Майра Мұхамедқызы сүйікті халқына ән шырқап береді
Майра Мұхамедқызы Бейжің, Гонконг, Париж, Ыстамбұл, Дели, Сеул және әлемнің басқа да көптеген қалаларының әйгілі сахналарында ән шырқаған өнер жұлдызы. 22 наурызда опера әншісі қазақстандықтар алдында өнер көрсетеді. Майраның айтуынша, оның жүрегі мен жан дүниесі сүйікті халқына тиесілі. «Шырқар әнім – Астана көктемі» атты ғажап концерт «Астана Опера» театрының Үлкен залының сахнасында өтеді.
Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, П.Чайковский атындағы ХI Халықаралық конкурстың жеңімпазы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Майра Мұхамедқызы өзінің дос-жарандары мен әріптестері: Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Татарстанның еңбек сіңірген әртісі Нұрлан Бекмұхамбетов (тенор), Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері: Дина Хамзина (меццо-сопрано), Медет Шотабаев (тенор), Сүндет Байғожин (баритон), сонымен қатар Рамзат Балакішиев (тенор), Талғат Ғалеевпен бірге (баритон) ариялар, дуэттер және қазақтың халық әндерін орындайды. Концертке балет әртістері, «Астана Опера» хоры мен симфониялық оркестрі қатысады.
Дирижер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов, бас хормейстер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов.
– Мен сахнада 20 жыл ән шырқап келемін. Бүгінде армандаған рөлдерімнің барлығын орындап шықтым. Дегенмен менде тағы үлкен арман бар, ол – Ковент-Гарден, Метрополитен-опера театрларында өнер көрсету. Бұл концерт – шығармашылықты қорытындылау емес, тек жаңа белестің бастауы. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сыйлаған тамаша «Астана Опера» театрында менің екінші тынысым ашылғандай. 22 наурызда мен өз халқыма жаңа ұжыммен бірлесіп дайындаған бағдарламаны ұсынамын. Концертке дайындық кезінде біз концертмейстерім Елена Сахномен көп және табанды жұмыс істедік, вокалдық шеберлікті ұштап, кейбір ерекшеліктерін жақсылап пысықтадық. Осы кештен тыңдарман нағыз ләззат алғанын қалаймын, – дейді Майра Мұхамедқызы.
«Егемен-ақпарат».