Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде «Атамекен» ҰКП АӨК комитеті хатшылығы хатшысының орынбасары Дінмұхамед Әбсаттаров баспасөз мәслихатын өткізді. Ол ауыл шаруашылығы саласында құрылып жатқан кооперативтер мен ауылды жерлердегі бизнесті дамытуға қатысты мәселелер жөнінде әңгімеледі.
Биыл жыл басында ауылшаруашылық кооперативтеріне қатысты заң күшіне енгенін айтқан спикер, бұл шара саланың дамуына тың серпін беретінін жеткізді. «Осы заң күшіне енген соң Мемлекет басшысының тапсырмасына орай, «Атамекен» ҰКП ағымдағы жылдың өзінде 100 кооператив ұйымдастыруды мақсат етіп отыр. Оның 11-і Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесе отырып, қанатқақты жоба ретінде құрылады. Саланың маңыздылығына орай, палата басшылығының бекітуімен басым бағыт болып отырған шара мүмкіндігінше тезірек жүзеге асырылады. Осыған орай жергілікті жерлердің бәрінде кәсіпкерлер палатасының арнайы өкілдері жұмыс істейтін болады. Олар кооперативтердің жөн-жорығымен қатар, оны әрі қарай дамыту жолдары жөнінде заңдық кеңес беріп отырады», деді.
Жобаны қолға алмас бұрын Ұлттық кәсіпкерлер палатасының мамандары бірқатар жұмыс атқарған. Мәселен, үш бағытта зерттеу жұмыстарын жүргізген. Оның біріншісі – ішкі нарықты зерттеу. Елімізде кең тараған «Рамстор», «Арзан», «Магнум», «Метро» сынды сауда орындарының басшыларымен кездесіп, олардағы мәселелерді егжей-тегжейлі анықтадық. Екінші, ауылшаруашылық тауарларын өндіріп отырған кәсіпорындардың қандай қуаттылықта жұмыс істеп тұрғанын зерттедік. Үшінші, ауыл тұрғындарымен кездесіп, мұң-мұқтажын тыңдап, олардың өнімін арттыру жолдарын талқыладық. Жалпы, жыл басынан бері алты өңірді аралап үлгердік. Олар – Алматы облысы, Алматы қаласы, Ақтөбе, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстары. Шамамен 50-шақты ауданда болып, барлық ауылдарға атбасын тіреп, ауыл тұрғындарымен жүзбе-жүз кездесіп қайттық. Олардың көбісін елімізде отандық тауар өндірушілердің тауарлары нарықта көптеп сатылмайтындығы алаңдатады екен», деді спикер.
Оның айтуына қарағанда, отандық өнімдермен ішкі нарықты толық қанағаттандыру үшін бірқатар күрделі мәселелер бар көрінеді. Палата мамандары үлкен сауда желілерімен кездесіп, мәселені талқылағанда, отандық тауар өндірушілер сауда орталықтарын жыл бойы, яғни 362 тәулікте үздіксіз қамтамасыз етіп отыруға қабілетсіз екені айтылған. Тіпті, Алматыдағы ірі сүт өнімін өндіруші зауыттардың өзі қыс мезгілінде тек 20 пайыздық қуаттылығымен ғана жұмыс істеуге мәжбүр екен. Себебі, шикізат жеткіліксіз. Ал жаз, күз айларында қор жинауға сапалы қоймалар жоқтың қасы. Картоп және де басқа көкөніс өнімдерімен де ірі сауда желілерін жыл он екі ай толассыз қамтамасыз ету мүмкін емес көрінеді. Себебі, жаздың соңы мен күз айларында арзан бағаға ағылатын бақша өнімдері қыс айларында шарықтап қымбаттауы ықтимал. Мұндағы мәселе де арнайы қоймалардың тапшылығына байланысты орын алады.
Д.Әбсаттаров саладағы көптеген түйінді мәселелер жөнінде айта келіп, аталған заң осының бәрін реттейтінін және ауыл шаруашылығының серпінді дамуына жол ашатынын жеткізді.
Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,
«Егемен Қазақстан».