17 Наурыз, 2016

«Қазақ аруы – 2016» анықталды

746 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
ERA_8360Республика бойынша 600-ге жуық бойжеткен қатысуға ниет білдірген «Қазақ аруы – 2016» байқауы кеше өз мәресіне жетті. Еліміздің түкпір-түк­пірінен таңдалған 21 бойжеткен бағын сынап, барын салды. Белгілі продюсер Баян Есентаеваның бастамасымен алтыншы жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған «Қазақ аруы» байқауына көрік-келбеті мен ақылы үйлескен сұлу қыздар қатыс­ты. Олардың әрқайсысы сұлулық пен тәрбиені бойына қатар сіңіріп, хал­қымыздың асыл құндылықтарын ардақтай білген арулар. Үміткерлердің ішінде біреуінің әні, біреуінің сәні басым түсіп жатты. Оңтүстік өңірінен келген Қа­зы­на Абдрах­манның ағылшын тілін­де шырқаған әсем әні көпшіліктің кө­ңі­лін баурап алды. Сонымен, Ақмола, Қарағанды және Оңтүстік Қазақстан облыстарының намысын қорғап келген 21 үміткердің ішінен ақтық кезеңде Альмира Ахатованың бағы жанып, «Қазақ аруы – 2016» атағын еншіледі. Өзінің сымбатымен де, өнерімен де өзгелерден озық көрінген Альмираға «Kazyna Gold» зергерлік компаниясы ұсынған тәж тарту етілді. Парламент Сенатының депутаты Бір­ғаным Әйтімова, белгілі тележүр­гізу­ші Айгүл Мүкей, отандық опера жұлдызы Майра Мұхамедқызы, дизайнер Аида Қауменова, ақын Несіпбек Айтұлы, «Хабар» телеарнасының бағдарламалар өндірісі дирекциясының бас продюсері Ринат Кертаев, Астана қ­аласы мәдениет басқармасының бас­тығы Болат Мажағұлов, «Қазақ аруы-2014» байқауының жеңімпазы Гүлназ Жоланова, байқаудың авторы әрі бас продюсері Баян Есентаева қазылық еткен биылғы байқау жоғары деңгейде өтті десек болады. ERA_8021   ERA_7567 Рауан ҚАЙДАР, «Егемен Қазақстан». Суреттерді түсірген Ерлан ОМАРОВ.