Күн өткен сайын Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар сайлаулары жақындап келеді. Сайлаудың заңды және әділ өтуі басты назарда ұсталуда.
Кеше «Қазақстан Республикасындағы сайлауды байқау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссия» республикалық қоғамдық бірлестігі Ақтөбе облыстық орталығында алда болатын сайлау науқанында байқаушылардың жұмысына байланысты екінші мәрте брифинг ұйымдастырды. Брифингке қала, аудандардан байқаушылар, БАҚ өкілдері қатысты.
Басқосуда сөз алған облыстық орталық жетекшісі Халел Құсайынов байқаушылардың дені бұрынғы өткен сайлауларға байқаушы ретінде қатысқан тәжірибелі адамдар – қоғамдық ұйымдар өкілдері, ғалымдар, оқытушылар, облыс жастары екенін тілге тиек ете келіп, оларға байқаушылар үшін әдістемелік құралдар, жадынамалар табысталғанын жеткізді.
Облыс бойынша 526 сайлау учаскесі құрылған, оның ішінде 133-і қала аумағында, қалған 393-і аудандарда орналасқан. Барлық сайлау учаскелері сайлау науқанына дайын, Қазақстан заңдары аясында жұмыс жасауда. «Штабтың 11 мүшесі бар. Сайлаудың әділ де шынайы өтуін 530 байқаушы қадағалайтын болады. Аудандарда селекторлық жиналыстар және барлығы 11 семинар-тренинг өткізілді. Оларда сайлауды байқаушылардың негізгі міндеттері мен құқықтары түсіндірілді. Соның біріне «Қазақстан Республикасындағы сайлауды байқау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссия» РҚБ төрағасының орынбасары Әділ Ахметов қатысты, партиялардың облыстық филиалдары штабының басшыларымен кездесіп, сайлауалды науқан барысы, сайлауға қоғамдық байқау ұйымдарының қатысуының маңыздылығы жөнінде әңгімеледі», – деді орталық жетекшісі Х. Құсайынов.
Ол сайлау күніне дейін әлі де бірнеше семинар өткізілетінінен хабардар етті. Осы кезге дейін сайлау науқанын ұйымдастыру бойынша ешқандай ескертулер мен ұсыныстар және саяси партиялар немесе мәслихаттарға кандидаттардың сайлауалды үгіттерін жүргізу барысында құқық бұзушылықтар дерегі туралы арыз-шағым түспегенін айтты. Оның мәлімдеуінше, облыс тұрғындары тарапынан Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар сайлауларына үлкен қызығушылық байқалады.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы.
Суретті түсірген
Хайреден РАУШАНОВ.