17 Наурыз, 2016

Байқаушылар іс-қимылы пысықталды

246 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Талдықорғандағы Журналистер үйінде Қазақстан Республикасындағы сайлауды байқау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссиясы Алматы облыстық филиалының төрағасы Әділғазы Есмұрзанов журналистермен баспасөз брифингін өткізді. Онда Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарын сайлауды қадағалау барысында атқарылатын жұмыстар мен дайындық мәселесі баяндалды. Алматы облысында 931 сайлау учаскесі болса, соның ішінде әскери бөлімдер секілді байқаушыларды кіргізбейтін 50 жабық сайлау учаскесі тағы бар. Жалпы, филиал тарапынан Талдықорған қаласындағы 51 байқаушының басын қосқан семинар және Ескелді, Көксу, Қаратал аудандары мен Текелі қаласынан құралған 124 байқаушымен көшпелі семинар өткізіліпті. Сондай-ақ, облыстық әкімдіктің кіші залында онлайн режіміндегі бейнесеминарда 881 байқаушының басы қосылған. Филиал байқаушылары барлық сайлау учаскелерінде тіркелген. Егер қандай да бір келеңсіздік, түсініспеушілік туындап жатса, байқаушы міндеті дереу фотосуретке немесе бейнетаспаға түсіріп алуы керек. Сол жағдайды комиссия төрағасына ескертіп, сайлау ережесіне сәйкес акт толтырып, жеке қолдарын қойып растап, іс қағазына тіркетеді. Қоғамдық негізде жұмыс істейтін әр байқаушыға 20 наурыз күні таңертеңнен кешке дейін сайлау учаскесінде болғаны үшін бір күнге 4 мың теңгеден ақы төленетіні де айтылды. Сайлау заңнамасы бойынша әр сайлаушының жеке куәлігі арқылы бір дана бюллетень беріледі екен. Бір адамға бірнеше бюллетень беру заңсыздық болып саналады. Брифингте журналис­тер тарапынан қойылған өзге де сұрақтарға филиал басшысы жауап берді. Нұрбол ӘЛДІБАЕВ, «Егемен Қазақстан». Талдықорған.