Қарқаралы ауданындағы Қайнарбұлақ ауылында тұратын Айгүл Нұрхасенова бес баланың анасы. Күйеуі қайтыс болып, қиындықтың зарын ерте тартқан жан. «Жұт – жеті ағайынды» деген емес пе, азаматынан айырылып, аза тұтып жүргенінде үйі өртеніп кетіп, қайғысының үстіне қайғы жамалды. Сөйтіп, бір күннің ішінде бес баласымен далада қалған жайы бар еді...
Барар жер, басар тауы қалмаған Айгүл амалдың жоқтығынан Қарқаралы ауданының әкімі Халел Мақсұтов Қайнарбұлаққа, тұрғындар алдында есеп беруге келгенде өз басындағы жайтты жайып салған болатын. Бұл мәселені аудан әкімі аяқсыз қалдырмай, жамағатқа қолдан келгенше көмек көрсетулерін өтініп, үн тастаған еді. Жетімі мен жесірін жылатпаған ел емес пе, Айгүлдің басындағы ауыр жағдайға бейжай қарамаған аудан халқы жылу жиып, аз ғана уақыттың ішінде ортаға қомақты қаржы түсірді. Өз кезегінде бұл ақша ауылдағы бес бөлмелі еңселі үйді сатып алуға мүмкіндік берді. Сөйтіп, бірлігі жарасқан елдің арқасында Айгүл Нұрхасенова бір күннің ішінде баспаналы болып шыға келді.
Ауыл тұрғындарының атынан ардақты ана Қапиза Омарбекқызы атқа мінген азаматтарға шын жүректен алғыс айтты. «Осындай игі шараны жүзеге асыруға мұрындық болған аудан әкімі Халел Мұқатайұлына, ауыл әкімі Қизат Жәукенұлына, қолдан келгенше көмектескен халайыққа аналық алғысымды білдіремін. Айгүліміздің шаңырағы құтты болып, іші шаттыққа толсын, бақ-береке қонсын!» – деп алғыс жаудырды ардақты ана.
Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан».
Қарағанды облысы,
Қарқаралы ауданы.