Республика бойынша 600-ге жуық бойжеткен қатысуға ниет білдірген «Қазақ аруы – 2016» байқауы кеше өз мәресіне жетті. Еліміздің түкпір-түкпірінен таңдалған 21 бойжеткен бағын сынап, барын салды.
Белгілі продюсер Баян Есентаеваның бастамасымен алтыншы жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған «Қазақ аруы» байқауына көрік-келбеті мен ақылы үйлескен сұлу қыздар қатысты. Олардың әрқайсысы сұлулық пен тәрбиені бойына қатар сіңіріп, халқымыздың асыл құндылықтарын ардақтай білген арулар.
Үміткерлердің ішінде біреуінің әні, біреуінің сәні басым түсіп жатты. Оңтүстік өңірінен келген Қазына Абдрахманның ағылшын тілінде шырқаған әсем әні көпшіліктің көңілін баурап алды. Сонымен, Ақмола, Қарағанды және Оңтүстік Қазақстан облыстарының намысын қорғап келген 21 үміткердің ішінен ақтық кезеңде Альмира Ахатованың бағы жанып, «Қазақ аруы – 2016» атағын еншіледі. Өзінің сымбатымен де, өнерімен де өзгелерден озық көрінген Альмираға «Kazyna Gold» зергерлік компаниясы ұсынған тәж тарту етілді.
Парламент Сенатының депутаты Бірғаным Әйтімова, белгілі тележүргізуші Айгүл Мүкей, отандық опера жұлдызы Майра Мұхамедқызы, дизайнер Аида Қауменова, ақын Несіпбек Айтұлы, «Хабар» телеарнасының бағдарламалар өндірісі дирекциясының бас продюсері Ринат Кертаев, Астана қаласы мәдениет басқармасының бастығы Болат Мажағұлов, «Қазақ аруы-2014» байқауының жеңімпазы Гүлназ Жоланова, байқаудың авторы әрі бас продюсері Баян Есентаева қазылық еткен биылғы байқау жоғары деңгейде өтті десек болады.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан».
Суреттерді түсірген
Ерлан ОМАРОВ.