қырғыз қазақтарының сүйікті әніне айналды
Өткен жексенбі күні Бішкек қаласында Т.Сатылғанов атындағы Қырғыз ұлттық филармониясында салтанатты концерт болды. Ол Қырғыз Республикасының Тарих және мәдениет жылына орай Наурыз мерекесіне және Қырғызстан қазақтары қауымдастығының төрағасы Еркін Бөлекбаевтың 55 жылдығы мен халықаралық байқаулардың лауреаты, әнші Ержан Мусиннің шығармашылығына арналды. Оған Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев бастаған қазақстандық делегация арнайы барып қатысты.
Қырғыз қазақтары қауымдастығы ұйымдастырған бұл шара Қырғыз Республикасының Тарих және мәдениет жылына орай өткізілген алғашқы мерекелік жиын болды. Ән әуелеп, күй күмбірлеп, мың бұрала билеген қыз-жігіттердің өнерін тамашалауға халық көп жиналып, филармония залын лық толтырды. Онда тек Қырғызстан ғана емес, Қазақстаннан да бірқатар өнер шеберлері арнайы келіп, өз өнерлерін паш етті. Салтанатты шара соңында сөзін Қиялбек Урманбетов жазып, Назарбак Байжігітов қазақшалап, Рафаэль Сарлықов әнін шығарған «Алаш балалары» алғаш рет орындалып, ол Қырғызстан қазақтары қауымдастығының сүйікті әні деп жарияланды.
Алаш балалары
Қазақпын Алатауда тұрып қалған,
Биікте асқақ көрініп.
Егіздей байқаламыз ұлттардан,
Тіліміз бірге өріліп.
Әуезов жалындаған жүрек болып,
Біздерге жарық шашқандай.
Айтматов рухымызға тірек болып,
Біздерге ашық аспандай.
Қайырмасы:
Қазақстан менің жүрегімде,
Тілегім ортақ екі елге.
Қырғызстан қымбат бұл өмірде,
Айналған біздің мекенге,
Алмаспан ешбір шетелге!
Алаштың ұрпағы боп тарадық біз,
Айырма бізден сезілмей.
Әуелден жүрегі бір қазақ-қырғыз,
Домбыраның екі шегіндей.
Қайырмасы:
Жанасып жұлдыздарға аспан елім,
Биіктен осы түспегін!
Маңдайда жанып тұрсын қос жанарым:
Астана мен Бішкегім!
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,
журналист.
БІШКЕК.