосылған. Жыл қорытындысында бұл кәсіпорындар құны 40 млрд. теңге болатын өнімді сыртқа шы­ғар­ған. Бұл күндері 800 млрд. теңгеден астам қаржы салынған 20-дан астам жоба іске асырылуда. Биыл құны 25 млрд. теңге тұратын 11 жоба жоспарлануда. Олардың ара­сында теміржол белдіктері мен дөңгелек жұптарын шығару, энер­гетикалық машина жасау өндірісі, агрохимиялық өнімдерді шығару, екі өнеркәсіп жылыжайы бар. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың кеше Павлодар облысына жұмыс сапары түстен кейін бастал­са да үш бірдей нысанды аралап үлгерді. Айталық, Мемлекет бас­шысы Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының жаңа жатақханасына барды. Ел Пре­зидентін студенттер зор қуаныш­пен қарсы алды. Қазақстан Прези­денті жатақханада күнделікті тұрмыс пен демалыс үшін барлық жағдай жасалғанын көрді. Соған орай, Нұрсұлтан Назарбаев респуб­ликада жастарды қолдау мен олар­дың білім алуы мәселелеріне ұдайы көңіл бөлінетінін, соның ішін­де бұл жұмыс «Серпiн-2050» мемле­кеттік бағдарламасы аясында да атқарылып жатқанын атап көр­сетті. Жатақхана жастары Пре­зи­денттің өмір жолын өздеріне үлгі тұтатындарын айтып, «Болашақта Сіз сияқты елге еңбегімізді сіңіруге барымызды саламыз» десті. 500 адамға арналған пәтер үлгі­­сіндегі жатақхана 2015 жылы ашылған. Онда «Серпін» бағдар­­ламасы бойынша оқитын 300 студент тұрады. Ғимаратта дема­луға арналған бөлмелер, медицина кабинеті, жаттығу залы, жеке заттарды сақтайтын қойма, техни­калық орынжайлар және мүмкін­дігі шектеулі студенттер үшін арнайы жабдықталған бөлмелер бар. Елбасының Павлодар облысына жұмыс сапары бүгін әрі қарай жалғасады. Нұрсұлтан Назарбаев­тың республикалық еңбек ұжым­дары форумына қатысуы жоспар­ланған. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан». Павлодар облысы.